Елордада – елшілер

Дастан ДЮШЕКЕЕВ: «Тамырымыз да, тағдырымыз да бір»

Төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ пен қыр­ғыз – тамыры бір бауырлас халықтар. Іргелес жатқан екі елдің бастан кешкен тағдыры да бірдей. Өткен 30 жылда екі елдің экономика, мәдениет және гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы үздіксіз нығайды. Осы орайда Қырғыз Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дастан ДЮШЕКЕЕВ газет тілшісіне сұхбат берді.

[smartslider3 slider=1062]

– Қазақстанда демалыс өткізу сізге ұнай ма? 30 жылдағы тәуелсіз Қазақстанның даму жолына, өзгерістерге қандай баға берер едіңіз?

– Мен дипломатиялық миссиямды енді ғана бастадым. Қазір дем алуға көп уақыт жоқ. Демалыс күндері де үстемелеп жұмыс істеймін. Сондықтан Қазақстанда демалуға арнаулы уақыт шығара алған жоқпын. Екі рет Нұр-Сұлтандағы саябақтарды аралап шықтым. Сонда байқағаным, қала тұрығындарына, спортсүйер қауымға, велосипедшілерге өте қолайлы жағдай жасалған. Велосипед жолдары да өте тамаша. Демалыс күндері жұрттың бала-шағасымен сейіл-­серуен құруына өте ыңғайлы.

Тарихи қысқа мерзім ішінде Қазақстан халқы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен жоспарлы экономикадан бастап нарықтық экономикаға өту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, құқықтық және демократия­лық мемлекетті қалыптастыру, мемлекеттік егемендікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты одан әрі нығайту, Мемлекеттік құрылысты тереңдету сияқты қызметтің барлық салаларында зор табыстарға жетті.

Қазақ елінің құлшынысы мен жетістіктерін талдай отырып, Қазақстан Республикасы стратегиялық тұрғыдан дұрыс жолды таңдаған деп нық сеніммен айта аламын. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан әлемдік аренада стратегиялық маңызды елге және Орталық Азия өңіріндегі бірегей көшбасшыға айналды. Экономикасы дамыған 30 елдің қатарына қосылуға барлық күш-жігерін жұмсады.

Қазақстан көпжақты және бейбітшілікті сүйетін сыртқы саясат ұстанып, әлемнің 183 елі­мен дипломатиялық қатынас орнатты. Саяси, экономикалық, әлеуметтік, ғылым-техникалық және мәдени салалардағы бірыңғай мақсаттарға қол жеткізу үшін халықаралық қауымдастық құрған негізгі үкіметаралық ұйымдардарға мүше болды және БҰҰ, ЕҚЫҰ, ДСҰ, ИЫҰ (Ислам ынтымақтастығы ұйымы), ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО, ҰҚШҰ-мен ынтымақтастықты тереңдетті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының белсенді сыртқы саясаты мен халықаралық бастамаларының арқасында Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және Түркі Кеңесі сияқты ұйымдарды құруда қазақ елі негізгі рөл атқарды. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ЕҚЫҰ саммитін және дүниежүзілік көрмені өткізді.

Ел ішіндегі өзгерістер мен жетістіктерге тоқталсам, аса маңызды стратегиялық шешімдердің бірі ретінде Қазақстан Республикасының елордасын Нұр-Сұлтан қаласына көшіргенін атар едім. Қазір Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары миллион тұрғыны бар қала мәртебесіне ие болды. Бұдан басқа, Қазақстан барлық ұлттардың бірлігі мен тең құқылығы құндылықтары сақталатын және қолдау тапқан көпұлтты мемлекет болып табылады.

Қазақстанда спортқа көп көңіл бөлінеді. 28 жыл ішінде қазақстандық спортшылар 60-тан астам олимпиада жүлдесін жеңіп алды. Инвестиция тарту жағында соңғы 30 жылда Қазақстанға 300 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Қосымша 1250 жаңа жұмыс орны, 300 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Мұнан сырт, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы жетістіктердің бірі халыққа жеңілдетіліген шарттармен несие беру арқылы тұрғын үй мәселесін шешуге күш салды. Бұл да – үлкен жетістік.

– Сіздің ойыңызша, екі елдің қарым-қатынасы қандай деңгейге көтерілді? Алдағы уақытта қандай салалардағы ынтымақтас­тықты дамыту, басымдық беру қажет деп санайсыз?

– Екі бауырлас мемлекет арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 15 қазанда орнады. Сонымен қатар, екі ел арасындағы туысқандық қарым-қатынастар ұзақ уақыт бойы сақталып келе жатқанын атап өткім келеді. «Төсекте басы, төскейде малы қосылған» қыр­ғыз бен қазақ ежелден тонның ішкі бауындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Міне, осы қатынастар қазіргі кезеңдегі екіжақты ынтымақтастықты дамытудың негізгі факторы болып табылады және біздің халқымыздың арасындағы тарихи тағдырлардың ортақтығын дәлелдейді.

