БілімМәдениетТағзым

ТАРИХ ПЕН МӘДЕНИЕТТІҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

жургенов

Арпалыс пен әлеуметтік қақтығыстарға толы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде жоғары білім алған санаулы қазақтардың көрнекті өкілі Т.Жүргенов – түрлі халықтар мен өңірлерге тән тарихи-мәдени үдерістердің тәлімін тереңінен толғаған, оң тәжірибесін кәдеге жаратуға олжа салған қайраткер әрі ой иесі.

Ол Қорқыт Ата мен Фирдоуси заманының тұлғалары тағдырын, аңыз-әңгімелерінің көркемдік-идеялық болмысын ғылыми талдай алды, жаңа дәуірдегі Ресей, АҚШ, Ұлыбритания білімі мен ғылымы тарихындағы  ерекшеліктер мен қиыншылықтарды алға тарта отырып, Қазақстанның, орта азиялық республикалардың интеллектуалдық серпілісін толымды нәтижелермен көмкеруді армандады. «Америка мәдениетті мемлекет болып есептеледі, – деп жазған екен «Темір нарком» 1935 жылы, – Соның өзінде соңғы 60 жылдың ішінде халықтың сауаты он бес-ақ процент артқан. Ал бізде айналдырған 15 жылдың ішінде 59% көтеріліп отыр».

ХV ғасыр ақыны Асан Қайғы, ХІХ ғасыр дүлдүлі А.С.Пушкин, ХХ ғасыр Гомері – Жамбыл шығармашылығы оған мейлінше таныс болғаны «К задачам нового педвуза КССР коренизировать мировую культуру», «Орыс халқының ұлы жазушысы және қазақ халқы», «Қазақстандағы мәдениет революция­сы», «Шахнаме», «Мектептің түрі, тілі туралы (айтыс ретінде)», «О пьесе «Хан Кене» и ее критиках», т.б. кітаптары мен мақалаларында айқын көрініс тапты.

Тарих пен мәдениетке көзқарасы материалистік ұстаныммен, таптық, партиялық идеологиямен суғарылғаны рас. Бірақ бұл тұғырнама туған халқын, елін, жерін шексіз сүюге, қалтқысыз қызмет етуіне еш бөгесін туғызған жоқ. Кеңестік тоталитаризммен тілдесе жүріп, Қазақстанның мемлекет ретінде нығайып ілгерілеуіне үлес қосқан, халқымыздың интеллектуалдық, адами капиталын байытқан, сонысымен тәуелсіздігіміздің отын өшірмей, алғышарттарын қалыптастырған тұлға ретінде айрықша құрметке лайық. Мемлекетшілдігі, елшілдігі, халықшылдығымен Т.Жүргенов ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының қандай ғана болмасын шоғырына еркін кіре алады. Тап осы қасиеттеріне қарап, алашшыл Ахаң мен Жахаң жақсы еді, большевик Темірбек, Тұрар, Сәкен жаман еді деуге еш негіз жоқ.  Біз алашшыл зиялыларды радикалды зиялыларға жөн-жосықсыз қарсы қоя берсек, ғылыми танымдағы «солшылдықтың» балалық дертіне шалдығуымыз оп-оңай.

Бұлардың тарихи-мәдени көзқарас­тарында ортақ пайым-тұжырымдар аз емес. Мәселен, Т.Жүргенов қазақ тарихының айтулы уақиғалары қата­рына ұлт-азаттық көтерілістерді жат­қызды. Исатай-Махамбет, Кенесары көтерілістерін, 1916 жыл оқиғаларын зерделегенде патшалық езгіні, қазақтың ауыр халін, жер мәселесінің асқынғанын алдымен ауызға алды. Түпкі мақсат азаттыққа ұмтылыста жатқанын баса көрсетеді. «… Восстание 1916 года, – деп дәйектейді Т.Жүргенов, – прежде всего как общенациональное движение, было направлено главным образом на отделение от угнетающей национальности метрополии, это было своего рода выражением тоски казахского народа о независимости аула». Рас, хандардың, сұлтан-билердің ұлттық тарихтағы миссиясын тым сынап жіберетіні бар. «Қанды шелек төрелер бас мансаптары үшін өзді-өзі ыңғай араздасумен» жүрген себепті қазақтар Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтарын сағалауға мәжбүр болды деген көзқарасты ұстанды.

