Басты ақпаратҚала мен сала

Таң атпастан тазалап көшелерді…

Қалалар тазалығы – қоғам келбеті, ал елдің астанасы саналатын басты шаһардың тазалығы мемлекеттің де бет-бейнесін көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қолға алынып, соның аясында Астанада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы кең ауқымда өткізілді. Бұл іс-шаралар қоғамда азаматтардың тазалық мәдениетін күшейтуге бағытталады. Ал тазалықты акциялардан тыс та сақтап отырған мекемелер әсіресе, елорданы күн сайын тазалайтын ұйымдардың жауапкершілігі екі есе. Солардың ішінде қысы-жазы және күн-түн демей Астана қаласының ең басты деген көшелері мен жолдарының тазалығына жауап беретіні – «Астана Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 

Елорданың 226 көшесіне жауапты

Биыл 1 қазанда құрылғанына 16 жыл толған кәсіпорынның қаланың үш жерінде базасы бар. Басты базасы мен әкімшілік ғимараты әл-Фараби көшесінде, қалған екеуі Ә.Молдағұлова көшесі және Пригородный тұрғын алабында орналасқан. Серіктестік директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Ерлан Калымовтың айтуынша, кәсіпорынның ең негізгі күші – 15 шақты түрлері бар сан алуан көліктер мен олардың жүргізушілері және жол жұмысшылары. Қаланы жазда қоқыстан, қыста қардан, көктем мен күзде артық жиналған судан тазалау – 400-ден астам арнайы техниканы тізгіндейтін 880-нен астам көлік жүргізушілерінің және 650-ден астам жол жұмысшыларының мойнында. Сондықтан бұл мекеменің ең ауқымды жұмысын жүргізетін, олардың еңбек жағдайын жасауға қатты көңіл бөлінеді және көбіне жетіспейтіні де солар.

Техникалар тәулік бойына тоқтаусыз жұмыс істейді. Тек күндізгі ауысым жұмысын аяқтап, түнгі ауысым келген кезде 2-3 сағат аялдағанда ғана  көліктер сәл суытылады. Одан әрі қаланы тұрақты таза ұстау үшін колоннамен жұмыс істеуге тағы аттандырылады. Сол себепті тез тозығы жетпес үшін көліктерді күтіп ұстау мен жаңалауға, жөндеуге кәсіпорын өте көп қаржы жұмсайды. Әр көлікке GPS пен отын көлемін анықтайтын датчиктер қойылған. Соның арқасында отынды 40 пайыз үнемдеу мүмкін болған. Бұл кәсіпорынның жыл басынан бері 200-300 млн теңге үнемдеуіне септік етті.

– Қала бойынша ең ірі коммуналдық кәсіпорындардың біріміз. Көшелер мен тас жолдар, тротуарлардың тазалығын сақтау, қоқыстан тазарту, жуу, нөсер жауынға қарсы жұмыстар жүргізу, санитарлық тазалау – біздің міндетіміз. Сол үшін жол жұмысшылары, көлік жүргізушілері, инженерлік-техникалық құрамды, кеңсе мамандары және тағы да басқа қызметкерлерді қосқанда штатта 2000-дай адам еңбек етеді, – дейді спикер.

Астанада бүгінгі таңда 820 көше болса, аталған серіктестік соның ішінде 453 км ұзындықты алып жатқан 226 көшенің тазалығына жауапты, яғни бұл барлық көшенің көлемі жағынан шамамен 40 пайызды құрайды. Олардың жауапкершілігін күшейтетіні – елорданың ең басты мемлекеттік маңызды ғимараттары орналасқан магистральдері мен негізгі үлкен көшелеріне, әсіресе, Есіл ауданындағы үлкен даңғылдарға жауаптылығы. Шетелден келетін Мемлекет басшылары мен саяси қайраткерлер, өзге де қадірменді қонақтар жүріп өтетін басты жолдардың мінсіз тазалығы – «Астана Тазалық» мекемесінің мойнында.

