Қоғам

Тақуалық пен дарақылық

Көркем мінезге қиғаш келетін «дарақылық» біздің бойымыздағы бар кемшілікті дәл басып анықтап бере ала ма білмеймін.

[smartslider3 slider=1210]

Менің түсінігімде, даңғазалық – мақтаншылық, астамшылық, ысырапшылдықты қосып алғанда саналы адам жиіркенетіндей жақсылықтан үміті жоқ бүгінгі келбетіміздің бір сипаты. Байқағаным, өз мінезіміздегі, күнделікті әрекетіміздегі «дарақылықты» тани алмайтындай халге жеттік. Өйткені оған қарсы қояр «тақуалық», «аскетизм» санамызға сіңбек түгіл, күнделікті сөздік қорымызда жоқ. Қарапайым пендені адамгершіліктің қалыбында ұстап тұратын тақуалықты дәріптеп, осы ұғымға сиятын бар қасиетті бойымызға сіңірмейінше, адамзатты игіліктерге жетелейтін жол бізге жабық. Содан да дарақылықтың батпағына батып, ненің жөн, ненің бұрыс екенін ұғынудан қалдық. Дарақылыққа қарсы екпе болмаған соң, сөйлеген сөзімізде пәтуа жоқ, ортадан жаман әдетпен озып шығып, оғаш әрекетімізбен елді таң қалдырғымыз келеді. Мақтаншылықпен мал шашып, тойдың қадірін кетірдік, аста-төк дастарқан жайып, беймезгіл қонақтықтан бауырымызды май басты. Әулеттің кішігірім жақсылығын ұлан-асыр тойға ұластырып, қуанышымыздан береке кетті. Ду-думанның ортасында жүрген біздерді бұл сұрақ ойландырмас па еді. Әлеуметтік желіде желіген видеожазбалар жеткен жерімізді нұсқағандай болды. Оның бірінде от шашу шашып, аласұрған ортаға сыйлыққа алып келген жылқының бүдірі жоқ жылтыраған кафельде тайғанақтағаны жаға ұстатты.

Жақында қазақтың томпақ қызы қара нәсілді жігітке тұрмысқа шығып, елді екіге бөлді. Қыз таңдауын бірі дұрыс, бірі бұрыс десе де, «Мен сияқты елді шулатып күйеуге шықпасаңдар, қойыңдар» деген қалыңдықтың сөзінен бақытын іздегеннің емес, дарақылықтың лебі есіп тұрды.

Көбіміз оны да аңғармаймыз, жырқ­-жырқ күлеміз, таң қалып таңдай қағамыз. Есірген жұрт одан да асып түспек болып тағы ышқынады. Кемтар қиялына ерік беріп ойға келмейтін нәрселерді ойлап тауып жатады. Ессіз әрекетімізге қалайша есеп береміз? Дарақылық дендеген қазақтың баласына не тоқтам болмақ?!

Алдымен ойға «тақуалық» түседі. Тарқатып айтайын десең, тағы тартынамыз. Өйткені қазіргі ала-шұбар қоғамда дінді қалай қалқан етер екенбіз? Сол діннің шеңберінде қарасақ, жан рахатын – қиындыққа, ерігіп босқа өткен уақытты – еңбекке айырбастау, өзгеден өзін жоғары қойып, кішік болуға, барға қанағат, жоққа сабыр етіп, сыңаржақ көк­езуліктен гөрі үнсіздікті таңдау сияқты шарттар біздер сияқты екі аяқты пендеге шақтап өлшенбегендей көрінеді.

Алайда зайырлы тақуалықтың да түрі барын естен шығармаңыз. Адал еңбектің абзал, асып-тасудың артық екенін түсінудің арқасында батыс Еуропа халықтарына, содан кейін Америкаға қоныс аударушыларға капитализмді, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік берді.

Дарақылықтан арылу үшін алдымызға биік мақсат қойып, сол жолда кездесетін кедергілерді басып-жаншып өте аламыз ба? Өте алмаймыз-ау. Таразының басына екеуін қатар қойғанда тақуалық тартпай тұр. Ол болмаған соң өз қалауымыз қараң қалып, «жұрт не дейдінің» жетегінде кетіп, жұрт жасағанды жасаймыз. Ол жұрттың алдында жат қылығымен  дарақыланғандар жүр, басқасы соған қарап бой түзейді. Ал тақуалығымызды ойласам, кафель төселген жалтыр еденде тайғанақтап, тапырақтаған жануар еске түседі.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button