Таным

Тарих толқынындағы халық

«Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек». Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Тарихи құжатта – «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтты бұл сөздерді. Сол сөз айтылғалы бергі жарты жылдай ғана уақыттың өзінде елімізде ұлт рухын асқақтататын ірі іс-шара ойластырылып, ол нақты нәтижеге де ұласты.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің кеше Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында жасаған баяндамасында: «Нағыз ұлттық қадір-қасиет нағыз ұлттық тарихтан басталады», деген сөз айтылғанда Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті аудиториясына жиналған жұрт­шылық разылықпен қол соқты. Олай болатын жөні де бар.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тарих – кім­-кімнен де жоғары ұғым», деген ойы кеше Мемлекеттік хатшының баяндамасында барынша таратылып айтылды.

Отырысқа Президент Әкімшілігінің, министр­лік­тердің жауапты қызметкерлері, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, белгілі тарихшылар, жазушылар, тарих факультеттерінің декандары, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары қатысты.

«Бүгінгі Қазақстан – қалыптасқан мемлекет. Біз мемлекет құрудың жаңа белесіне шықтық.

Мемлекет басшысы ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қоғам дамуының жаңа белесіндегі басты сұрақтарға, атап айтқанда, біз қайда барамыз және 2050 жылы қайда болғымыз келеді деген сұрақтарға жауап береді» деген Марат Мұхамбетқазыұлы мәселе ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау туралы болып отырғанына назар аударды.

Мемлекет басшысы «Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс» деп баса көрсетіп отыр. Мәселенің бұлайша қойылысы біздің назарымызды ұлттық тарихты зерттеу мәселелеріне объективті түрде шоғырландырады.

Баяндамада ғылымның рөлі өзгергені қадап көрсетілді. Тарих ғылымына феноменология мен герменевтика әдістерінің енуі тарихи зерттеулердің сипатының өзін едәуір өзгертіп жіберді. Ендігі жерде тарихшы фактілерді тізбелеп, суреттеп отырушы, оқиғаларды тек «тіркеуші» емес. Ендігі жерде тарихшы «пайымдаушыға» – зерттелетін уақыттың ішкі мағынасына ой жіберетін ғалымға, фактілерді жай зерттеп қана қоймайтын, нақты қоғамның құндылықтарын, жөн-жосықтарын, моралін «түсінуге» қол жеткізетін ғалымға айналуға тиіс.

«Біздің тарихнамамыз өзінің әдістемелік және тілдік құралын қатты өзгертуге тиіс. Қазақстанның тарих ғылымының алдында нақты сынақ тұр, ол сынақтың жауабын табуға әбден-ақ болады», деген Мемлекеттік хатшы ұлттық тарих мәселелерімен талайдан және нақтылы айналысып жүрген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих толқынындағы халық» деген атпен тарихи зерттеулердің арнаулы бағдарламасын жасауды ұсынғанын жеткізді.
Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме арқауында сапалық секірісті жүзеге асыруына жағдай жасауды; қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыруды; Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылының мәнін пайымдауды айтуға болады.

Тарихқа арқа сүйемесе, болашақ бұлдыр. Планетада мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы.

Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Мемлекет басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баян етіп берді. 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев бұрын-соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағдарламасын бастайтынын жариялады. Бағдарлама жүзеге асырылған жеті жылда – 2004-2011 жылдар аралығында Қазақстанның тарихы, археологиясы мен этнографиясы бойынша 26 арнаулы зерттеу жүргізілді. Дегенмен, мұның бәрі – тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстың басы ғана.

Қазақстанның қазіргі аумағы негізінен қазақ этносын қалыптастырған тайпалардың таралу аумағына сәйкес келеді. Ол тайпалардың XV ғасырда аяқ астынан қалыптаса қалмағаны айдан анық. Қазақ этносының қалыптасуы талай мыңжылдықтарға созылған үдеріс, өкінішке қарай, ол жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Ғалымдарымыз әлі күнге дейін көне түркілік Дешті Қыпшақ даласындағы ертедегі мемлекеттік құрылымдардың құрылуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұртының таралу аймағы, Еуразия топономикасының тарихы сияқты тағы басқа да аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жаңа әдіснамалық тұрғыдан қарастырған жоқ.

