Қала тіршілігі

Тапшы мамандықтарды меңгеруге талпынайық

Қоғамда көп талқыланатын тақырыптардың бірі – жұмыс мәселесі. Биліктің сөзімен айтсақ, жұмыс бар, бірақ, оны істейтін жұмысшы жоқ. Ал жұмыссыз бұқараның тілімен айтсақ, жұмыс жоқ. Шынтуайтына келсек, жұмыс жоқ емес. Бар. Қарап отырсақ, бұл жолда жоғы – құлық. Неге дейсіз ғой? Ендеше, көз тігіңіз…

Кеңес заманында экономист пен есепші мамандардың түкірігі жерге түспей тұратын. Ол екеуіне ел қызығып қарайтын. Неге? Өйткені, ондай болу екінің бірінің қолынан келмейтін-ді. Ондай оқуға түсудің өзі оңай болмайтын. Әлбетте, қазіргідей коммерциялық бөлімде оқу деген атымен жоқ. Жүз адамның әрі кетсе, он-жиырмасы түсер. Яғни, талаптылар топ жаратын. Сондықтан болар, сол кездің мамандары білікті һәм білімді болды.

Ал қазір ше? Қазір ерінбеген — есепші, заңгер, бухгалтер… Бұл тізімді тізбектей беруге болады. Бізге керегі ол емес қой. Сол мамандықтың дипломын қалтаға салып, басқа мамандықтың кілтін бұрап жүрген «мамандар» жайлы сөз етпекпіз.

Себебі неде?

Бүгінде ақ жағалы, ақсаусақ бастық болып, өзінен басқалары оның қарамағында жұмыс істеп жүргенін қалайтындар көп. Сол себепті, елдің бірі қалмай бәрі басшылық қызметте істесе, қарапайым жұмысты кім істейді деген сұрақ тасада қалады. Қарапайым мысалмен айтайық, егер үйімізде жарық сөніп қалса, оны кім істейді? Егер тұрбадан су тамшылай бастаса, кімнің көмегіне жүгінуіміз керек? Жарық сөнсе, әрине, электрик іздей бастаймыз, сол сияқты суыңды қосып берген сантехникті де көкеміз деп көреміз. Әлбетте, олардың бір келіп кетуі кемі 1000-1500 теңге тұрады. Мынау не деп кетті демеңіз, айтпағым, қарапайым электрик пен сантехниктің бүгінгі қоғамда тапшы кәсіпке айналғандығы.

Техникалық кәсіп иелері таптырмас жұмысқа айналғаны біз айтпасақ та белгілі. Есесіне, бухгалтерлер мен заңгер, экономист пен кеден ісі бойынша мамандықтар көбейіп кетті. Бұл мамандар мүлдем керек емес деп айта алмаймыз. Десе де, кез келген оқу орындарында бар бұл мамандықтар тым қолжетімді болып кетуіне ақылы оқу жүйесі сеп тигізіп отыр. Мамандық атауындағы тепе-тендіктің жоғалуына не себеп?

Біріншіден, мамандық таңдаудағы қиындық. Мамандық таңдағанда бала көбінесе өз еркімен емес айналасындағылардың айтуымен барады. Екіншіден, қоғамның бұл мәселеге бейжай қарауы. Отбасында «Бәленшенің баласы анау жерде бастық болып отыр, сен содан асып түсуің керек» деген әңгіме айтылмайды емес. Осындай сауатсыз бәсекелестік те біз көтеріп отырған мәселеге түрткі болуда.

Кім жетіспейді?

Елімізде он жылға арналған индустриаландыру картасы бар. Оған сенсек, 2020 жылға дейін Қазақстан отандық экономиканы индустриалды-инновациялық тұрғыдан дамыту керек. Ал енді қараңыз, индустриалды кәсіпорындар күн санап көбейіп келеді. Өкініштісі, сол жаңа өндіріс орындарында жұмыс қолы жетіспей жатыр. Кәсіптік мамандықтарға деген сұраныс күн сайын артуда. Олардың орташа айлық табысы біздікіне қарағанда әлдеқайда жақсы. Мәселен, Астана қаласының жұмыспен қамту орталығындағы хабарландыруға көз жүгіртсек, құрылыс компанияларындағы дәнекерлеушілер қолдарына 120 мыңнан бастап 240 мың теңгеге дейін алады. Инженер-механиктердің ең аз табысы – 90 000 теңге. Ал, жылу техникасындағы инженерлер мен инженер-жобалаушылар 100 мыңнан кем ақша алмайды. Жүргізуші, аудармашы, шаштараз, етікші, құрылысшы, бағбан сынды басқа да мамандар қажет. Сол сияқты елордада күн сайын көбейіп келе жатқан фитнес, сұлулық салоны, мейрамхана мен мейманханада қызмет көрсететін мамандардың орны бос тұр.

Не істеу керек?

Жұмыссыздық пен жұмыспен қамтуға бейжай қарамауымыз керек. Ол – бір адамның басындағы емес, тұтас бір мемлекеттің проблемасы. Елбасының тапсырмасымен қабылданған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы осы күрделі мәселенің күрмеуін шешуге арналған. Бірқатар бағытпен жүзеге асырылатын бағдарлама елдегі жұмыссыздар санын мейлінше азайтып, екі қолға бір күрек табуға жәрдемдесуді діттеп отыр. Ең бастысы, бұл мәселені шешуді тек биліктің құзырында деп түсіну қате. Қоғам болып, проблеманы қалай шешу керек деген сұрақтың жауабын іздеу керек.

Біріншіден, қоғамдағы қарапайым мамандықты насихаттау керек. Қылт етсе, кеңестік кезеңді мысал етіп айтамыз. Сол кезеңде жұмыскерлерді насихаттаудың түрлі жолдарын тапты. Мәселен, тек газетке мақала жазып, телеарнаға түсірген жоқ. Олардың мамандығын әнге қосты. Нақты мысалмен айтсақ, «Су тасушы қыз», «Шопырдың әні», «Дәрігер әні», «Шопыр келді қырманға» сынды әндер сол кезеңде хитке айналып, талай кештің сәнін келтіргеніне ешкім дау айта қоймас.

Екіншіден, ол жұмыс істегісі келген адамның өзіне байланысты. Олай дейтінім, жұмыс ұсынып, адам таппай отырған мекемелер бар. Сол сияқты жұмыс таңдап үйінде жатқан жандар да жоқ емес. Сондықтан, қандай кәсіп болса да, арланбау керек. Қолдан келіп тұрса, бұйырған жұмыстан бас тартпай, білек сыбана кірісу керек.

Айнұр ШОШАЕВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button