Басты ақпаратОқырманнан он сұрақ

Таңат МАМЫРХАНҰЛЫ, әнші: ӨНЕРДЕН КЕТКЕН ЖОҚПЫН

Айдарымыздың бүгінгі қонағы – қалың ел «алтын дауысты әнші» атап  кеткен талантты өнерпаз Таңат Мамырхан.  Ерекше дауысы мен сабырлы қалпын сақтай  отырып, эстрададан өзінің орынын орын алған аккордеоншы әнші газетіміздің оқырмандары жолдаған он сауалға жауап берді.

– Таңат аға, сізді Алматының маңайында киіз үй тігіп, кәсіп­керлікке қазақы қан жүгіртіп жатыр деп естідік. Рас па? Ән­ші­лік­ті қойып бизнес саласына ауыс­қансыз ба?
Мақпал, студент

– Аға-апаларым бизнеспен айналысады. Тау жақта ұлттық нақышта жасалған демалыс кешені бар. Мен арасында соларға көмектесіп тұрамын. Оның өзінде өнер адамы ретінде ән айтып, келімді-кетімді меймандарды күтіп алып, қазақы қонақжайлы­лықты көрсе­туге ты­­ры­самын. Се­бе­бі, оған жергі­лік­ті ха­лық­­тан бө­лек, ше­тел­­ден кел­ген ай­­ту­лы мей­мандар да бас сұғып жатады. Не­гі­зінен, басы­байлы өзімнің биз­не­сім емес. Бәлкім, бола­шақ­та сол салада да бақ сынап көрермін. Бірақ, мен бірінші кезекке өнерді қоямын. Сондықтан, өнерден кеткен де жоқпын, кетемін деген ой да жоқ.

 

– Бір сұхбатыңызда «өзімді сұраныстағы әншімін деп есеп­темеймін» депсіз. Бұл өзіңіз­ді бағаламау емес пе?
Елдос, оқушы

– Иә, бір газетке берген сұх­батымда «өзім қатты сұра­ныстағы әншілердің қатарынан емеспін» дегенім бар. Ол рас. Бірақ, бұл өзімді немесе өнерімді бағаламау емес. Егер «маған сұраныс көп» деп айтатын болсам, алдымен ол өтірік болады, екіншіден, мақ­тан­шақ адам сияқты көрінуім мүмкін. Өз тыңдармандарым бар. Сахнада жүрген кейбір әріптестеріммен салыстырғанда мен той-думанға көп бармаймын. Оның тағы бір себебі, той болған соң, онда шырқалатын әндердің дені әуені жеңіл ырғақты болуы шарт. Менің орындауымда ондай 2-3 ән бар. Десе де, табиғатым лирикаға жа­қын. Яғни, билейтін әндерім аз.

– Астанада жеке концертіңізді қашан өткізесіз?
Майдагүл,  сатушы

–  Бұл сұраққа дөп басып жауап бере алмаймын. Сахнада жүр­ге­­німе жеті жылдан асты. Осы ара­лықта жеке концертімді берген емес­пін. Осы сұрақты жиі естимін. Біле­сіз бе, концерт өткізу оңай шаруа емес. Қаржылық жағын айт­па­ғанда, ең бастысы әндердің өзін сүзгіден өткізіп, халықтың пат­ша  көңілінен шығатын, естен кет­пей­тіндей етіп өткізу керек. Қа­зір, бір жылдың ішінде танылып, тіпті, сол бір жыл­дың ішінде бір­неше концерт бере­тін әншілер жет­кілікті ғой.

 

– Бес-алты жыл бұрын «Ай­қаракөз» әнімен «Қазақ радиосы» ұйымдастырған «Алтын дауыс» байқауының бас жүлдесін иелендіңіз. Өткен жылы «Кеш жарыққа» да қатысып, топ жар­­ғаныңызды білемін. Алда қан­­дай бай­қауларға қатысуды жос­­парлап отырсыз?
Сымбат, есепші

 

– Осы күнге дейін өзіңіз айтып отырған екі байқауға ғана қа­ты­сыппын. Аллаға шүкір, екеуін­де де бас жүлдені жеңіп алдым. Менде «Мына байқауға қатысқым келеді немесе қатысуым керек» деген алдын ала жоспар жоқ. Бірақ бағым пен бабым­ды сынап көруден ешқашан бас тартпаймын. Айтар ойы бар, деңгейі жоғары, қазаққа пайдасы тие­тін байқауға қатысып, қабілет-қары­мым­ды көрсетуге  қашанда дайынмын. «Са­бақ­ты ине сәтімен» демекші, ол келер күннің еншісіндегі дүние. Сон­дық­тан, уақыты келгенде көреміз.

