Мәселе

Тәрбиелеуші ме, жазалаушы ма?

Сынаптай сырғыған сағат, тауқыметі көп қым-қуыт тіршілік, жан-жақтан қысқан несие, төлеуге тиіс пәтерақы, күн сайын қымбаттаған азық-түлік, түрлі-түрлі проблемалар қазір адамды есінен адастырады. Сондықтан да аналардың ұзақ жылдар бойы бала тәрбиесімен үйде отыруға мүмкіндігі жоқ. Бала 2-3 жасқа толысымен балабақшаға беріп (балабақшадан орын алу, кезектің машақаты – бөлек тақырып), ұрпағының тәрбиесін балабақшадағы тәрбие­шілерге сеніп тапсырады. Ал тәрбиешілер ше? Өзіне тапсырылған өзгенің баласына жанашырлықпен қарай ма, қаншалықты ол ата-аналардың сенімінен шығып жүр?

 

[smartslider3 slider=3851]

 

«Баланы ұрған балабақша қызметкері жауапқа тартылды», «Балабақша тәрбиешісі баланы ұрып-соққан», «Балабақшада балаларды ұру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды» деген тақырыптармен түрлі оқиғалар бәріңізге әлеуметтік желі арқылы таныс, қоғамның қызу талқылауына түссе де мұндай келеңсіз фактілер әлі де азаяр емес. Балабақша тәрбиешісінің, бөбектерді ұрғаны дәлелденсе, жауапқа тартылатыны да түсінікті. Мұнымен мәселе біте ме, бала қауіпсіздігін  бірінші орынға қоятын ата-ана, жұмысбасты жандар балабақша таңдарда неге назар аударуы қажет?

ҚР Конституциясында «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» деп жазылған. Заңды белшесінен басып, бүлдіршіндерге қол көтерген қатыгез тәрбиешілер әлі күнге дейін азаймай отырғаны шындық.

Биылғы жылдың қаңтар айын­да елордалық полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі Нұр-Сұлтандағы жекеменшік балабақшада баланы ұру фактісі бойынша қозғалған іс материалдары соттың қарау­ы­на жолданғанын хабарлаған болатын. «Алан» жекеменшік балабақшасында баланы ұрып-соғу фактісі бойынша ҚР ҚК 140-бабы (білім беру мекемесі қызметкерінің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы) бойынша қылмыс­тық іс қозғалды. Күдіктінің кінәсі толық дәлелденді. Биылғы жылдың 25 қаңтарында қылмыстық іс аяқталып, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді» деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан ПД бастығының орынбасары Мұратжан Шакеров.

Бұған дейін баланы ұрып-соққаны туралы әлеуметтік желілерден белгілі болған. «12 қаңтарда балаларымызды балабақшадан алып кеткенбіз. Балақайлардың бірінің анасы үйінде баласын шешіндіріп қараса, денесі көгала қойдай. Ол медицина қызметкері. Сондықтан баланың денесінде жарақат, соққының іздері мен көгерген жерлер неден пайда болғанын біледі. 102 шақырып, арызданды. Біз іс қаралып жатқан шығар деп ойлағанбыз, сөйтсек, тергеуші әлі күнге дейін сот сараптамасын алмаған екен, іс қозғалмаған. Фото, видео бар. Қылмыстық іс қозғалмады. Сотты күтеміз. Бізді қорқытты. Меңгеруші барлық ата-аналардың көзінше менің үстімнен арыз жазамын деп қоқан-лоқы көрсетті! Мен Instagram-ға жариялауға қорқамын. Видео бар. Жариялауға қорқамын, тергеу деректерін жарияламау туралы қолхатқа қол қойдым» делінген хабарламада.

Ғаламторды ашып қалсаңыз, YouTube-ты қарасаңыз, балабақшаның бейнебақылау камерасына түсіріп қалған кадрларға назар аударсаңыз, еліміз бойынша, әр өңірден мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Балаға зорлық-зомбылық көрсету – жалғыз біз емес, әлем назар аударып отырған әлеуметтік мәселенің бірі. ЮНИСЕФ Балалар қоры жүргізген зерттеуге сүйенсек, дүние жүзі бойынша үлкендер тарапынан қатыгездік, зорлық-зомбылық көріп жатқан балдырғандардың саны миллион­дап саналады.

ҚР Адам құқықтарын қорғау ұлттық орталығы ЮНИСЕФ пен ЕК-тің қолдауымен бірлесе отырып жүргізген зерттеуінде:

– Қазақстанда 62% бала отбасыда зорлық-зомбылыққа тап болған;

– 37% бала зорлық-зомбылықтың куәгері болған;

– 66% бала мектепте зорлық-зомбылықтың құрбаны болған.

