Таным

Тарих және тәуелсіздік

Амангелді Қашқымбаев,  тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары

Заман өзгеріп, айымыз оңынан туғалы да біршама уақыт өтіп барады. Аңсап күткен тәуелсіздігіміз жолымызды ашты. Кеше ғана әлем танымай келген Қазақ елі бүгін дүниежүзілік қауымдастықтың алдыңғы қатарынан көрінуге ұмтылуда. Десек те, осы бір күрмеуге келмейтін қысқа уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктердің тәтті буына мастанғаннан гөрі, өткеніміз бен бүгінімізге терең көз салып, қыры мен сыры мол сол жылдарды ой елегінен өткізіп, тек бүгінгі күндерге сай емес, елдің ертеңгісіне, болашағына лайықты құндылықтарды анықтап алу қажеттілігі туындап отырғаны даусыз.

Осы орайда жақында өткен Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысын ерекше атап кету керек. Жиында бас баяндама жасаған ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин: «Бүгінгі таңда біз мемлекет құрудың жаңа белесіне шықтық. Мемлекет басшысы жариялаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы қоғам дамуының жаңа белесіндегі басты сұрақтарға, атап айтқанда, біз қайда барамыз және 2050 жылы қандай болғымыз келеді деген сұрақтарға жауап береді. Кеңінен айтсақ, мәселе ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау болып отыр» деген ойды ортаға салды.

Ведомствоаралық кеңестің кеңейтілген отырысына шақырылғандардың дені – отандық тарихшылар. Осыдан-ақ не мақсатпен жинал­ғанымызды байқауға болса, екіншіден, Мемлекеттік хатшының баяндамасы тәуелсіз Қазақстанның кешегі мен бүгінгі тарихына терең ғылыми тұрғыдан талдау жасаудағы тарихшылардың міндет-мақсаттарын айқындап берді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қоғамымыздың қазіргісі мен ертеңгісіне қажетті рухани күштің көздерін қайдан көруге, неден іздестіруге болады деген көкейтесті ойын таратқан бұл баяндама тарихшылар арасына үлкен серпіліс жасады Ресейлік самодержавие кезінде, одан қалды кеңестік кезеңде де зорлық пен ұлттық менсін­беушіліктің әбден зардабын көрген қазақ ұлты Егемендік пен Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін өзіндік дамудың жаңа серпілісі жолдарын тауып, әлемге танымал ұлттық мемлекетке айналды. Тек өзіне қатысты емес, әлемнің көпте­ген мемлекеттеріне үлгі бола аларлықтай бағыт­тар­ды сыннан өткізіп, олардың жасампаздық құн­дылықтарын көрсете алды.

Біреулерді таңғалдырып, енді біреулердің ішін күйдіріп отырған Қазақстанның осы тамаша же­тіс­­тіктері. Өкінішке қарай, қазақ ұлтының бү­гін­гі биіктен көрінуімен келісе алмайтын кейбір ғалым­­сымақтар Қазақ елінің жетістіктерін кездей­соқтық санап, болашағын бұлыңғыр етіп көр­сетуге ұмтылады. Оларға салсаңыз, қазақ ұлты­ның ке­ле­шегі түгіл, кешегі тарихының өзі күмәнді: қа­зақ­тар ешқашанда ұлт ретінде қалыптаса алмаған, мем­лекеттіліктің сатылы кезеңдерін бастарынан ке­шірмеген, «қазақ ұлты», «қазақ мемлекеті» де­ген терминдер кезінде Ресей мемлекетінде бас­талған әлеуметтік төңкеріспен тікелей байланыс­ты деп даурығады (Большевиктердің өздері 1930-жыл­­дар­дың соңына дейін Ресейде 1917 жылы қазан айы­нан
басталған өзгерістерді революцияның емес, әлеуметтік төңкерістің нәтижелері деп келген – А.Қ.).

Осындай пікірде жүрген ресейлік саясаткерлердің бірі – Ресей стратегиялық зерттеулер институтына қарасты «Проблемы национальной стратегии» журналының бас редакторы Аджар Куртов бұдан бір жылдай бұрын «Средняя Азия привыкла слизывать крошки с ладоней России и кусать длань дающего»… деген араңдатқан тақырыппен сұхбат беріп, «қайыр сұраған» Орталық Азия мемлекеттерінің қатарына Қазақстанды да қосты. Енді, міне, Байқоныр қаласында сәуір айында өткен конференцияда, одан қалды әр апта сайын шығатын «АDAM Readers» атты газет беттерінде әлгі «мырза» тағы да бізге қарап тіл безеп жүр.

Әсіресе, соңғысында ол қазақ халқының тарихын (әсіресе тәуелсіздік кезінде жазылған тарихты) «қиялдан туған көріністердің нәтижесі» деп көрсеткен.