– Біздің тазалық жұмыстарын басқа қалалармен, мәселен, Алматымен салыстыруға келмейді. Себебі елорда болғандықтан, Астанада үнемі халықаралық жиындар, түрлі форумдар, Президенттердің кездесулері, әлемдік деңгейдегі іс-шаралар жиі өтеді. Биыл жазда шетелден қаншама мың адам жиналған Саммит өткізілді, күздегі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да өте көп адам келді. Сондай маңызды іс-шаралардың өтуі біздің жұмыс қарқынымызды арттыра түседі, басынан бастап, аяқталғанға дейін сол нысандардың айналасының тазалығына екі есе күш жұмылдырамыз. Әрине, бәрі ойдағыдай өтіп, аяқталған соң, қонақтар кеткеннен кейін қала басшылығы тарапынан еңбегіміз бағаланып, марапаттарға ие боламыз, бұл біздің еңбегіміздің ақталғаны, еленгені және нәтижесі деп білеміз. Бір айта кетерлігі, осындай ауқымды жиындар өтетін жерде ғана емес, күнделікті жоспарлы жұмысымыз өзімізге тиесілі басқа аудандардағы аумақтарда да әлсіремей, өз ретімен жалғасын тауып жатады, – дейді Е.Қалымов.

Соңғы жылдары елордада тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, Есіл мен Нұра ауданында жекеменшік құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді топырлатып салуда. Қаланың кеңейгені жақсы, бірақ құрылыс қалдықтарының көшелерді бүлдіруі  тазалық мекемесінің жұмыс жоспарын өзгертеді. Құрылыс материалдарын тасымалдау барысында талаптарды бұзған компанияларды бейнекамералар арқылы анықтап, айыппұл салдырады, бұл бағытта мекеме қалалық полиция департаменті өкілдерімен бірге жұмыс істейді. Дегенмен көбіне бүлінген, қоқыс тасталған көшелерді өздері тазалайды.

Ең қиын жұмыстар – қыста

Астананың күрт континентальды климатында «Астана Тазалық» ЖШС үшін жұмыстың ең ауыры қыс мезгілінде екені белгілі. Өткенде қазанның ортасында аз ғана жауған бір түндегі қардың өзі біраз дүрбелең туғызды. Себебі көліктердің дөңгелегі жазғы түрінен қысқы түріне ауыстырмағандықтан, қар мен мұзда жүру қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Қар жауған кезде ең алдымен, көпірлер мен жол өткелдерінің қары тазаланып, мұзы ерітіледі. Себебі жерден гөрі көпірлердің жолы тез суиды, мұз тез қатады. Мұның бәріне алдын ала дайын отыратын кәсіпорын мұз еріткіш арнайы техникаларды сондай жасанды құрылыстарға жіберіп, тәулік бойына жолдың қарайып жатуы үшін кезекшілік ұйымдас­тырады. Қазіргі таңда аспалы жолдарда мұзтайғақ болуы, қар жиі жауып жиналуы мүмкін деген 18 сондай нысан – серіктестіктің ұдайы бақылауында. Жалпы алдағы қысқа мекеменің барлық техникалары 22 бағдар бойынша жұмыс істеуге 90 пайыз дайын тұр.

– Қыс – техниканың жұмыс сапасының, жұмысшылардың мінезінің, кәсіби деңгейінің сыналатын уақыты. Себебі біздің мекеме жұмысын істеуге кез келген адам шыдай алмайды. Оның үстіне жұмыс кестесі де күрделі және шаруа көп. Сондықтан қыс­та біз штат санын көбейтеміз, қосымша көлік жүргізушілерін аламыз. Көліктер бірінші кезекте қар көп түскен телімдерге және көшелердің маңыздылығына қарай бөлінеді. Атап айтқанда, Мәңгілік ел, Тұран, Қабанбай батыр, Керей мен Жәнібек хандар, Сығанақ, Сауран көшелері мен даңғылдары сынды басты магис­тральды және негізгі жолдардың тазалығына ерекше көңіл бөліп, алдыңғы орынға қоямыз, – дейді серіктестік өкілі.