Бұл келеңсіздікті 1 жасқа дейінгі балалардың 30%-ы, 2-4 жас аралығындағы балалардың 50%-ы, 5-9 жастағы балалардың 58%-ы бастан өткерген.

Үлкендердің балаларға әлімжеттік көрсетуі күнделікті оқиғалардың біріне айналып кеткендігі – қазіргі  қоғамдағы қасірет.

Осылайша қоғамда балаларға қатысты жазатайым оқиғалар да, қылмыстық істер мен зорлық-зомбылық әрекеттер де жиі орын алуда. Көп жағдайда жазықтыларды жұмыстан қуумен шектеліп қаламыз. Жазықтылардың жауапсыз қалуы мұндай келеңсіз жағдайлардың қайталануына әсер етіп отырған жоқ па деп те ойлаймыз. Жазықтыларды жауапкершілікке тарту заңның ең қатал жолдарымен жүргізілуі тиіс. Баланы қорғай алмаған елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі сенімсіз.

Балалардың құқығын барынша қорғау үшін әлемде түрлі тәсілдер қолданылып келеді. Тәжірибелер көрсеткендей, ондай профилактикалар уақыт өте келе жақсы нәтиже әкелуде. Ата-аналарды оқыту бағдарламалары екі жылдың ішінде тәуір нәтижеге қолы жеткен.

Негізі, мұндай мәселелердің шешілмеуіне, күннен күнге ушығып, қайталандығына  басты себеп бар – ол білікті, әрі жауапты мамандардың тапшылығы. Ал мамандардың жетіспеуіне тәрбиешілердің өте төмен жалақы алатындығы себеп. Ақиқатына келсек, бүгінде тәрбиешінің болмашы айлығына жаны қысылған, тек уақытша жан бағуды күйттегендер баратыны баршаға белгілі. Тәрбиешілердің маман ретіндегі сапалық көрсеткішіне мән беру мәселенің түйінін шешер еді деп ойлаймыз.

 

Не істеу керек?

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенованың айтуынша, балабақшаларды лицензиялауды қайта енгізу тәртібі Білім туралы және Рұқсаттамалар туралы заңда бекітілген. Соған байланысты реттеушілік әсерді талдау жүргізіледі. Осы тәртіп бекітілген соң заңнама жасалады. Заңнамаға қандай өзгерістер енгізу қажет екені анықталады.

 Лицензия алған кезде мемлекеттік, сондай-ақ жеке меншік балабақшалар барлығына бірдей ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкестігін растауы тиіс. Лицензия алу кезінде мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік және жеке тұлғаларға ортақ ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкестігін растауы керек.

«Заң қабылданғаннан кейін нормативтік құжаттар жасалады. Сосын жұмыс басталады. 2022-2023 жылдары тиісті жұмыстар жүргізіледі. 2024 жылдан бастап лицензиялауды бастаймыз» деді ол.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін ғана мектепке дейінгі білім беруді кезең-кезеңімен лицензиялау жоспарлануда.

Келеңсіз жайды болдырмас үшін: балабақшаларға бақылау камераларын орнату мәселесін жедел қолға алу керек. Сондай-ақ қаладағы барлық мектепке дейінгі білім беру мекемесі басшыларын жинап, үнемі ұжымға түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуді міндеттеу өте маңызды.

Мысалы, Германияда, Австралияда, Канадада егер балалардың өміріне қауіп төнсе немесе ұйым стандарттарға сәйкес келмейді деп танылса, лицензия қайтарып алынуы мүмкін. Жауапты адамдар мектепке дейінгі ұйымды басқаруға құзыретті болмаған немесе бала күтімі бойынша жұмыс балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне немесе әл-ауқатына зиян келтірген жағдайларда да лицензиядан айырылуы мүмкін.

Балабақшадағы басты мәселе – тәрбиешілердің маман ретіндегі сапалық көрсеткішіне мән беріп, тәрбиешілерді біліктілік талаптарына сай келуін қамтамасыз еткен дұрыс. Мамандардың біліктілігін арттыруға үнемі мән беру қажет. Мұндай келеңсіз жағдай орын алса, жергілікті жерде шешілмей, сиырқұйымшақтанып кетсе, дереу Қазақстанның Бас прокуратурасына, Ішкі істер, Оқу-ағарту министрлігіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, облыс немесе қала әкіміне,  балалар құқығы жөніндегі өкілетті уәкілге Үндеу жолдау керек. Өйткені  бала – ең бағалы, ең қастерлі ұғым.

Бала қауіпсіздігі – жалғыз ата-ананың емес, қоғамның алаңдайтын басты мәселесі болуы тиіс.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button