Басты ақпаратМәдениет

ТАНЫМАЛ ТОПТАРДЫҢ ТАРТУЫ

Жақсы әннің жалпақ жұртқа жетуі кейде ұзақ жылдарға созылады. Оны қалың тыңдаушыға жеткізе білетін әнші табылғанша композитордың қоржынында жатып қалады. Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахмедияр Есмұхановтың «Тамшылар» әні туралы осыны айтуға болады. Бұл шығарма өткен ғасырдың жетпісінші жылдары дүниеге келсе де, тоқсаныншы жылдардың орта тұсында ғана ел аузына ілікті. Сол кезеңде жаңадан құрылған «АБК» тобының репертуарынан орын алып, топтың танылуына сеп болды. Аталмыш әнге түсірілген бейнеклип те ұжымның танымалдығын арттырды.

13

«АБК» АЛҒАН АСУ
Кейіннен ұжымды бастаушы серке сынды азамат Қыдырәлі Болманов «Ұлытау» тобы сияқты жаңа жобаларды қолға алып, «АБК» құрамындағы Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев жеке әншілер ретінде жұмысты жалғастырды. Міне, қазақ эстрадасында өзіндік із қалдырған бұл топқа биыл 20 жыл толып отыр. Отандық музыка әлеміне жаңа леп әкелген «Ұлытау» тобының құрылғанына да 15 жыл. Осыған орай 6 шілде күні «Алау» Мұз айдыны сарайында Астана күні мерекесіне арналған «Ұлытау ұлы» атты концерт өтеді. Онда көрермендер сүйікті әншілерімен қауышып, құлаққа таныс әндер мен әлі ести қоймаған туындыларды тыңдайды.
Арынбаев, Болманов, Көкеев – біртұтас алғанда «АБК» тобының әншілерін «Азия» дауысы байқауы таныстырды. Үшеуінің де шы­ғармашылықтарының ша­рық­тауына аталмыш байқау серпін берді деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Мәселен, топ продюсері Қыдырәлі Болманов 1991 жылы бұл байқаудың дипломанты атанды. Оның сахнаға эстрадалық өңдеуде айтып шыққан «Сүгір­дің термесін» көрермен әлі ұмыт­паған болар.
Жалпы, топ жетекшісі бұған дейін Грозный қаласында өткен Бүкілодақтық студент жастар байқауына (1987 ж), «Жігер» республикалық байқауына (1988 ж), Дания-да өткен «Борнхольм-90» халықаралық байқауға (1990 ж), Литвада өткен «Вильнюс» халықаралық конкурсына (1993 ж) қатысып, солардың бәрінен лауреат атағын алып келді. 1994 жылы Қазақстан Жастар одағы сыйлығын алды. «АБК» тобы құрылғаннан кейін төрт жыл өткенде «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Бұған аталмыш топтағы өнері әсер етпей қоймады.
Үштік құрамындағы Медеу Арынбаев пен Ерлан Көкеев те топ құрылмай тұрғанда өнерден қара жаяу емес еді. Медеу ән жазумен шұғылданатын (кейін­нен «Өмір – өзен» сынды шығар­малары тыңдарман жүрегіне жетті де). Ал «АБК» тобы­нан кеткеннен кейін «К-7» ұжымын құрған Ерлан болса, «Дос-Мұқасан» вокалды-инструменталды ансамблінің музыканты болатын.
«АБК» құрылғаннан соң үш әншінің шығармашылығы одан әрі дамыды. Жаңа әндерді жаздырумен қатар ел жақта айтылатын, алайда, қалың жұртқа жете қоймаған тамаша туындыларды танытты. Мысалы, «Тамшылар» әні аталмыш туындының композиторы және Қыдырәлі Болмановтың өзі туған Жезқазған өңірінде ғана айтылатын. Ақын Сайлаухан Нәкенов пен белгілі композитор Жақсыгелді Сейіловтің шығармашылық бірлестігінен дүниеге келген «Ұлытау» әні де солай. Міне, «АБК» тобы осы әндерді жұртқа жеткізе білді. Топтың репертуарындағы аса көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңіне жазылған «Ауылымды сағындым» әні де халықтың сүйікті әніне айналды. Әсіресе, осы әнге бейнеклип өте сәтті түсірілді. Клипте көрінетін балалардың әншілерге қатты ұқсастығымен де, таңдалған тақырыптың ұлтымыздың жүре­гіне жақындығымен де бұл туын­ды халықтың есінде қалды.