Тәуелсіздік жылдарында екіжақты қатынастардың берік іргетасы қаланды. Бүгінде екі ел арасында ешқандай аумақ­тық шағымдар мен саяси қайшылықтар жоқ. Бүгінгі таңда 180-нен астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомство­аралық құжаттарға қол қойылды. Сонымен қатар, қырғыз-қазақ ынтымақтастығының тұрақты дамуының жалпы стратегиялық, тұжырымдамалық тәсілдері мен бағыттарын айқындайтын «мәңгілік достық пен одақтастық қатынастар туралы шарты» жасалды. Екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен шынайы бауырластық қарым-қатынастарды орнатудағы Назарбаевтың тарихи рөлі де ерекше.

Қос мемлекет арасындағы одақтастық қатынастар мен стратегиялық әріптестік – Жоғары мемлекетаралық кеңес, Парламентаралық кеңес, Үкімет­аралық кеңес және Сыртқы істер министрлерінің кеңесі сияқты екі жақты органдар өз отырыстарында екі жақты қатынастардың жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ екі тарап та көңіл бөліп отырған өзекті мәселелерді қарайды, талқылайды. Сонымен қатар, жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер мен келіссөздер екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда маңызды рөл атқарады. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттер арасында көптеген іс-шаралар, түрлі деңгейдегі кездесулер өткізілді, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Биылғы басты оқиға Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапары болды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға 10 мың тонна ұн гуманитарлық көмек жіберуді ұйғарды. Осы жылдың шілде айында Қазақстан Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігіне гуманитарлық көмек ретінде «QazVac» вакцинасының 25 мың дозасын бергенін айырықша атап өткім келеді. Осындай көмек көрсеткені үшін Қазақстан халқына және Мемлекет басшысына зор алғысымды білдіремін.

Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қырғыз Респуб­ликасына сапары, сондай-ақ екі елдің Жоғары мемлекет­аралық кеңесінің, Парламентаралық кеңесінің, Үкіметаралық кеңесінің және Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырыстарын өткізу жоспарланған.

Біздің мақсаттарымыздың бірі – екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті дамыту негізінің бірі болып табылатын сауда-­экономикалық  ынтымақтас­тық. Қазақстан Қырғызстан үшін негізгі сауда серіктес саналады. Қырғызстан нарығында қазақстандық инвесторлар, бизнестік  құрылымдар мен кәсіпкерлер белсенді жұмыс істеуде. Біздің елімізде қазақ капиталының қатысуымен 300-ден астам кәсіпорын, ал Қазақстанда қырғыз капиталының қатысуымен 250-ге жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

2021 жылдың қаңтар-маусым айларында екіжақты тауар айналымының көлемі 495,6 млн долларды құрап, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,4 пайызға өсті. 2021 жылдың 1 тоқсанында Қазақстаннан тікелей инвестиция ағыны 8,1 млн долларды құрады. 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қырғызстан экономикасына құйылған қазақстандық инвес­тиция көлемі 8 пайызға артты.

Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары және 2021 жылғы сәуірде Қазақстанда өткен Қырғыз-Қазақстан Үкіметаралық кеңесінің 9-отырысының қорытындысы бойынша тараптар осы бағыттағы маңызды құжаттарға қол қойды. Атап айтқанда, өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізу және транзиттік-логистика саласындағы мәселелерді жедел шешу – басты мақсаттардың бірі.

Екі ел үкіметаралық деңгейде трансшекаралық ынтымақтастық әлеуетін ашу үшін тұңғыш кезекті «қырғыз-қазақ өңіраралық форумын» өткізу туралы уағдаластыққа келісті. Бұл тұрғыда өңіраралық ынтымақтастық екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды факторына айналып отырғанын, жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіндегі байланысты нығайтып отырғанын атап өткен жөн. Қазіргі таңда Қырғызстан мен Қазақстанның төрт облысы – Ыстықкөл мен Алматы, Ош пен Қарағанды, Жамбыл мен Талас, Шу және Оңтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ екі елдің астаналары мен қалалары, атап айтқанда, Бішкек пен Нұр-Сұлтан, Ош және Тараз – өзара барыс-келіс орнатып, бауырластық қарым-қатынастар туралы келісімдерге қол қойды. Екі елдің басқа аймақтарымен де осындай ынтымақтастық механизмі құрылады деп күтілуде.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық арқылы түрлі мәдени, ғылыми және спорттық іс-шаралар тұрақты өткізіліп, екі елдің жастары мен оқу орындары арасында тығыз байланыс орнатылуда. 2018 жылы Қазақстанда Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған іс-шара, 2019 жылы Қазақстанда «Манас» эпосына арналған семинар және «Манас – Ұлы даланың мәңгілік мұрасы» атты форумдар өткізіліп, шара барысында С.Раев, Шыңғыс Айтматовтың «Балалық шақ», «Қазіргі қырғыз поэзиясы», сондай-ақ М.Мергенбаевтың латын тілінде жазылған «Манас» эпопея­сы қазақстандық оқырмандарға тарту ретінде таратылды.