«Тарих толқынында» еңбегінде Мемлекет басшысының жазғанындай, «Біздің арғы ата-бабаларымыз Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келді. Орасан зор кең-байтақ аумақта қоныс аударумен болған көшпелілер Еуразияның этностық және мемлекеттік бет-бейнесін бір емес, бірнеше рет өзгертті».

Бұл құрылымдардың қазіргі Қазақстан мен Орталық Азия аумағында тұрып жатқан жалпы (арғы түркілік) антропологиялық тип пен арғы түркілік тілдік топты қалыптастырудағы рөлі қандай?

Олардың Қытай, Рим, Кушан империялары­мен, Пар­фиямен және басқалармен өзара қатынасының (саяси, экономикалық және мәдени байланыстары­ның) жүйесі қандай болған?

Ұлы Жібек жолының, әсіресе оның біздің ел ау­мағы арқылы өтетін бөлігінің – Дала жолының дип­­ломатиялық және сауда-экономикалық рөлі қандай еді? Ол жол мәдениеттердің өзара кірігуі мен бірін бірі байытуына, Орталық Азия мен Еуразияның басқа да мемлекеттерінің, әсіресе Шығыс елдерінің мәдени-өркениеттік қарым-қатынасына қалайша септескен?

Марат Тәжин тарихшылар алдына қойған бұл мәселелердің әрқайсысы жеке-жеке, сала-сала зерттеулерді талап ететіні талассыз.

Өкінішке қарай, қазіргі тарихнамада еуропацент­риз­мнің ықпалымен бір-бірімен кереғар күштер – көшпелілер («варварлар») мен отырықшы халықтар («өркениеттілер») күресумен өткен деген түсінік басым. Алайда, уақыт өте келе зерттеушілер мұндай түсініктің дұрыстығына барған сайын көбірек күдік келтіре бастауда.

Түркі-славян өзара байланыстарының тарихы тек қана соғыстардан, әскери жеңістер мен жеңілістерден тұрмайды. Бұл ең алдымен санқырлы сауда, саяси, әскери, мәдени өзара байланыстардың тарихы екендігі естен шығарыла береді.

Қазақтар Еуразияның ең байырғы автохтонды халықтарының бірі екені сөзсіз. Сонымен бірге, Қазақстанның тарихы – осы жерді кейінірек мекендеген, бірқатары еркінен тыс қоныстанған басқа этностық топтардың да тарихы. Еліміздің көпэтносты сипатын қалыптастыруда бұл үдеріс­­тер­ді біз объективті түрде зерделеуіміз қажет. Қазақстанның тарихы – біздің ортақ тарихымыз, деп атап айтты Мемлекеттік хатшы.

Баяндамада Қазақстанның жиырмасыншы ғасырдағы тарихы көп жағдайларда ұлттық пен тоталитарлық қақтығысының тарихы екендігі қадап көрсетілді. Өткен дәуренді дәріптеудің қажеті жоқ. Баяғы бір тәртіпті аңсай бермей, жиырмасыншы ғасырдағы қиыншылыққа толы тарих туралы ашық айту керек. Сол тәртіптің тұсында миллиондаған ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін біз жақсы білеміз.

Қазақстанның қазіргі заман тарихы – тарих ғылымында салыстырмалы түрде алғанда жаңа бағыт.

Бір жағынан қарағанда, ол тәуелсіздікке қол жеткізу және жаңа мемлекет құру тарихы болып табылады. Сондықтан да жаңа тарихтың басталар тұсы – кеңестік жүйенің ыдырауы және соған байланысты елеулі геосаяси дағдарыс кезеңі.