ulytau-uly-qazaqstan-estrada-zhuldyzdarynynh-koncerti

ҰТЫМДЫ ҰЛТТЫҚ ЖОБА
Жалпы, Қыдырәлі Болма­новтың жобаларының барлығы да ұлттық сипатымен ерек­шеленеді. Мәселен, скрипка мен гитараға домбыраны қосып, қазақ музыкасының құді­­ретін айдай әлемге паш етті. Күй атасы – Құрман­ға­зы­ның, Ма­хам­­беттің, Дәу­лет­керейдің, Тәт­­тімбеттің, Нұр­ғиса Тілен­диевтің күй­лері­мен шектелмей, Бах, Виваль­ди, Паганини сынды классик композиторлардың шығар­маларын этно-рок сти­лінде орындайтын топ шетел­дерге шығып, ел абыройын асқақтатты. Атап айтсақ, 2001 жылы Голливудта өткен Бүкіл­­әлемдік музыка орындау­шыларының чемпионатына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Таяуда ғана Германияға барып, ондағы жұртты тамсандырды. Мәскеуде, Лондонда жеке альбомдарын шығарды. Енді астаналықтар және қала қонақ­тары елімізде ғана емес, шетел­дерде танымал топтың өнеріне қол соғуға мүмкіндік алып отыр.
Астана күніне орай өтетін концертке қазақтың дарынды әнші қызы Қарақат Әбілдина да қатысады. Әу баста сахнаға қара домбырамен шыққан ол кейіннен эстрада әлемінен де өзіне лайық орнын алды. Бастапқыда жұбайы Қыдырәлі Болмановпен бірге жұп құрып, «Аяулым» әнін айтып шыққан әнші әрі қарай жеке эстрадалық әнші ретінде де танылды. Алайда, дуэт болып шырқайтын әндері өнерсүйер жұртқа көбірек жағатын сияқты. Оны әншілер өздері де түсініп, «Ризамын саған», «Ханзадам», «Кездесу», «Сүйгендер жырлайды» т.б. екі дауысқа арналған туындыларды жаздырды. Әсіресе, дуэт белгілі композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Гүлсезім», «Айналайын» әндерін сәтті жаңғыртты.
Айтпақшы, әншілер композитор Кеңес Дүйсекеевтің «Теңеу бар ма саған?» әнін орындап, композитордың бейнесін осы шығармаға орай түсірілген бейнеклипте де жарқ еткізді. «Бұл клипке ал­ғашқы рет түсуім болды» дейді композитордың өзі бұл жөнінде. Сондай-ақ, Қарақат «Жаңаарқа вальсі», «Ақ­тоғай – алтын бесігім» сынды шығармаларға екінші өмір сыйлағандай болды. Ал, Астанада өтетін концертте тыңдарман көптен бері күтіп жүрген жаңа әндердің де тұ­сауын кеспек.
Дарынды әнші Астанада ашылып, бірнеше жылдың көлемінде жұмыс істеп келе жатқан «Қарақат» мектеп-студиясында жеткіншектерді өнерге баулып келеді. Ол тәр­биелеп отырған балалардың арасында, әсіресе, жетігеншілер ансамблінің өнері ерек. Концертте сонымен қатар осы топ та құлақ құрышын қандырады.
Бұған қоса, қазіргі кезде халықтың сүйікті әншісіне айналған Төреғали Төреәлі де «Ұлытау ұлы» концертінде сахнаға шығады. «МузАРТ» ансамблі де бой көрсетеді делініп отыр. Ал, кеш тізгінін танымал шоумен Тұрсынбек Қабатов ұстамақ. Жалпы, Қыдырәлі Болманов бас болатын әр концерт үлкен шоуға негізделіп өтіп жатады. Продю­сер дыбысты, жарықты, декорацияны ерекше жасатуға тыры­сады. Бұл жолғы концерттен жақсы әндермен қатар, сондай ерекшеліктер күтеміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button