Жаңалықтар

ТАНЫМАЛ ӘНДЕРДЕН ТАРТУ

Қолымызға түскен жаңа кітап күллі қазақ даласын көз алдыңызға әкеліп, құлағыңызға қалықтай шырқалған ән болып естіледі. Кеудені сезім иірімдерімен шиырлап, ұлттық нақыштағы сазымен санаңызды серпілте түседі. Салқар Сарыарқалы туған далаңыздың төсінде отырып, еліңізді, жеріңізді бұрынғыдан да бетер сүйе түсесіз де, сол әнмен бірге шабытыңыз да шалқып қоя береді.

Жаңа жинақтың алғашқы бетіне «Қазақ­стан» телерадио корпорациясы» акцио­нерлік қоғамының басқарма төрайымы Нұр­жан Мұхамеджанова былай жазады: «Ға­сырға жуық уақыт бойы мәдениетіміздің мәйегін, ұлттық құндылықтарымыздың қай­мағын іркілтпей сақтаған Қазақ радиосы – халқымыздың рухани байлығы шоғырланған үлкен мұрағат ошақтарының бірі. Соның ішінде өткен жылдардан сыр шертетін Алтын қорды ел мәдениетінің баға жетпес асыл қазынасы деуге болады. Ондағы аса құнды рухани байлықтарымыздың қатары – есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазылған замана бұлбұлдарының шығармаларымен толыққан. Атап айтсақ, Әміре Қашаубаев, Кенен Әзірбаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, ал ға­сырлар сарынын жеткізген шебер күйшілер – Дина Нұрпейісова, Жаппас Қаламбаев, Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзиннің орын­дауларында жазылған шығармалар – мәде­ние­тміздің алтын тамыры. Сондай-ақ, хал­қымыздың асыл қа­зынасы саналған жыр-термелер, қиссалар мен батырлар жырлары да өз алдына бір дүние».

Иә, Қазақ радиосының Алтын қоры Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Жамал Омарова, Ришат Абдуллин, Роза Бағланова сынды күміскөмей әншілеріміз орындаған туындылармен де бай екенін білеміз. Әуе тол­қынынан әндері беріліп жүр. Сонымен қатар, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Фуат Мансұров секілді бірегей дирижерлер басқарған өнер ұжымдарының шығармалары, Қалибек Қуанышбаев, Шәкен Айманов, Ыдырыс Ноғайбаев тәрізді театр майталмандары қатысқан спектакльдер, Мұстафа Шоқай, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Мұқағали Мақатаев, Шыңғыс Айтматов, Дінмұхаммед Қонаев сияқты мемлекет, қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың, ел ағаларының дауыстары Алтын қордың қазынасын молайтып тұр.
Қазақ радиосындағы бай мұраның бірі – композиторлар жазған шығармалардың ноталық нұсқалары – клавирлер мен партитуралар. «Бұл дүниелердің құнды болатын себебі, – дейді Нұржан Мұхамеджанова, – олар авторлардың өз қолдарымен жазыл­ған, қағазға түскен». Алтын қордағы ұлт байлығын ел арасында насихаттау мақ­са­тында жаңа мәдени жоба қолға алынып, «Қазақстан композиторларының кең та­раған ән-романстары (клавир)» атты кі­таптың бірінші томы әнсүйер оқыр­ман­ның қолына тиді кеше. Алғашқы жи­наққа қазақтың кәсіби музыка өнерінің іргетасын қалаған Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал», «Тос, мені тос», Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш», Латиф Хамидидің «Бұлбұл», «Қазақ вальсі», Евгений Брусиловскийдің «Алтай», «Шолпан» әндері енген. Бұлардың қатарында Біржан сал, Ақан сері, Мұхиттардың ізін жалғастырған Әбілахат Еспаев, Шәм­ші Қалдаяқов, Садық Кәрімбаев, Бекен Жа­­мақаев сынды сазгерлердің туын­ды­ла­ры­ның ноталық нұсқалары бар.
Осы игілікті іске демеушілік жасап, қол­дау білдірген – «Шеврон» компаниясы.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button