Мәдениет

«Тар заманнан» тарихи шындықты көресің

Астанадағы «Kinopark» кинотеатрлар желісінде «TAR ZAMAN» көркем фильмінің алдын ала көрсетілімін тамашалау мүмкіндігіне ие болдым. «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасы Алаштың 100 жылдығына орай түсірген жаңа телехикаядан ғаламат әсер алдым.

14 желтоқсаннан бастап «Kinopark» кинотеатрлар желісінде көрермендерге көрсетіле бастаған жаңа туынды Алаш тарихының бір кезеңін қамтиды. Фильм өте сәтті, сапалы, әсерлі болып шыққан. Ең бастысы, Алаш көсемдері мен қайрат­керлерінің бейнесі сәтті сомдалған. Тарихи шындық салтанат құрғанын көресің. Фильмдегі оқиғалар желісі Алашорда үкіметін құруды мұрат еткен Алаш зиялыларының өмірін бейнелейді. Атап айтқанда, Алаш арыс­тары – Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасұлы және т.б. образы көрініс тапқан. Негі­зі­нен алғанда, фильмнің бас­ты кейіпкері – Алаш кө­семі Әлихан Бөкейханның тұлғалық бейнесі де толық ашылған. Мұны Әлекеңнің Алаш зия­лыларымен, өз төңірегін­дегі тарихи тұлғалармен қарым-қатынасынан, күрес­керлік қызметінен, қайраткерлік көзқарасы мен ұлттық ұстанымынан, тағдыры мен махаббатынан көріп, барлық қырынан тани түсесің.
Қазақ даласында кеңес өкіметі орнаған кезеңдегі аласапыран. Қазан төңке­рісінен кейін қазақ жұрты­ның неге екіге бөлінгені фильмдегі басты оқиғаға арқау болған. Өз ұлтына шексіз берілген Алаш арыс­тарының әр қадамы, әр қа­­рекеті шынайылықпен су­­реттелген. Фильмнің режиссерінің бір шеберлігі, большевиктерге берілген жас ақынның сатқындығын көрсету арқылы осы қасіреттің бүгінге дейін жеткенін бейнелейді. Бұл жерде режиссер Мұрат Бидосовқа ерекше алғыс айтуымыз керек. Фильмнің музыкасы да тамаша жазылған. Оқи­ғаларының шиеленісуі де бір-бірімен тұтасып, сол тар заманның шындығын көз алдыңа әкеледі. Әсіресе, Әлихан Бөкейханның өз серіктеріне қарап: «Ұлтқа қызмет ету үшін мінез керек!» деген сөзі өте әсерлі шыққан. Фильмде Омбы, Семей қалаларындағы қым-қуыт оқиғалар, Алаш әс­керінің құрылуы, Әлекеңді Сталиннің Мәскеуге шақыруы, абақтыдағы тергеу ша­ралары анық, нанымды етіп суреттеледі. Жаңа туын­дыны көріп отырып, сол заманның шым-шытырық оқиғаларына дендеп, керемет әсерге бөленесің. Көркем шығарма Әлихан Бөкейханның Алашқа аманат еткен бес ұстанымымен түйінделеді.
Бір қуанарлығы, 12 серия­дан тұратын жаңа туынды жақында «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасынан көрсетіле бастады. Түрік пен үнді­нің сағызша созылған сериалдарынан шаршаған қазақ көрер­менін «Тар заман» ерекше қуантатыны анық.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button