Жаңалықтар

ТАНКИСТ АТАМА ТАҒЗЫМ ЕТЕМІН

ТАНКИСТ-27-04-2015

«Астана ақшамы» газетінде жарияланған «Менің атам – майдангер» конкурсы жайында елордамызда тұратын туысқандарымнан естіп, мен де соғыста ерлік көрсеткен атам туралы жазуды жөн көрдім. Менің атам – Сақтапберген Ақмағамбетов 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған.

Соғысқа кіріскенше арнаулы әскери оқу бөлімшесінде танкист әскери мамандығын игеріп алады. Содан Украина, Польша, Чехословакия жерлерін фашистерден азат етуге қатысып, Берлинге шабуыл жасаушылардың қатарында болған. Оның кеудесін көптеген орден-медальдар көмкеріп тұратын. Соғыстағы бір операция барысында ерлік көрсеткені үшін командирлер атамды «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапаттаған.
Әкемнің айтуынша, ол уақиға былай болған екен: 1944 жылы Берлинге қарай бет алып бара жатқанда біздің жаяу әскер фашистер бекініп алған бір деревнядан әрі өте алмай тұрады. Сонда менің атам бастаған «Т-34» танкі деревняға баса кіріп, жаудың бәрін жер жастандырған екен. Міне, сол жолғы ерлігі үшін менің атам орденге ұсынылыпты.
Соғыстан кейін атам тағы да бес жыл әскери қызметте болған. 1950 жылы капитан шенінде елге оралған. Бейбіт өмірде атам Қостанай өңіріндегі шаруашылықта ұзақ жылдар автомобиль жүргізушісі, механизатор болып еңбек етті. Совхоздың гаражын басқарған. Түйіндеп айтқанда, менің атам еңбек майданында да қажырлы қайратымен, ерен еңбегімен ел-жұртқа сыйлы болған.
Соғыста және еңбекте көпшілікке өнеге болған майдангер атам үлкен әулеттің басы болды. Сегіз баласынан 28 немере, 32 шөбересі бар. Мен шөбересімін. Өкінішке қарай, атам өмірден ертерек өтіп кетті. Сондықтан, мен майдангер қария көргенде Сақтапберген атамды еске аламын. Ал, биылғы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейлі тойымен біздің баршамызға бейбіт өмір сыйлаған барлық соғыс ардагерлерін құттықтаймын.

Ақбота ЕРМЕКБАЙ,
«Дарын» орта мектебінің оқушысы
Қостанай қаласы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button