Екінші жағынан қарағанда, Қазақстанның қазіргі заман тарихы бүкіл адамзаттың дамуындағы жаңа белеспен сәйкес келіп отыр. Біздің көз алдымызда қағидатты түрде жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатыр. Осылай деген Марат Мұхамбетқазыұлы таяу болашақтағы тарихшылар жұмысының басымдықтарын қолмен қойғандай айқындап та берді.

Жаңа тарих мәселелері бойынша зерттеулердің тақырыптық аясын кеңейту керек. Олардың арасында біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың өтпелі кезеңінің көзге түсер ерекшелігі ретіндегі үш еселенген транзит; мемлекеттік менеджмент пен стратегиялық басқару жүйесі; мемлекеттік құрылыстың жүріп өткен әр белесіндегі әлеуметтік-саяси үдерістер; қоғамның жаңа әлеуметтік құрылымы; жаһанданудың ұлттық мәдениетке ықпалы және басқа да көкейкесті тақырыптарды бөле айтуға болады.

Мемлекеттік құрылыстың өзіміздің, қазақстандық моделі, Мемлекет басшысы тұлғасының ұлттық тарихтың жаңа белесіндегі рөлі ғылыми тұрғыдан байсалды пайымдауды қажет етеді.

М.Тәжин бұған дейін ұлттық тарихта шешілмей келген ауқымы жағынан аса үлкен міндеттер ретінде мыналарды атады.

Біріншіден, жинақталған тарихи фактілер мен куәгерліктер, материалдық мәдениеттің жәдігерліктері, нышандық мәні бар пішіндер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, филология мен лингвистиканың мәліметтері, тарихи география мен демография, тарихи зерттеудің жаңа тәсілдері, пәнаралық көзқарастар бізге қазақтардың этногенезі бұған дейін тарих ғылымы дәйім пайымдап келген кезден анағұрлым ерте қалыптасқан деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Этнос көкжиегін біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту және оны ғылыми тұрғыдан орнықтыру бүкіл ұлттық тарихқа жаңаша қарауға, біздің халқымыздың планетаның осы алып өңіріндегі алатын нақты орны туралы түсінігімізді өзгертуге мүмкіндік береді. Мұның өзі ұлттық сәйкестіктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімімізді қағидатты түрде өзгертеді. Екіншіден, біз өзіміздің қазіргі тарихымыздың басты мән-мағынасын жүйелі, ғылыми негізде түсініп алуға тиіспіз. Тәуелсіз егемен мемлекеттің өмірінде үшінші онжылдық басталды. Осы жылдар ішінде расында да ғасырларға тең жолдан өттік. Ойымызды жинақтайтын кез жетті. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді, қалыптасқан мемлекет дегеніміз не, нақты тәуелсіздіктің негізгі белестері қандай, қандай қауіп-қатерлерден өттік, қоғамның экономикалық, саяси және мәдени жүйесі қалай құрылды? Осы сұрақтардың бәріне дәйекті әрі анық жауап беру – тарихшылардың кәсіби қоғамдастығының міндеті.

Қазақстандық мемлекеттік басқару моделінің маңызды негіз қалаушысы – Көшбасшының рөлін айрықша атап көрсеткім келеді. Бұл жерде Қазақстан басшысы қызметінің бірқатар қырларына ғылыми тұрғыда талдау жасау қажет етіледі, деді Мемлекеттік хатшы.

Біріншіден, 20 жылдан астам уақытта біз стратегиялық пайымымыз туралы ашық айта аламыз. Осы жылдар ішінде біз әлемнің түрлі өңірлерінде метеор тәрізді жылт ете қалған көптеген жарқын саясаткерлерді көрдік. Алайда, елдің даму стратегиясын ондаған жылдарға алдын ала айқындап және оған болжам жасап қана қоймай, сол жоспарды іске асыра білу – бұл стратегиялық пайымдай алатын саясаткерге тән қасиет. Бұған қоса, Көшбасшы өзімен барлық жағдайда келісе бермейтінін ұғына отырып, оның табысты болашағына деген жауапкершілік жүгін өзіне артып, кей жағдайларда қоғамдық пікірге қарсы жүре алатын күш-жігері жеткілікті болуы тиіс.