Оның айтуынша, үйлер арасындағы тазалыққа тендер ұтып алған басқа мекемелер немесе сол үйлердің МИБ-тері тартқан тазалық жүргізетін ұйымдар жауапты. Ал бұл серіктестіктің арнайы техникалары мен жол жұмысшылары тек көшелер мен сол көшедегі тротуарлар, сонда тұратын қоқыс жәшіктерін тазалауға міндетті. Техника бара алмайтын тұстардағы, жол жиектеріндегі қоқыс пен қарды шағын механикаландыру құрылғылары арқылы жол жұмысшысы қолмен тазалайды.

Қордаланған мәселелер шешімін табуда

Қазіргі базалар серіктестіктің өз меншігінде емес, жалдап отыр, соның кесірінен қаржыны жөндеу жұмыстарына, жалпы дамуына толықтай бөлуге мүмкіндік болмай тұр. Жалдап отырған ғимаратты жөндеуге де болмайды. Сондықтан бұрыннан бар осы мәселені қала әкімдігімен бірге шешу күн тәртібінен түспей келеді. Әкімдіктің олардың осындай күрделі мәселелерін шешуге оң көзқарас танытуы қуантады.

– Жалпы біздің тікелей құрылтайшымыз – Астана қаласы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық басқармасы. Бізге осы басқарма тарапынан жақсы қолдау көрсетіледі. Қала әкімінің де қолдауымен материалдық және қаржылық тұрғыда былтыр­ғыға қарағанда биыл көбірек қаржы бөлінді. Сонымен қатар шаруашылықта қордаланып қалған мәселелеріміз тез шешімін табуда, – дейді серіктестік өкілі.

Бас ғимарат аумағында кеңсе, гараждар, цехтар, техниканың жөндеуге арналған бокстар бар. Атап айтқанда, агрегат, токарь, дәнекерлеу, жөндеу, мотор, аккумулятор, гидравлика жөндеу және тағы да басқа қызмет түрлері бойынша барлығы 8 цех жұмыс істейді. Солардың ішінде техникалық қызмет көрсететін 50 адам еңбек етеді. Одан бөлек, серіктестік кейбір салалар бойынша слесарьлер болмағандықтан, техниканы жөндеуге мамандарды, кейде техникаларды да сырттан жалдайды. Жалпы жиі жетіспейтін мамандықтар – қол жұмысшысы мен көлік жүргізушілері және механизаторлар. Әсіресе, қар тазалайтын техникалардағы жинау, щеткалау, күреу сияқты қосымша қондырғыларын басқару қиындығынан көбі бұл жұмысқа келгісі келмейтін көрінеді.

Биыл мұзды қалай ерітеді?

Таяп қалған қыста жылдағыдай қар жауған соң мұзтайғақ жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі болып, тіпті құлап қалса денсаулығына да нұқсан келтіреді. Былтыр мұзтайғаққа қарсы құм-тұз қоспасын сепкен серіктестік енді экологиялық таза басқа материал себуді көздеп отыр.

-Жақында жауған қардан соң байқаған болсаңыздар, еріген мұздың орнында бұрынғыдай құм мен тұздың ізі қалмады. Себебі біз енді толықтай мұзды ерітуге арналған реагент төгуге көштік. Оның құрғақ, қатты және ылғал болып келетін үші түрі бар. Биыл сондай реагент жасайтын қондырғыларымызды көбейттік. Сондықтан биылдан бастап құм себілмейді. Былтыр 12 мың текше метр құм-тұз себіліпті. Шашып, мұз еріген соң, оны қайта жинау керек болатын. Әрі құм кепкен соң шаң көтерілетін. Ол да қосымша жұмыс. Қазіргі таңда бүкіл әлемде осы реагент қоспасы арқылы мұз еріту кең таралған екен, – дейді Е. Қалымов.

