
«Асыл тастан, ақыл жастан» деген қазақ ежелден-ақ табиғаттың ғаламмен тұтастығын көруге, білуге ынтызар. Біз, әдетте, мақтана қалсақ «жерімізде Менделеев кестесіндегі барлық элемент бар» деп кеуде кереміз. Шын мәнінде, сол жеріміздің байлығы мен құндылығының нақты неде тұрғанын кейде сезе де бермейміз. Оны да қазақ ерте білген. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп айтатыны да содан.
«Алтын да тас, тас та тас, алтындай болмас басқа тас» деген халқымыз жерінің топырағынан тартып тасына дейін қадір тұтқан. Бүгінде жеріміздің байлығы саналатын небір құнды жәдігерлеріміздің жоғалып кету қаупі зор. Оларды ертең жоқтамау үшін бүгін іздеу керекпіз. Біз осы құндылықтарымыздың ең құнды бөлігін құрайтын тастар әлеміне саяхаттап, жерімізден шығатын небір асыл ақықтардың қыры мен сырына қанығып қайту үшін Астана қаласындағы Ш.Иманбаева көшесінің бойына орналасқан Минералогиялық мұражайға бардық. Ішіне кіргеннен-ақ патша сарайының қазынасына тап болғандай көңіл күйде боласыз. Мұражай ішіндегі тазалық, ондағы әрбір қойылған суреттер мен тастардың көркі сізді таңға жақын талмаусырап жеткен бұлбұлдың үніндей боп өзіне еріксіз тарта береді. Оларды көргенде адам болып туғаныңызға, жер деген киелі ғаламшардың тұрғыны болғаныңызға іштей риза болып, өз-өзіңізден жеті қабат жер астына түскендей немесе жеті қабат көкте қалықтап тұрғандай сезім кешесіз. Өйткені онда қазақтың нағыз байлығының паспортына айналған асылдар тұр.
Асыл демекші, қазақта жақұтты аққу іздеп жүріп тауып, жұтып, жемсауына сақтайды деген сенім бар. Халқымыздың аққуды киелі санайтынының да бір ұшы сонда жатса керек. Ал гауһарды асылдың асылы деп бағалайды ежелден. Ол адам аяғы баспайтын, аң аяғы жетпейтін жерде бір шоқ гүл құсап жарқырап жататын көрінеді әрі жыл өткен сайын пісіп-жетіліп, нағыз дер шағына жеткенде алмаз болып өзгереді екен. Ал оны көрген адам «мәңгілік бақытты болады» деген наным-сенім бар.
Алдымнан шығып, көзімнің нұрын тайдырған мұздай мұнтаз тастың атын сұрағанымда, мұражай иесі «бұл – әлемдегі ең қатты минерал, бағалы тастың бірі алмаз» деп таныстырды. Одан кейінгі тұрған қызыл түсті тастың аты – рубин, одан кейінгі жасыл түсті тастың аты – изумруд, ал тотықұстың жүніндей інжу мен ұжмақтың гүліндей болып тұрған тағы бір жасыл түсті асыл тас – сапфир, күлгін түсті көбелектей анау бір тас – аметист, оның қасындағы көк-жасыл түсті шырағдандай боп тұрған – аквамарин, ал оның оң жағында мың құбылып тұрған – опал деген минерал. Тіпті өз түсін өзі өзгертетін турмалин мен гранат, көк түсті минерал мен ежелгі заманнан бері зергерлік бұйымдарда қолданылған лазурит та осында тұр. Бұл тастарға қарап тұрып қазақ даласының соншалықты қазынаға бай екеніне шынайы көзіңіз жетеді. Ал енді осыншама байлықты көзінің қарашығындай қорғап, жинап, сақтап, кірінен тазартып, шаңынан арылтып, оларды арнайы мұражайға қойып отырған кім десеңіз, ол – еліміздің еңбек сіңірген геологы, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының академигі Олжабай Исмаилов.
