Мәдениет

Тамсандырған қазақ арулары

түрік тілінде «сөйледі»

Астанада Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігі және Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының ұйымдас­тыруымен жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәрбану Бейсенованың түрік тіліне аударылған «Сүзгенің соңғы күндері» және «Бозоқ аруы» атты шығармаларының Қазақстандағы таныстырылымы өтті.

Іс-шараны Түркияның Қазақ­стандағы төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу мырза мен жұбайы Аху Капуджу ханым өз резиденциясында өткізді. Оған жазушы Шәрбану Бейсенова, шетелдік дипломаттар, жазушылар, қазақ және түрік ғалымдары мен әдебиетсүйер қауым қатысты. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, әдебиетші Жанат Әскербекқызы кештің модераторы болды. Әдеби-­танымдық кеште Түркия елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Зүлфү Томан, Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы, профессор, жазушы-драматург Роза Мұқанова, Назарбаев университетінің қазақ тілі және түркология кафедрасының оқытушысы, доцент Фунда Гүвен, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, PhD Хайрунниса Топчу баяндама жасап, жазушы Шәрбану Бейсенованың шығармаларындағы әйел кейіпкерлер туралы, заманның аласапыран сәттері, тарихи оқиғалар сөз болған кездерді кейіпкерлердің өмірімен байланыстыра отырып талдайды, пікір білдіреді.

Бозоқ бегім туралы махаббат баяны

2018 жылы жарыққа шыққан «Бозоқ аруы» кітабында қаламгер Астананың іргесіндегі ежелгі Бозоқ қаласына жүргізілген археологиялық қазба жұмысы кезінде табылған ару қаңқасына тіл бітіре отырып, елдік мәселенің иіріміне қатысты танымдық, тағылымды ойларды қозғайды. Бүгінгі елорда тарихы кешелі беріден емес, ежелгі дәуірлерде іргетасы қаланғанын, ортағасырлық Бозоқ қаласы – Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы – қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеген Бозоқ қаласын топырақтан аршыған археолог-ғалым Кемел Ақышевтің дәлелдерін, оның ішінде қазба жұмысы кезінде табылған әйел мүрдесінің екі жағына қойылған 800 інжу моншақтың табылуы мысалдармен айтылып, хикаят­тың басты кейіпкері Шырақбектің түсіне елес болып тіл қататын Інжу арасында дамиды. Шырақбектің прототипі Кемел Ақышев болса, Інжу 800 інжу маржанмен көмкерілген қыпшақ аруы еді. Жазушының «Ұлы дала арулары» жобасы аясында бұған дейін «Сүйінбике» кітабы жарық көрген болатын. «Бозоқ аруы» – аталған топтамадағы екінші кітап. Жазушы елорданың іргесіндегі ежелгі Бозоқ қаласына жүргізілген археологиялық қазба жұмысы кезінде табылған ару туралы деректі көркем шығармаға негіз етіп алған.

Сүзге ханым жайлы әфсана

«Сүзге ханымның соңғы күндері» шығармасында автор Көшім ханның орыс отаршылдарынан жеңіліске ұшырауы салдарынан әйелдерінің бірі Сүзгенің және қазақ қауымының басынан өткерген қасіретін тілге тиек етеді. Жазушы әңгімесін халық ауыз әдебиеті туындысы «Сүзге ханым» дастанының астарын баяндаудан бастайды. Осылайша, автор романды тарихи оқиғаға негіздей отырып, оқырманның шығарманың шынайылығына деген сеніміне ие болады. Сондай-ақ қазақ тарихын бай дерек көзі ретінде көруге мүмкіндік береді. Қазақ хандарының бірінің қызы екені баяндалған Сүзге ханым туған-туыс, отбасынан күш алады. Бұл жерде жазушы ойының Бабырнамедегі Бабырдың анасының (Юнус ханның қызы Құтлұқ Нигар Ханым) рөлі мен құдіретімен тұспа-тұс келетінін аңғартады. Автордың тарихтан алған білімі берік. Осылайша, жазушы тарихи тұлғаларды тоғыстырып, сол контексте әйел затының ерекше маңызын атап көрсетеді.

– Өзінің ар-намысы мен бос­тандығын ардақтайтын абыройлы әйел ретінде Сүзге ханым өзінің ұстанымымен, тектілігімен жан­айқайын алдымен әйелдерге, сондай-ақ барша жаңа ұрпаққа арнайды. Кітап кейіпкері Сүзге ханым өзінің күрескерлігімен, кішіпейілділігімен, халқына деген ауыр жауапкершілікті сезінуімен, күйеуіне және өз ұлтының құндылықтарына деген адалдығымен адамдарды теңіз толқынындай жаулап алып, оларды өз әлеміне жетектейді. Хикаяттан қазақ тарихының үзіндісін көре аламыз. Грозныйдың басқыншылығына тойтарыс берген Сүзгенің күйеуі Көшім хан өмірінің соңына дейін арпалыспен өткен азапты күресі, Сүзгенің қоршауда қалған шағын қамалында көрсеткен қарсылығы екеуі бірлесіп жан дүниемізде үлкен дауыл тудырады, – деді Түркияның Қазақстандағы елшілігінің мәдениет жөніндегі кеңесшісі Зүлфү Томан.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button