Екіншіден, айқындылық. Көшбасшылардың барлығы дерлік мұндай қасиетке ие емес. Олардың көпшілігі оны сайлауалды науқан кезінде берілетін жалаң уәделермен шатастырады. Біздің Елбасы ешқашан әлеуметтік қиял-ғажайыптарды уәде еткен емес, ал уәде берген жағдайда дәл есептей біледі және оны әрдайым іске асырады.

Үшіншіден, басқарудың инновациялық стилі. Көмірсутегіне бай көптеген елдер мұнай қай­­нарының айналасында дағдарып қалды. Қазақ­с­тан­ Президенті күш-жігерді инновациялық дамуға, технологиялық үдеріске бағыттап келеді. Елдің бәсекеге қабілеттілігі тек қана жедел техноло­­гия­лық дамуында.
Төртіншіден, интеллектуалдық ауқым. АӨСШК-тен Әлемдік діндер форумына дейінгі, ЕҚЫҰ саммитінен ЭКСПО-2017-ге дейінгі, елорданы көшіруден «2030» және «2050» стратегияларына дейінгі ішкі және сыртқы сипаттағы барлық ірі жобалардың негізінде нақ Елбасының интеллектуалдық күш-қуаты жатыр. Ал осы жобалардың әрқайсысы қазіргі заманғы кез келген ірі саясаткерді құрметке бөлей алар еді.

Барлық осы деректер, идеялар, оқиғалар жүйелі әрі объективті бағаға ие болуы тиіс. Бірақ, бұл әдеттегі кезекті баяндауды емес, байыпты ғылыми талдауды қажет етеді. Менің ойымша, бұл біздің тарихшыларымыздың алдында тұрған міндеттің маңызды бөлігі, деп ойын түйіндеді Мемлекеттік хатшы.
Бұдан кейін сөз кезегі Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяғанға берілді. Қазақстанның қазіргі заман тарихын зерделеу әдістемесінің мәселелері туралы сөз қозғаған ғалым жиын өтіп отырған осы күнді Қазақстан тарихшылары үшін ерекше күн деп атады. Өйткені, Мемлекеттік хатшының қатысуымен ұлттық тарихты зерделеуге арналған бұл жиынның шешімдері ендігі кезекте тарихшылар үшін аталған мәселеде бағдаршам секілді әсер етпек.
Осы ретте ғалым еліміздің тарихын тәуелсіздік талаптарына сәйкес, жаңа заман биігінде қайта қарастыру ісінде Елбасының аталған мәселедегі еңбектері мен сөйлеген сөздері басшылыққа алынатындығын тағы бір атап көрсетті. Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін отандық тарихты шынайы да жан-жақты зерттеу ісінде тарихшылар алдында жаңа мүмкіндіктер ашылды. Елбасының тікелей араласуымен «Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру» тұжырымдамасы, «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына» бағдарламалары қабылданып, қаржылан­дыру мәселесі шешілді. Көптеген Қазақстан ғалымдары шетелдерге барып жұмыс істеп, олар­дағы Қазақстанға қатысты тарихи құжат-тарды жарыққа алып шығып, айналымға қосты.

Дегенмен, Қазақ мемлекеттілігі сияқты тақырып­тар бойынша ортақ бір тұжырым әлі қалыптаса қойған жоқ. Мемлекеттік тарихымызды қай кезеңнен бастаймыз, көне сақ-ғұн дәуірінен бе, Түркі қағанатынан ба, Ақорда кезеңінен бе деген сұрақтарға әркім әртүрлі жауап беріп келген еді. Бүгін соның жауабы табылғандай.

Екіншіден, тарихшылар үшін қазақ халқын тарихи тұрғыдан сипаттаудың да өзіндік қырлары бар. Қазақтар – ешкімге қарсы соғыс ашпаған халық. Тарихшылар алдағы уақытта осы мәселеге де мән бергені орынды секілді.