Еңбек жағдайы жасалған

Жұмысы күрделі болғандық­тан, серіктестік қызметкерле­рінің еңбек жағдайын жасауға барынша көңіл бөледі. Кадр тұрақтылығы үшін оларға толық әлеуметтік пакет ұсынылады, еңбек демалысы мен науқастанып қалуына байланысты ақы төленеді, баспанасыз жүрген жұмысшылар жатақханамен қамтамасыз етіледі.

– Биыл қала әкімдігімен ке­лісіп, қызметкерлер арасында нағыз ауыр жұмыстарда, телімдерде жұмыс істейтін 10 адамға пәтер беруді жоспарлап отырмыз. Қысқы мезгілде жолда жүрген барлық көлік жүргізушілеріне және жол жұмысшыларына тегін ыстық тамақ жеткізіп береміз, әр бригаданың тұрғын үйлер аумағында шағын тамақтанып, жылынып алатын орындары бар, сол жерлерге апарамыз. Жалпы айтқанда, 1-қарашадан бастап тамаққа тегін талондар беріледі. Астананың қақаған суығында ауыр техникалармен жұмыс істеп жүргенде қарны тоқ жұмысшы ғана жұмысты да жақсы атқарады. Бірінші ауысымдағы бригадалар жұмысы таңғы сағат 6.00 және 7.00-ден басталып, 15.00 және 16.00-ге дейін жалғасады, одан әрі түнгі ауысым бригадалары жұмысқа қосылады. Арасында түскі асын ішуге уақыт беріледі. Барлық жұмысшыларды жұмысқа алып келуге арнайы көліктер бөлінген. Соның ішінде көлік жүргізушілеріне бөлек көліктер қойылған, – дейді ол.

Жұмысшылардың көбі Астана іргесіндегі Ақмола облысына қарасты аудандар мен ауылдардан қатынап істейді. Себебі мұндай ауыр жұмыстарға қаладан гөрі ауыл тұрғындары төзімділеу келеді. Солардың бәрін жұмысқа жеткізіп, қайтадан апарып тастайтын арнайы көліктер бар. Ал қалада тұратын, көлік жүргізушілерінен басқа қызметкерлерге қоғамдық көлікте жүруге ақша беріледі. Көлік жүргізушілерінің жалақысы разрядына қарай 250 мың теңгеден басталады, оған қоса бәріне ай сайын 100 мың теңге сыйақы төленеді және істеген әр сағатына да ақша қосылады.

Биыл жұмысшылардың қолайлылығы үшін басты база аумағында диспетчерлік ғимарат ашылды және асхана жаңартылып, жөнделді. Көлік жүргізушілері жолға шығар алдында және келгеннен соң міндетті түрде медициналық тексеруден өткізіледі. Диспетчерлік ғимаратта отырған медициналық ұйым мамандары күн сайын көлік жүргізушілерінің қан қысымын, дене қызуын өлшейді және алкотесттен өткізеді, сосын барып жұмысқа рұқсат қағазын береді.

P.S: Осындай ауқымды техникалық және кадр­лық күшпен Қазақстан астанасының бас­ты көшелерінің тазалығын сақтап отырған алып кәсіпорынның алға қойған тың жоспар, жобалары көп. Заманауи технологиялық даму үдерісіне ілесе отырып, бастысы өзінің кәсіподақ ұйымымен бірге қарапайым жұмысшыларының еңбек жағдайын жасауға басымдық беруі оны жоғары сапалы қызметтер ұсынатын, бәсекеге қабілетті ұйым ретінде танытады.   

Райхан Рахметова 

Суреттерді түсірген Сұлтан Сейітов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button