Тапсырыспен тамақ алсаң, абайла!
Қазіргі таңда интернет-сауданың дамыған заманы. Қыз-келіншектердің көбі уақытын үнемдеу үшін үйіне қонақ шақырса, асыққан жағдайда қалаған тағамдарға тапсырыс бере салады. Ал үй жағдайында дайындалған мұндай өнімдерді пайдалану эпидемиологтардың алаңдаушылығын тудырып отыр.
Елордада жыл басынан бері қоғамдық тамақтану орындарына тұрғындар тарапынан 17 шағым келіп түскен. Улану оқиғалары да аз емес. Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халық арасында тамақтан уланудың және жіті ішек инфекцияларының пайда болуын болдырмау мақсатында әлеуметтік желілер арқылы тағамға тапсырыс беру кезінде барынша мұқият болуға шақырады.
«Келеңсіз жағдайға тап болмас үшін онлайн-тапсырыс бергенде алдымен ақпаратқа назар аударыңыз. Көрсетілген сайттарында немесе ресми парақшаларында фирманың атауы ғана емес, орналасқан жері және жұмыс режимі де көрсетілуі керек. Ұсынылатын тағам түрлері туралы ақпарат берілуі тиіс. Тапсырыспен сатып алғаннан кейін чекті электрондық поштаға немесе телефонға алғаныңызды нақтылау үшін төлемді жеке тұлғаларға аудармаған жөн» дейді Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева.
Маманның пікірінше, тағамның атауы, жарамдылық мерзімі және қаптамадағы құрамын мұқият тексеру әр адамның өз денсаулығына жауапты екенін білдіреді. Сондай-ақ өнімнің салмағы, оның тағамдық құндылығы, дайындалған күні мен сағаты, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары да көрсетілуі тиіс. Тамақ өнімдерін дайындаушы жеке кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің атына дейін тұтынушыға ұсынылады.
Көптеген азамат үй жағдайында піскен тәтті тоқаштарға, жылдам дайындалатын тағамдарға тапсырыс бергенде сатушыдан ешқандай құжат талап етпейтіні анық. Сондықтан олар рұқсат құжатын алмай, заңсыз жұмыс істей береді. Қолдан пісірілген өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасын куәландыратын құжаттарсыз-ақ сатылымға шығара береді. Кім дайындады, қалай жасады, қандай өнімдерді қолданды – ол жағы жұмбақ.
«Жуырда баламның туған күні болды. Отбасымызбен түнгі сағат 12-ден кейін құттықтағанды жөн көрдік. Күндіз дүкеннен торт алуға үлгермегендіктен, Instagram желісі арқылы онлайн заказ бере салдық. Бағасы да арзан емес. Өзіміз жеткізу қызметіне ақша төлеп, үйге алдырттық. Торттың қорабында ешқандай жазу болмады. Ертеңіне кішкентай екі ұлымыздың іші өтіп, құсып ауырды. Жедел түрде дәрігер шақырған едік, астан уланғаны белгілі болды. Бұл туралы сатушыға айтқанымызда, ол ат-тонын ала қашты. Ешқандай рұқсат құжатын ұсынбағандықтан, шағым жазуға тура келді» дейді елордалық Айнагүл Жексенбаева.
Жалпы күмәнді парақшалар арқылы немесе кездейсоқ адамдардан үйде дайындалған өнімдер, әсіресе кремді-кондитерлік өнімдерді сатып алу қауіпті. Улану белгілері пайда болған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
«Тамақтан уланудың екі себебі бар. Олар – санитарлық нормаларды сақтамау және құрамында патогендер мен улы заттар бар тағамдарды тұтыну. Улану белгілері болса, алдымен асқазанды шаю керек және дереу дәрігердің көмегіне жүгінген жөн» деп ескертеді Айгүл Шағалтаева.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