Мінберге көтерілген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов ел аузындағы аңыздардан ақиқатты таразылаған отандық тарих пен тәуелсіздік идеясы қашанда болсын тамырлас екендігін атап көрсетті.

– Әлемдік және отандық тарихтың сабақтарын тереңнен толғаудың тамаша үлгісі – Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы, – дей келе қазіргі тарих ғылымының алдындағы бірқатар проблемалы мәселелерді көрсете кетті. Соның бірі, кадрлық-ұйымдық мәселеде тарихтан PhD даярлау қарқыны өте төмен. Егер осылай жалғаса берсе, 10-15 жылдан кейін ЖОО-лар мен ғылыми-зерттеу институттарында (ҒЗИ) қызмет істейтіндердің негізгі денін магистрлар құрауы әбден мүмкін. Мәселен, соңғы 3 жылда біздің институттың бірде-бір магистрі PhD-ға оқуға түскен жоқ.
Ғалымның айтуынша, тарихтан ҒЗИ-лар екі қалада ғана – Астана мен Алматыда шоғырланған. Ал облыстардағы ғылыми-интеллектуалдық әлеуетті игі іске жұмылдыру үшін жергілікті билік қолдауы қажет екенін әрі ол тамаша нәтижелермен көмкерілетінін Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің тәжірибесі көрсетіп отыр. Өлкетануға селт етпейтін әкімдер де бар. Қозғаусыз жатқан осы әлеуетті жер-жерде іске қосу тек орталық биліктің ғана қолынан келеді. Тарихи өлкетану жанданбай, Отан тарихының біртұтас жаңа келбетін түзу бекер әурешілік.

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Александр Гаркавец қыпшақ жазбаларының тарихынан сыр шертті. Ғалымның пікірінше, ежелгі түркі жазулары жалпы түркі әлемінің жетістігі, сондықтан да оны бөліп-жара қарауға болмайды. Осы ретте шешен бірқатар жазбалардың қыпшақтық негізі бар екенін деректермен дәйектеуге тырысты. Оның айтуынша, еврей жазбаларының ескерткіштері қазір қырым қыпшақтарына телініп жүр. Онда хазарлар мен қыпшақтар мекен еткендіктен мұнда қыпшақ тілі өріс алған көрінеді. Ал қазір ол қарайым жазбасы ретінде, онда да тек шектелген түрінде шамалы латын тілінде Мәскеуде кириллица қаріптерімен жазылыпты. Оны елдің көбі қарайым тілі деп түсінген. Олай болса, қарайым мәтінін жариялау керек, дейді ғалым. Жазба мәтіндері көбіне шетелдерде жарияланып жүр. Олар – өздерінің шығу тегі бойынша Қырымнан шыққан қарайымдар тілі. А.Гаркавец көптеген түрік және қыпшақ тілдерін, олардың диалект сөздерін де біле отырып, араб жазбасындағы қыпшақ тілдерін, ескерткіштерін біз осы заманғы ғылыми тілде жариялауымыз қажет дегенді де алға тартты. Ол үшін парсы, араб және түрік тілдері диалектілерін білу қажет. Екінші кезең – армян жазба ескерткіштері, дей келіп өзінің армян мәтіндерімен жазылған кітаптарының жалпы салмағы 30 килограмға жеткендігінен хабардар етті. Осы мәтіндерді жақсы түсініп оқу үшін 1800 беттен тұратын қыпшақ сөздігін де жасапты. Кітапты оқыған адам түсінеді, онда ешқандай проблема жоқ, деп сендірді баяндамашы.