Олжабай Жұмағалиұлы – 1949 жылы Ресейдің Магадан облысында туған қазақ. 1970 жылы Миасс геология-барлау техникумының (Миасс қаласы) тау факультетін «қазба кен орындарын барлау техникасы» мамандығы бойынша аяқтаған ол кейін 1970-1971 жж. Алматы қаласындағы Орталық геофизикалық экспедицияның геологиялық отрядының басшысы болады. Одан әскерге кетіп, келгеннен кейін Тұрар Рысқұлов геологиялық экспедициясы, геологиялық партияның басшысы, экспедиция басшысының орынбасары болады. Осылайша еңбек жолында сатылап өскен ол әр жылдары әртүрлі қызметтерді атқарып, 1995-1999 жж. «Геобайт» АҚ президенті болды, ал 1999 жылдан бүгінге дейін «Геобайт-Инфо» ЖШС бас директоры. Сондай-ақ ол ТМД елдері минералды ресурстарды барлау, пайдалану және қорғау бойынша үкіметаралық кеңестің мүшесі және тұрақты қатысушысы, Қазақстанның тау-кен өндірісі кәсіпорындары ассоциациясының мүшесі, Қазақстан географиялық қоғамының аймақтық директоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасының кен орындарын алғаш ашушы, «Геобайт-Инфо» ЖШС геологиялық компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі. Ал оның көпжылдық еңбегінің нәтижесінде құрылып, 2011 жылы ашылған бұл Минералогиялық мұражайы жекеменшік. Негізгі қоры да оның жеке жинағынан тұрады әрі бұл мұражай экспозициясында Қазақстан, Ресей және басқа да елдердің минералдары қойылған. Сондай-ақ мұражай экспозициясының бір бөлігі палеонтологиялық олжаларға арналса, екінші жағында арнайы тастарды зерттеген ғалымдардың еңбектері том-том кітап болып сөреге қойылған. Экспозицияда ХІХ ғасырдан бері сақталған геологиялық әдебиеттер, өткен ғасырдың басы мен ортасына тиесілі геологиялық құрал-жабдықтардың үлгілері бар.
Әлемнің таңғажайып асылдарын көруге күнделікті келушілердің қарасы мол. Қазіргі уақытта мұражайда 2000-нан астам экспонат бар. Оларды күнделікті қарайтын, шаңын сүртіп, тазартатын адамдар жұмыс істейді. Мұндағы 10-нан аса жұмысшының жалақысын да Олжабай Жұмағалиұлы өз қалтасынан төлеп отырғанын айтады.
– Бұл мұражай – мемлекет байлығының бір көрінісі. Ондағы қойылған әрбір тастың құндылығы миллион доллар берсеңіз де сатылмайды. Сатылмауы тиіс те, себебі мемлекетіміздің қазынасы ақшаға бағаланбауы керек. Отанымыздың құнды жәдігерлері келесі ұрпаққа аман-сау жетуі тиіс.
Менің де басты арман-мақсатым сол. Сондықтан осы мұражайды мемлекеттен бір тиын алмай, өз қаражатыма аштым. 12 адамды жұмыспен қамтып, қызметкерлердің жалақысын өз қалтамнан төлеп отырмын. Ай сайынғы шығыным 3 миллионнан асады. Жасым болса 75-ке келді. Ертең не болатынын ешкім білмейді. Сондықтан осы мұражайды мемлекет өз қорғауына алса, арнайы ғимарат беріп, оны сақтауға көмектессе, бұл болашақ ұрпақ үшін игі іс болар еді.
Қазіргі таңда келушілер ағыны артып келеді. Алайда мұражайдың жұмысын шектейтін бірнеше фактор бар. Оған кең ауқымда жұмыс істеуге мүмкіндік бермей тұрған: көрме алаңының шағын болуы, экспонаттарға еркін қол жеткізу үшін жеткілікті кеңістіктің болмауы, интерактивті және мультимедиалық технологияларды орналастыру мүмкіндігінің жоғы. Өйткені мұнда келушілерге жағдай жасау үшін қолжетімділікті арттыру, Қазақстан флорасы мен фаунасының коллекциясын жасау, геология кітапханасын ұйымдастыру, мектеп оқушыларына арналған оқу сыныптарын жабдықтау, көрме залдарын құру үшін мұражайға кем дегенде 2000-2500 шаршы метр қосымша кеңістік қажет. Бұл мәселені шешудің ең дұрыс жолы – Астанада жаңа «Табиғат және ғылым тарихы мұражайын» салу. Оның басты мақсаты табиғатты ұлттық мұраның бір бөлігі ретінде сақтау, Қазақстанның тарихи және табиғи құндылықтарын насихаттау болмақ. Жаңа мұражайдың негізгі қоры қазіргі Минералогиялық мұражайдың коллекциясы болуы тиіс, – дейді Олжабай Исмаилов.
Иә, мемлекеттің байлығы мәдени мұра ретінде қорғалуы және сақталуы тиіс. Әйтпесе бүгін бізді таңғалдырып-тамсандырған минералдар ертең жойылып кетуі әбден мүмкін.
P.S:Егер Олжабай Исмаиловтың асыл тастар мұражайын мемлекет өз қорғауына алып, оны кеңейтіп ашса, елге келген туристердің де қызығушылығы артар еді. Өйткені онда ұлттық мұражайымыздағы жәдігерлерден де қымбат асылдар тұр. Тіпті мұндай тастарды сақтауға «ЭКСПО-ның шары» немесе «Хан Шатыр» секілді нысан салдырсақ, мемлекетке пайдасы болмаса, зияны тимес еді…
Шапағат ӘБДІР
Фото: Сұлтан СЕЙІТ