Ұлы даланы отарлауда белсенділік танытқан Ресей патшалары мен жоғары лауазымды шенеуніктерін қадау-қадау атағаны әсте кездейсоқтық емес. ІІ Екатеринаны, Горчаков пен Обручевті, Перовскийді, Черняевті ұлттық тарихтың зорлықшылары ретінде айыптаған. Қазіргі Қазақстан тарихнамасы да осы ұстанымды қуат­тайды. Ресей отарлаушылары құрған жергілікті басқару аппаратындағы қазақ шенеуніктерін, әсіресе, тілмаш­тарды жемқор, парақор санатына жатқызды. «Переводчиктің қиялы» өлеңінде жаңа әлеуметтік қауымды былайша суреттейді:

Бұрынғы ханзада, би, төре

Келмес енді маған тең.

Қулық-сұмдық, ұрлықты

Бұл үшеуін асырып

Өтетұғын көкеңнен

Өзі де болар азды-кем.

Т.Жүргенов Қазақстанның социа­листік болашағына қалтқысыз сенді. 1917 жылғы пролетариат революция­сынан кейін өркениет жолымен өрлей беретінінің кепілдігіне Қазақ автономиясының, кейінде Қазақ КСР-нің құрылуын, аумақ пен шека­раның анықталуын, әлеуметтік-эконо­микалық жаңғыруды, әсіресе, білім, ғылым, мәдениеттің іргелі та­быс­тарын жатқызды. Мәдениет пен білімсіз социализм ісі алға баспайтынына күмән-күдік келтірген жоқ. Өлкенің табиғи байлықтарын ашатын ғалымдар, халықтың денсау­лығын сақтайтын дәрігерлер, артта қалушылықты жоя­тын мамандар қажет екенін айтудан жалықпады. Ташкенттегі қазақ педагогикалық жоғары оқу орнының ректоры қызме­тінде отырған 1927 жылы: «Разработка научной терминологии, развитие, обогащение языка и литературы, осуществление надлежащего руководства и управления сложным организмом государственной машины, коренизация аппарата – вся эта группа государственных мероприятий окончательно может быть завершена при наличии Казахского вуза» деген жолдарды жазса, 1937 жылы жарық көрген соңғы мақалаларының бірінде мәдени революцияның түпкі мақсаты жаңа адамды қалыптастыруға тірелетінін дәйектеген.

Т.Жүргеновтің тарихи-мәдени көзқарасын әр затты өз атымен атау, кемшілікке төзбеу ерекшелендіреді. Сауатсыздықты жоюдан тартып мәде­ниетке қатысты мемлекеттік саясатқа дейінгі теория мен практикадағы олқылықтарға бағасын беріп отырды. Өзі оқу-ағарту наркомы бола тұра, «Қазақстан құрылғалы қазір 15 жыл болды, осыған қарамастан әлі күнге дейін 10 жылдық жалғыз да қазақ мектебі жоқ», «жоғары оқу орындарына әзірлігі жоқ, оқуға жарамсыз оқушылар жиылғандықтан іс маңызын кетірді: оқуға кіруші қанша болса, оқуын бітірмей шығып кетуші де сонша болды.  Оқу орындарын оқушылардың біреуі кіріп, біреуі шығып жататын базарға ай­налдырды. Соңғы жылдары жоғары оқу орнын бітіргендердің бір қатар­ларының шала сауатты болып шы­ғуына да осы себеп болды» деп, ащы ақиқаттың бетін ашуы – бүгінде екі министрдің бірінің қолынан келе бермейтін батылдық.

Тарих пен мәдениеттегі тілдің ма­ңызды орнын қапысыз білген Т.Жүр­генов – қазақ тілінің нағыз жанашыры биігіне көтерілген тұлға. Ол әлемдік білім, ғылым, әдебиет табыстарын қазақша сөйлетуді армандады, рухани-мәдени ықпалдастықтың игі нәтижелерін халыққа жеткізуге қызмет етті. Халықаралық терминдерді тұтынуда қазақ тілінің байлығы мен тазалығын сақтау естен шықпауын қадағалады, әлем мәдениетіне етене араласу міндетін шешкенде терминдерді жойдасыз қазақшалау өзін ақтай бер­мейтінін ескертті. «Жер үстіндегі жұрттың барлығында бір сөзбен айтылып жүрген түсініктерді қазақшаға аударып, қазақ сөзімен айтқаннан ол жаңа сөз әлгі түсінікті бере алмады, қайта халықты шатастырып, жазба сөздің барлығын түсінбейтін қылды, өйткені, «жаңа» деп тапқан сөз … ескіден келе жатқан өз түсінігінен ажырай алмады» деген екен.