Өтпелі кезеңдегі қиыншылықтарды тілге тиек еткен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев далалық археология жұмыстарын қаржыландырудың мардымсыздығына қарамай, бұл ТМД елдері археологтарының өзара қарым-қатынасына әсер ете алмағандығын алға тартты. Оның айтуынша, ел тәуелсіздігін алғаннан бастап жаңа мүмкіндіктер мен байланыстар орнаған. Елімізге алыс және жақын шетелдерден ғалымдар мен экспедициялар келе бастаған. Бұған 90-шы жылдардағы қазақ-орыс, қазақ-америка және қазақ-француз экспедициялары мысал. Институт басшысы осы ретте 2004 жылдан бері Қазақстан археологиясы дамудың жаңа қарқынына ие бол-ғандығымен бөлісе кетті. Оған басты серпін берген «Мәдени мұра» бағдарламасы. Қазақтың ұлттық тарихын ашу, оның ішінде қазақ этногенезін терең зерттеу үшін салааралық ғылыми жұмыстарды нығайту қажет, деп ой бөліскен ғалым антропология ғылымы бүгінгі таңда елімізде дұрыс жолға қойылмай отыр деген қынжылысын да жасырмады.

Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өте маңызды да терең және болашақтың мәселесіне бағытталған баяндамасы үшін Мемлекеттік хатшы Марат Тәжинге алғысын білдіре келе, бүгінгі жиындағы әңгіме келесі күні Мемлекет тарихы институтында жалғасатындығын айтты.

Кеңес отырысын Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин қорытындылады.

Ел тарихшыларының іргелі жұмыстарын тиісінше бағалай сөйлеген Марат Мұхамбетқазыұлы қол жеткенге қанағаттануға ешқандай негіз жоқтығын да атап көрсетті. Осында алға қойылған міндеттердің бәрін шешу үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы тарихты оқытудың осы заманғы және шын мәніндегі ғылыми біртұтас мемлекеттік стандартын жасау керек.

Ұлттық тарих қоғамдық ғылымдардың арасында орталық буынға айналуға тиіс. Біз сапалық жаңа деңгейде Қазақстан тарихының ортақ тұжырымдамасын жасап шығуға тиіспіз. Ол тұжырымдама бүкіл әлемдік тарихпен тығыз байланыста болуға, Қазақстанның аса ауқымды тарихи үдерістердегі, олардың өзара байланысы мен ғылыми кезеңдену жүйесіндегі орнын анық көрсетуге тиіс. Қазақстан туралы біздегі және шетелдердегі тарихи материалдардың барлығын жинауға, жүйелеуге және жіктеуге баса көңіл бөлу де өте маңызды.

Тарихшылар қауымының назары орталық­азия­лық номадтық өркениетті зерттеудің маңыз­ды­лығына ерекше аударылды, қазіргі таңда ол өркениеттің сақтаушысы қазақ этносы болып отыр. Қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақ­­тар­дың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағ­­дарламасын дайындауды, тың тұрпаттағы тарих оқулықтарын жазуды тапсырды Мемлекеттік хат­шы.

Зиялы қауымды дүр сілкіндірген, тарихшы ғалымдар үшін шын мәнінде белесті оқиғаға айналған кешегі кеңейтілген отырыстың мән-маңызын негізгі баяндамадағы мына сөздер дәл жеткізе алады деп ойлаймыз: «Ұлттық тарихқа қызығушылық немесе немқұрайдылық – халық мәдениетінің айқын және нақты өлшемі. Өзінің өткенін ұмытатын қоғамды болашақ та ұмытады. Бейнелері бейберекет ауысып жатқан мына аса ауқымды әрі ұшқыр әлемдегі ең маңызды құбылнама мен адастырмас бағыт-бағдар – өзіңнің ата-бабаңның кімдер болғанын, мынау тарих толқынында өзіміздің кім екенімізді білу және ұмытпау».
Кезінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деп айтқаны халқымыздың абыройын асырғаны есімізде. Иә, ұлттық тарихымыз ұлттық мақтанышты күшейтудің, отаншылдықты арттырудың қуатты тетігі. Ал отаншылдық сезім – ұлы істердің бастауы. Кешегі келелі кеңес ұлттық тарихты зерделеуде соны серпіліс болатындығына сендіріп отыр.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ
(«Егемен Қазақстан» газеті,
6 маусым 2013 жыл)

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button