COVID-19 пандемиясына қарамастан, елдеріміз арасындағы мәдени және гуманитарлық өзара іс-қимыл 2020 жылы да өз жалғасын тапты. Бір ғана мысал, «Манас» эпосының қазақ тіліндегі «Манас – қырғыз халқының эпосы» деп аталатын кітабы. Қазақстандағы жалғыз манасшы Б.Әлімжанов қырғыз халық өнерінің інжу-маржандарын дамытуға және таратуға қосқан зор үлесі үшін «Достық» орденімен марапатталды, оны Қырғыз Республикасының Президенті С.Жапаров табыс етті.

Алдағы күндерге жоспарланған шаралардың қатарында Қырғызстанның Қазақстандағы мәдени күндері де бар. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтанда Шыңғыс Айтматов пен Манастың және Бішкекте А.Құнанбаевтың ескерткіштерін орнату, сондай-ақ қырғыз студенттерінің Қазақстанның бюджеттік университетінде оқуына жыл сайынғы квотаны ұлғайту мәселесі де қаралып жатыр.

Қорытындылай келе, Қырғыз­стан мен Қазақстан арасында өзара қызығушылық тудыратын барлық салалардағы ынтымақ­тастықтың прогрессивті динамикасын одан әрі дамытуға және қолдауға бар күш-жігерін салатын көптеген жоспарлар бар.

– Қазақстанда қай уақыттан бері тұрасыз? Елімізге алғаш келген кездегі әсеріңіз қандай болды?

– 5 қыркүйектен бері Қазақ­станның Нұр-Сұлтан қаласында тұрамын.  Мен Қазақстанға алғаш рет 2010 жылы келдім. Мен екінші ЖОО-да оқып жүрген кезімде Алматы арқылы Мәскеуге ұшатынмын. Менің Қазақстанда достарым бар, соларға бардым. Өскемен қаласына да бардым, маған қаланың сұлулығы мен табиғаты қатты ұнады. Павлодарда болдым, Ертіс өзеніне демалуға барған күндерім болды. Семейде, Алматыда, Түркістанда, Таразда көп болдым. Маған қазақ жері, халқы қатты ұнайды. Мен үшін қазақ халқы – жаны жақын бір туған ел.

– Өз еліңізді және Қазақстанды бір ауыз пікірмен, сөзбен қалай сипаттар едіңіз?

– Бір ауыз сөзбен айтсақ, қыр­ғыз бен қазақ көздің ағы мен қарасы сияқты. Ең бастысы, біздің дініміз, тіліміз, дәстүріміз біртұтас, бұл – біздің мызғымас іргетасымыз.

– Біздің газет арқылы астаналықтарға қандай тілек айтасыз?

– Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарына жалынды сәлем жолдаймын. Нұр-Сұлтан қаласы көркейе берсін деп тілеймін. Маған Нұр-Сұлтан қаласы қатты ұнады. Жаратушы нұр-сұлтандықтарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жұмыстарына табыс, шаңырақтарыңызға береке-бірлік берсін. Барлық тілектер қабыл болсын деп тілеймін!

Қысқаша өмірдерек:

Дюшекеев Дастан Станбекович 1987 жылғы 12 желтоқсанда Ыстықкөл ауданының Семеновка ауылында дүниеге келген. 2005-2010 жылдар аралығында Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде тарих және аймақтану мамандығы бойынша білім алған. 2011-2015 жылдары Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында «Халық­аралық қатынастар» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. 2010-2011 жылдар аралығында Чолпон-Ата қаласында MegaCom ұялы байланыс операторы филиалының директоры қызметін атқарса, 2015-2020 жылдары саяси технологияларды практикалық қолдану саласындағы маман болып қызмет істеген. 2017-2018 жылдары Қырғыз Республикасы Жоғарғы кеңесі (Жогорку Кенеші) депутатының көмекшісі болса, 2018-2020 жылдар аралығында Қырғыз Республикасындағы 2ГИС халықаралық компаниясының директоры қызметін қоса атқарушы, «Полипласт-Шығыс» ха­лық­аралық компаниясында Қырғыз­стандағы кураторы болып қызмет істеді. 2020 жылы қазан, қараша айларында Қырғыз Республикасы Премьер-министрінің баспасөз хатшысы болып тағайындалса, 2020 жылғы қарашадан 2021 жылғы тамызға дейін Қырғыз Респуб­ликасы Президенті Әкімшілігінің сыртқы саясат бөлімінің меңгерушісі болды. 2021 жылы тамыз айынан бастап Қырғыз Республикасының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button