Тарази тағылымы дәріптелді
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази залының ашылу салтанаты өтті. Сонымен бірге қаламгердің ХІІІ томдық шығармалар жинағының таныстырылымы өтті.
Іс-шараны жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы жүргізсе, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли, қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов қатысып, сөз сөйледі.
– Қазіргідей әлеуметтік желілердің заманында ең құнды нәрсе ол – мазмұн. Жастар мұны контент дейді. Ал біздің академиялық кітапханаға Әкім Таразидың көзқарасының қалыптасуына, тұлға болып жетілуіне әсер еткен кітаптардың қойылуы жастарымыздың білімге құштарлығын оятып, кітапқа деген ынтасын еселей түседі. Осы аудиторияға сыйлаған кітаптарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта осы жердегі сіздің жылдар бойы жинаған кітап-қазынаңыздан нәр алып сусындаған шәкірттеріңіздің арасынан да елімізге еңбек ететін тұлғалардың шығатынына сенімдіміз, – деді Рустам Әли.
Қала әкімінің құттықтау сөзін жеткізген Есет Байкен қаламгердің денсаулығына амандық, шығармашылығына табыс тілесе, мәслихат төрағасы жазушының шығармашылығының өміршеңдігіне тоқталып, жазушының туындылары, қоғамдағы қызметі ұрпақ үшін өшпес өнеге екенін айтып, Әкім Таразидың ұлт руханиятын байытуға, қазақ әдебиетінің мазмұнын дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз екенін атап өтті.
Шын мәнінде, Ұлттық кітапхана төрінен Әкім Тарази аудиториясының ашылуы жастарға, шығармашыл адамдарға рухани қазына сыйлайтын ордаға айналары хақ. Өйткені мұнда жазушының өзі оқыған және қаламгерге қолтаңбаларымен сыйға берілген кітаптардың жиынтығы топтастырылып, арнайы сөреге қойылған. Жеке қорындағы кітаптарды Әкім Ұртайұлы 2016 жылы Ұлттық академиялық кітапханаға сыйлаған.
– Бұл кітаптар Әкім ағаларыңның өмір бойы жинаған қазынасы, сырлас достары деуге болады. Мұнда қазақ ақын-жазушыларының, көрнекті қоғам және саясат қайраткерлерінің шығармаларынан, Қазақстан тарихы, мәдениеті туралы және де Әкім ағаның әр жылдары басып шығарған шығармалар жинағы тұр. Оның ішінде «Мұстафа Шоқай», «Махаббат жыры», «Қорқау жұлдыз» сияқты романдары мен көптомдық шығармалары бар. Сондай-ақ мұнда сирек кітаптарға жататын Абайдың 1945 жылғы шығармалары, Ш.Уәлихановтың, Манас жыры мен әлем жазушыларының озық туындылары бар. Осы кітаптарды кітапханаға сыйлайтын кезде Әкім ағаларыңның көңілі босап, көзіне жас алған болатын. Бірақ оқырмандар мен жастардың игілігіне жараса ол да бір ғанибет деп ойлап, осындай шешімге келген болатын, – деп атап өтті жазушының жары Роза Мұқанова.
«Әкім Тарази» оқу залының ашылуынан кейін жазушының көптомдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.
Шапағат ӘБДІР