Қала тіршілігі

Таңдаулыларға сыйлықтар тапсырылды

Елордамыздағы ең мықты жеті кәсіп иесін анықтауды діттеген «Астана таңдауы» байқауының жеңім­паз­дары анықталған-ды. Кеше сол жүзден жүйрік шыққан жетеу Астана әкімінің қолынан сый-сияпат алды. Елорданың ең мықты мамандарын марапаттаған әкім Иманғали Тасмағамбетов  Астананың он бес жыл­дығына тұспа-тұс келген байқаудың жүлдегерлеріне ақжарма тілегін айтты. 

Алдымен жүлдегерді астаналықтар таңдаған байқауға аз-кем тоқтала кетейік. Бұл байқау осымен екінші рет өткізілді. Өткен жылы таңдаулы болуға небәрі 62 үміткер тіркеліп, 70 мыңнан астам дауыс берілген еді. Ал биылғы байқаудан 170 адам үміттеніп, оларға берілген дауыстың саны 90 мыңнан асыпты.

– Осы байқауға көз тігіп, жеңімпазды анықтаған қала тұрғындарының өзі. Сіздердің өздеріңізді танымаса да, еңбектеріңіз арқылы танып, жеңімпаз ретінде өздері таңдап алды. Сіздер бұл атаққа кәсіби біліктіліктеріңізбен, таза ниеттеріңізбен ие болдыңыздар. Шын мәнісінде, еңбек етіп, ел алдында жүрген азамат үшін халықтың бағасына бөлегеннен асқан мәртебе жоқ деп есептеймін. Сондықтан, ұзағынан сүйіндірсін деймін. «Астана таңдауы» байқауы – дәстүрге айналған шара. Астанамыздың өсіп-өркендеуі үшін сіздер секілді кәсібіне адал мамандар керек, – деді Астана әкімі И.Тасмағамбетов.

Ресми құттықтаудан соң жеті ата­лым­ның жеңімпаздары әкім қолы­нан алғысхат пен сыйлық алды. Қаланың қалау­лыларына толық тоқталып өтсек, ең көп дауыс жинаған – «мұғалім» аталымы. Үздік мұғалім ретінде Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің мұғалімі Рабиға Иманқұлова танылды. Ақ халаттылардың ішінен халық сені­­міне ие болып, көп дауыс жинаған – №1 қалалық аурухананың дәрігері Марат Абдулов. Ол 3596 дауыс жинап, байқауға атын қосқан әріптестерінің алдына шықты. Ал үздік энергетик ретінде ғұмырының 31 жылын энергетика саласына жұмсаған «Астанажылутранзит» АҚ-ның реттеу және тұты­ну­шыларды есепке алу қызметінің бастығы Рауза Кәкімованың есімі атал­ды. Рауза Жүнісбекқызының үздік ата­нуына елорда тұрғындарының 5317 дауысы көмектесті. Бұл күн №1 автобус паркінің де ұжымы үшін қуанышқа толы болды. Себебі, «қоғамдық көлік жүргізушісі» аталымы бойынша топ жарған осы ұжымның қызметкері Қанат Құлтаев еді. Ол әскерден келген күннен бастап №1 автобус паркінде жұмыс істеп келеді. Нақты еңбек өтілі 24 жыл екен. Жол бойында жұмыс істейтін тағы бір маман сыйлығын көтеріп қайтты. Ол – «Қазақавтожол» кәсіпорны Ақмола филиалының жұмысшысы Вячеслав Шевченко. Қаланың қарқынды құрылысына қосқан үлесі үшін «Алтын ХХІ» ЖШС жұмысшысы Сүндет Үмбетов ең үздік құрылысшы атанды. Байқаудың ең жас жеңімпазы қалалық ішкі істер департаментінде жұмыс істейді екен. 24 жастағы учаскелік инспектор Марат Ширтаев «үздік полицей» атанды. Үздік полицейді марапаттап тұрған әкім «міне, болашақ генерал!» деп жас маманды жігерлендірді.

Жарыс аяқталды. Жеңімпаздар анықталды. Биылғы үздіктер – біз атын атаған азаматтар. Байқауды ұйымдастырудағы басты мақсат – аталған кәсіптің беделін көтеріп, тұрғындардың қала тіршілігіне бей-жай қарамай, қоғам өміріне араласу белсенділігін арттыру. Енді үздіктердің әрқайсысының аты жиі айтылып, тиісті құрмет көрсетіледі. Суреттері қаланың әр жеріндегі билбордтарға ілініп, одан қалса, жыл соңына қарай жеті жеңімпаз мемлекеттік наградаға ұсынылады.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button