Мәдениет

Тамаша танго кеші

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы бір сахнада скрипка, виолончель, баян және фортепиано аспаптары тоғысқан «Танго кеші» концертін ұйымдастырды.

Бұл кеште танго әндері шыр­қалып, би қойылды, сондай-ақ аспаптық өңдеудегі шығармалар да орындалды. Кештің қызықты өтуі үшін көрермендерге тангоның қысқаша тарихы туралы ақпарат берілді. Қазақстандық шоу-бизнес жұлдызы Заттыбек Көпбосынұлының «Жаным» туындысы композитор Әділжан Толықпаевтың танго стилінде қайта өңделіп, тыңдармандарға ерекше әсер сыйлады. Кештің соңғы кульминациясы ретінде театрландырылған қойылымда El Tango De Roxanne әні мен биі ұсынылды.

Концерттік бағдарламада ХХ ғасырдағы танго әлемінің атақты композиторларының бірі Астор Пьяццолланың «Қыс», «Обли­вион» және «Либертанго» шығармалары, сондай-ақ француз композиторы Ришар Гальяноның «Нью-Йорк Танго» мен «Клодқа арналған танго» сияқты музыкалық туындылары орындалды. Сонымен қатар көрермендерге «Кумпарсита», «Әйелдің хош иісі», «Роксанно», «Либертанго» сияқты танымал классикалық танго әуендері әуеледі.

Saz&Soul тобының әртісі, халықаралық байқаулардың лау­реаты Самғар Толқынхан (баян), «Гүлдер» ансамблінің концертмейстері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Дана Молдағалиева (фортепиано), танымал композитор, мультиинструменталист, Saz&Soul тобының көркемдік жетекшісі Әділжан Толықпаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Әлмадиев, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің әртісі Заңғар Мүбараков, «Гүлдер» ансамблінің әртістері Әміре Нұрсәулет, Ақерке Батырбек, Камилла Шкибаева өнер көрсетті. Сондай-ақ халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары, Президенттік оркестрдің әртісі Еңлік Қасымбекова және «Астана Балет» ­театры оркестрінің әртісі Мәдина Рахманқұлова, әнші, I.MUSIC.U музыкалық жобасының негізін қалаушы nasiafromasia (Назия Әлжанова), кәсіби фингерстайл гитарист, Қытайдағы екі маңыз­ды халықаралық фингерстайл гитара жарыстарының жеңімпазы Мұрат Зайнула да сахнаға шықты.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button