Елорда тынысы

Таңғажайып кезең – қысқы демалыс

Балалар үшін ең керемет кезең қысқы демалыс екені сөзсіз. Біреулер бос уақытында шаңғы тепсе, енді бірі қала сыртындағы туристік базаларға барып демалады. Сондай-ақ оқушылар шаһардағы мұз айдындарына барып, жаңа жылдан кейінгі қысқы демалысын тиімді әрі көңілді өткізіп жүр.

Қысқы демалыс күндері балалардың бос уақытын қызықты өткізген іс-шаралардың бірі – әл-Фараби және Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өткізілген театрландырылған қойылым түріндегі жаңа жылдық мереке. Осы қосымша білім беру ұйымдарында оқушылар арасында волейбол, баскетбол, жүзуден спорт турнирлері өткізілуде.

Балалардың демалысы кезінде елордада шығармашылық бірлестіктер, техникалық үйірмелер мен Оқушылар сарайындағы спорт секциялары, техникалық шығармашылық орталық, «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығы, Астана қаласы әкімдігінің Балалар мен жасөспірімдердің туризм және өлкетану орталығы, сондай-ақ коммюнити-орталықтар мен филиалдары жоспар бойынша жұмыс істейді. Оған 24000-нан астам бала қатысуда.

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында елордалық пікірсайысшыларға арналған «Astana Debate Weekend» қысқы академиясы ұйымдастырылды. Оған 50 жоғары сынып оқушылары қатысып, белсенділік танытты.

6 қаңтарда Махамбет Өтеміс­ұлы атындағы Оқушылар сара­йында Астана қаласы мектепішілік және студенттік парламент президенттеріне арналған «Бағамы биік белес» атты тимбилдинг өтті.

ТШО базасында «Продакшн 24» үйірмелері арасында автомодельдеу және судомодельдеу бойынша жарыс өтеді.

«Өркен» балалар мен жасөс­пірімдер дене тәрбиесі орталығы қысқы демалыс күндері таза ауада және қала мектептерінің спорт залдарында өтетін спорт-сауықтыру іс-шараларына ерекше көңіл бөледі. Шаңғы серуендері мен жаппай сырғанау, 6-10-сыныптар арасында волейболдан жарыс және 1-5-сыныптар арасында шахмат-дойбы турнирі, денсаулық спартакиадасы ұйымдастырылды. Целиноград ауданының «Жас шабыт» орталығының тәрбиеленушілері үшін үйірмелер мен секцияларға бару, сондай-ақ Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының тарихымен танысу қызықты әрі есте қаларлық оқиға болды.

Қысқы каникул кезінде орта білім беру ұйымдарында мәдени-бұқаралық іс-шараларға: әдеби, музыкалық және тарихи викториналарға, мұражайларға экскурсияларға, кинотеатрларға баруға ерекше көңіл бөлінеді. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында бастауыш сынып оқушыларына арналған білім беру ұйымдарының кітапханаларында «Он кітап – он қызықты оқиға» атты оқулар өткізіледі.

Есіл ауданының мектептерінде «Қысқы қызықтар» атты балалар суреттерінің көрмесі ұйымдастырылды. Алматы ауданы мектептерінің орта буын оқушылары арасында «Жаңа жылдық аккордтар» атты музыка челленджі өтті.

Барлық білім беру ұйымдарында бастауыш сынып оқушылары үшін хобби-клубтар жұмыс істейді. Және балалар қардан қалашық жасайды.

Қала мектептері Тұңғыш ­Президент мұражайымен бірлесіп, мектеп оқушыларына арналған «Менің қаламның ескерткіштері» атты өлкетану викторинасын ұйымдастырды.

Барлық өткізілетін іс-шаралар елордалық оқушылардың бос уақытын ұйымдастыруға, олардың ой-өрісін кеңейтуге және толыққанды әрі қызықты уақыт өткізуге бағытталған.

Елордалық оқушылар осылайша таза ауамен тыныстап, қысқы спорт түрлерімен айналысып, қаладағы түрлі зияткерлік, мәдени іс-шараларға қатысып, қысқы демалысын көңілді өткізуде.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button