Мәдениет

«Таң самалынан» тамаша әсер

13 мамыр  күні  «Астана Опера»  театрының  Камералық  залында Қазақстанның аса  көрнекті  композиторларының  бірі  Еркеғали Рахмадиевтің  музыкалық  жауһарлары  ұсынылды.  «Таң самалы» атты  мазмұнды  концертте  халықаралық  байқаулардың  лауреаттары өнер көрсетті.

Кеш басталар алдында сөз алған әйгілі  композитордың  жары  Клара Рахмадиеваның айтуынша, ол өнерге қызмет ету жолында тек қана музыкалық  шығармаларды  жазумен шектеліп қоймай, шығармашылық шыңына қол жеткізген соң, дарынды  жас  музыканттарға  қолдау  көрсетуді өзінің  міндетті  парызы санаған екен.

Концертте  Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері  Бибігүл Жанұзақ, Бейімбет Таңарықов, Назым Сағынтай, Ербол Мұқанов, Ұлпан Әубәкірова, Алтынбек  Әбілда, Алмат  Ізбәмбетов, Нарғыз Сәтмұхамбетова, Әсел Уашева және Жәнел Қатпаева, Жұмабек  Қантарбаев, Расұл Жармағамбетов, Марат  Әйтімбай, Дәмір Сәдуақасов, Мәдина Айдарбекова, Диана Таймышева, Азат  Тұранел, Ерұлан  Кәмел, Данияр  Доолотбақов, Артур  Ғабдиев, сонымен қатар Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры өнер көрсетті.

Әртүрлі  нөмірлерден тұратын бағдарламаны  «Алпамыс»,  «Абылай хан»,  «Қамар сұлу» операларынан ариялар мен дуэттер, Е. Рахмадиевтің әйгілі  романстары  мен  әндері  көркемдеді. Сонымен  бірге  Дж.Вердидің «Сицилиялық  кешкі  дұға»  операсынан  Еленаның  болеросы, В.А.Моцарттың  «Сиқырлы  флейта»  операсынан  Түн  Патшайымының ариясы, Дж.Пуччинидің  «Турандот»  операсынан  Калафтың  ариясы және басқа шығармалар  көпшіліктің  көңіл  толқынын тербеді.

– Еркеғали  Рахмадиевтің  шығармаларын  орындаған  сайын  бойымды әркез  шабыт  билеп, ерекше  бір  күшпен  жұмыс  істегім келеді. Менің ұстазым – профессор, Қазақстанның  Халық  әртісі  Қорлан  Қалиламбекова – Е.Рахмадиевтің  «Тың  туралы  ән»  операсындағы  Катяның  партиясын алғаш орындаушы, ол мен үшін үлгі. Аталған  кеште  мен ұстазым үйреткен вокалдық  өнердің  қыр-сырын  ескере  отырып, осы операдағы арияны шырқадым, көрермен жақсы  қабылдаған сияқты, – дейді Е.Рахмадиев атындағы  I  Халықаралық  байқаудың  лауреаты  Әсел Уашева.

Концерт  композитордың  жары  Клара  Рахмадиеваға  арналған  лиро-эпостық  «Таң  самалы»  әнінің  атауымен  аталды.  Оның  сөзін  әйгілі  ақын Нұфтолла  Шәкенов  жазған. Кешке  жиналғандар  әсем  әндердің  сыйқырлы әлемінде  тербетіліп, үлкен  әсерге бөленді.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button