Жақында Ұлытау төрінде берген сұхбатында Елбасымыз Н.Назарбаев «пианино», «пиано» терминін «күйсандық» деп ауда­рудың орашолақтығын сынаған еді. Т.Жүргенов те «хирургияны» – «сылу», «соперничествоны» – «күндестік» деп алғанға келіс­пейтінін білдірді. «Әрине, – деп жазыпты ол, – мұны күндестік деуге болмайды, өйткені, қазақ тілінде бұл сөздің арнаулы айтылатын жері бар, ол – бұрын біреудің екі қатынының арасында болатын, байға таласқаннан туатын оқиғаның түсінігі. Екі мемлекеттің арасының әңгімесін, әрине, бір кісінің көп қатынының халімен түсіндіруге болмайды».

Ұлттық мәдениетті өркендету мен ғылыми-танымдық зерделеуге қосқан Т.Жүргенов үлесін замандас­тары жоғары бағалады. Ғ.Мүсірепов оның табандылығы мен іскерлігін, Қ.Жандарбеков қазақ өнері мен әдебиеті бойынша білімдарлығын, Қ.Байсейітов ең зәру, ең жедел қажет мәселелерді қолма-қол шеше алатын басшылығын естеліктерінде жазған. Композитор А.Затаевич Сырдария өлеңдерін өте көп білетін интеллигент, байсалды Т.Жүргенов Хиуадағы қоңырат руының өлеңдерінен ерекше бағалы хабар бергенін, алайда, туған Отанының ескі өлеңдерінен көп білетін, өзінен көп нәрсе алуға болатын осы адамды, қанша тырысқанына қарамастан, пайдалана алмағанына өкініш білдірген еді. Бұл пікірлер тұл­ғаның сөзі мен ісіндегі бірлікті, дүниетанымы мен қызметіндегі тұтас­тықты айғақтап тұр.

Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Қазақстанның қоғамдық-гуманитарлық ғылымдары енді қалып­тасып жатқан, әдебиет пен өнердегі идеялық-көркемдік үдерістер бір арнаға түспеген өтпелі кезеңде Т.Жүргеновтің тарих пен мәдениетке көзқарасында теориялық- методологиялық жаңсақ­тық орын алғанын біреу білсе, біреу білмейді. Мәселен, қазақтың 5 ғасыр­лық тарихы ғана қағазға түсті, ар жағы ауызша тарих, фольклор түрінде сақталған деп есептеді. Сақтар, ғұндар, байырғы түркілер жайынан бір ауыз сөз қоз­ғамайды. Әр халықта екі мәдениет – қанаушылар және қаналушылар мәдениеті бар деген лениндік-сталиндік тезисті ұлттық тарих пен руханият мысалында дәйектеуге тырысты. Алаш қозғалысының қайраткерлеріне берген бағасы да сын көтермейді. Қазақ­станнан басқа жердегі қазақтың мәдениеті жоқ дегенге саятын пікірімен келісу қиын. «Бұхар мен Хорезмнің екеуінде де, Жүргеновтің пікірінше, қазақ әдебиеті дегеннің иісі жоқ». Есесіне орыс әдебиеті мен мәдениетінің қазақ әлеміне ықпалын асыра бағалады.

Тұтастай алғанда, Т.Жүргеновтің тарихи-мәдени ұстанымдарына релизм тән. Оның қаламынан туған шығармалары халқымыздың интеллек­туалдық есею жылдарын бейнелейді, ақпараттық-деректік мол әлеуетке ие. «Темір нарком» тарихшыларға әділ талап қоя білді. Шындықпен жазылмаған тарих кітаптарын пайдаланудан шы­ға­руды, кері кеткен көнені бояп, жаңар­тып бергісі кеп жүргендерге жол бер­меуді аманаттады. «Осы күнге дейін, – деді ол, – бізде тарих кітабы жоқ … Бізге Қазақстанда болған революция тарихы, қазақ халқының бұрынғы тарихы, ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихы керек».

Содан бері 80 жылдай уақыт өтіпті. Отандық тарих ғылымы іргелі табыстарға жетті. Дегенмен, тарихқа деген сұраныс пен ықылас артпаса, кеміген жоқ, яғни, Т.Жүргенов аманаты бәріміздің мойнымызда.

Ханкелді Әбжанов,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button