Мәдениет

«Таң самалымен» тербетті

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы «Таң самалы» концертін ұсынды. Кеш өнер ұжымы атауын иеленген көрнекті композитордың шығармашылығына арналды.

КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, педагог Еркеғали Рахмадиев әр алуан жанрда музыка жазды. Оның «Дайрабай» және «Құдаша-думан» симфониялық күйлері, «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Абылай хан» опералары, романстар мен әндері бар. Оның замандасы, белгілі композитор Родион Щедрин кезінде: «Еркеғали Рахмадиев – өз халқының мәдениетінен нәр алған композитор. Қазақ өнері бүгінде КСРО-ның үздік сахналарында оның музыкасы арқылы танымал, Рахмадиевтің туындылары шетелде де сәтті орындалады…» деп жазды.

Рахмадиев өмірінің соңғы жылдарындағы шығармашылық қызметі елордамен тығыз байланыста болды. Ол Қазақ ұлттық өнер университетінде дәріс оқып, соңғы күндеріне дейін өзінің талантын, тәжірибесі мен білімін айналасындағылармен қуана бөлісіп отырды. Ал 2021 жылы есімінің Астана қаласының Мемлекеттік академиялық филармониясына берілуі – қала үшін маңызды оқиға.

Концерттің атауы ақын Нұтфолла Шәкеновтің сөзіне жазылған «Таң самалы» лироэпикалық әнінен алынды. Жас кезінде сүйікті қаласы Алматыдан шабыт алған Еркеғали Рахмадиев туындыны жары Клараға арнаған. Ән КСРО халық әртісі Роза Бағланованың репертуарына еніп, халық сүйіспеншілігіне бөленді. Кеште көрермен осы әнді Қазақстаннның еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақтың (сопрано) орындауында тыңдады.

Сонымен қатар кеш барысында «Қамар сұлу» және «Алпамыс» операларынан үзінділер, «Күндер зулап барады», «Туған ел туралы жыр», «Осынау әнге салғайсың», «Ақ тырналар», «Әнші бақытты», «Шаттық вальсі», т. б. әндер мен романстары шыр­қалды. Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов (баритон), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда (баритон), халықаралық байқаулардың лауреаттары Әйгерім Аманжолова (сопрано), Фируза Рахметова (сопрано), Шахризада Тыныштық (сопрано), Алтынбек Арыстанбек (тенор), Талғат Аллабиринов (тенор), Нұрсәт Алмас (баритон) қатысты. Фортепиано партиясын мәдениет саласының үздігі Роза Шотқалиева орындады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button