– Сіздің жеке ән жинағыңыз шықты ма? Шықса қайдан және қаншаға алуға болады?
Берік, студент

– Әлі шыққан жоқ. Бұйырса, ән жинағымды биыл шығарамын деп отырмын. Негізі осы мәселеге келгенде жалқаулығым жар бер­­мей жүр. Қоржынымдағы ән­дер­ді әб­­ден саралап, бір жинақ етіп шығар­сам де­ген ойым бар. Қазір сол мақ­сатта жұ­мыс істеп жатырмын.  

– Әндеріңіз көбінесе лири­калық, сыршыл сезімге толы. Көп­теген әншілер қазір заман кө­шіне ілесіп, түрлі жанрда ән шыр­қап жүр. Сіздің ондай ойы­ңыз жоқ па?
Айнұр, қызметкер

– Сахнаға аяқ басқаннан бері қазақтың дәстүрлі, классикалық және эстрадалық жанрында біраз әнді орындадым. Ән таңдауда ұлт­тық бояуы қанық, сазы мен сөзі үй­лескен мағыналы әндерге баса мән беремін. Байқасаңыз, менің ән­дерімнің арасында ритмі жылдам әндер көп емес. Себебі, менің та­биғатым сыршыл сезім­ге толы ән­дерді қалайды. Өнер бол­ған соң, түр­лі жанрда ән салу керек қой. Иә немесе жоқ деп ке­сіп айту қиын. Мүм­кін, сіз айтып отыр­­ған экс­перимент болашақта болып қалар.  

– Тойға шығып тұрасыз ба?  Қа­­ла­мақыңыздың мөлшері қан­ша?
Сәкен, асаба

– Шақырған тойдан қалмауға тырысамын. Бұйырған жерге барып тұрамын. Жиі болмаса да, тойға сирек баратындардың қа­тарынан емеспін. Ал қаламақы ту­ралы айтпай-ақ қояйын. Ол құпия болып қалсын.

– Сахнадағы әріптестеріңіз­дің арасында көлігін жиі ауыстыра­тын әрі сонысымен «атағы» шық­­­қан­дар бар. Те­мір тұл­парға қа­лай­­сыз? Техникаға ебіңіз бар ма?
Марат, күзетші

– Ол рас. Ел алдында жүрген өнер адамдарының ішінде көлікке тал­­­ғамы жақсы аға-інілеріміз көп. Өз ба­сым техникаға қатты қызыға бер­­­мей­мін. Әйтеуір, жаяу емеспін. Қа­же­­тіме жарап тұрған көлігім бар.

– Туып өскен ортаңыз туралы айтсаңыз…
Әсима, оқушы

– Мен 1977 жылдың қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында өмірге келдім. Туып-өскен жерім Бөген деген ауыл. Кеңес үкіметі кезінде  біздің совхоздың аты асыл тұқымды қой өсірумен шыққан.

– Маған сіздің орындауыңыз­дағы «Қайран жеңгем» әні қат­­­ты ұнайды. Осы әннің бейне­бая­ны бар ма?
Мұхит, студент

– «Қайран жеңгем» – ұлтымыз­дың біртуар ақыны  Мұқағали Ма­қа­таевтың сөзіне жазылған сазгер Шынберген Сүлейменовтің әні. Бұл әннің бейнебаяны әзірге жоқ. Негізі мен бұған дейін орындаған әндеріме де бейнебаян түсірген жоқ­пын. Жалпы, әншінің дарыны мен даңқы бейнебаянмен өл­шенбейді. Кез келген өнер ие­сінің дәре­гейін тасытатын оның таланты деп ой­лаймын.

Жазып алған,
Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button