Осыдан келіп мынадай ой туады. Біз осы ұлттық тарихымызды құрметтей білеміз бе? Соның ішінде тарихшылар қоғамды осындай деңгейге жеткізе алдық па? Иә делік! Олай болатын болса, Солженицын, Жириновский, Куртов, Хидоятов тәріздес авторлардың біздің тарихымызға қол сұғып, маңдай­лары кереқарыс ғалымдарымыз тұрғанда төл тарихымызды қалай зерттеуді, жазуды үйретулерін, оқулықтарда не жазып, не қою туралы сыбырлай берулерін, қазақ тарихшыларының концептуалды ойларын еш тайсалмастан жоққа шығару әрекеттерін қалай түсінсек болады?

Біздің ойымызша, осындай сыңайдағы жағымсыз көріністердің бой көрсете бастауының себептері жоқ емес. Біріншіден, оқырман қауымға қазақ ғалымдарының ұлт тарихына байланысты ашқан жаңа беттерінің, жаңа көзқарастарының жетпей жатуы. Осы тұрғыдан Қазақстан тарихы оқулықтары мен оны оқытудың тәсілдері туралы сөз қозғасақ, шындығын айтқанда, басқаны қойып, өзіміз келісе бермейтін тұстар көп. Соның ішінде, әсіресе, қазір тек тамаша жазылған оқулық қана қазақ қоғамына жаңа бағыт, жаңа бетбұрыс әкеледі деген пікірмен қаншалықты келісуге болады?

Германияның белгілі қоғам және мемлекет қай­раткері Отто фон Бисмарк кезінде «Седан түбіндегі шайқаста неміс әскерлері қалай жеңіске жетті?» деген сұраққа «Жеңіске жеткізген неміс әскерлері емес, кішкентай ғана тарих мұғалімі» деп жауап берген көрінеді. Әңгіме солай болды ма, жоқ па, оны кім біледі? Мәселе осы кішкене ғана эпизодтың соңында тұрған үлкен мазмұнда.

Біз біраз уақыттан бері қазақтың белгілі жазушысы, тарихты көркем шығарма тұрғысында жазудың шебері – Ілияс Еенберлиннің шығармаларына көп назар аударып жүрміз. Жазушының шығармаларына қарапайым оқырмандар тарапынан асқан қызығу­шылық туындады. Есенберлиннің кереметтігі де осында. Жазушы аз ғана уақыттың ішінде тарихи шығармалары арқылы мыңдаған қазақтың тарихты білуге ынтасын оята білді, олардың санасына «Біз кімбіз?» деген сауалды мәңгілікке енгізді.

Ендеше, мәселе тек тарих оқулығында болмаса керек.

Десек те, оқулықтардың әлі күнге дейін негізгі ойларды, кейбір теориялық мәселелерді мазмұндауда оқытушыны да, оқушыны да білімді игерудің ең оңай жолына, яғни, дайын сұрақтар мен дайын жауаптарға итермелеп отырғанын мойындау керек.

Келесі проблема тағы да ғалымдар мен оқулық­тардың авторларына қатысты. Соңғы уақытта ғалымдар арасында «конспирология» деген термин қолданылып жүр. Ол дегеніміз, нендей бір тарихи оқиғалардың астарынан міндетті түрде аса бір құпиялықты байқау деген сөз: бұғып қалу, жасырып қалу, байқамаған сыңай білдіру, т.т. Міне, біздің ойымызша, осы үдеріс оқырмандар арасында ресми мәліметтерге күмәншілдік тудырып, нәтижесінде жоғарыдағы айтып кеткен оқулықтарға деген сұранысты төмендетіп отырған жәйі бар. Осының салдарынан кейбір оқулықтар мен оқу құралдарында ресми (құжаттарға негізделген) мәліметтерден гөрі, бейресми басылымдардағы мәліметтерге бұрыңқыраған жазбалар жиі ұшырасып қалады. Ал кейбір авторлар оқушыны тарту, еліктіру осы екен деп «өздері таныған жаңалықтарды» кез келген оқу құралдарына ешбір кедергісіз, алды-артын ойламай енгізіп жатыр. Мысалы, Аттиланың есімі – Еділ болуы керек, Томирис – Тұмар деген секілді.

Өздерінің ерекше қарекеттерімен көшпенділердің рөлін әлем тарихына мәңгілікке қалдырған осындай тарихи тұлғалардың әлем тарихына ортақ аттары бұлайша өзгеріп салғанына таңданбастан басқа амал жоқ. Қазақ айтпақшы – «елу жылда ел жаңарады». Кім біледі?! Мүмкін, жарты ғасырлық уақыт өткен­нен кейін жаңа ұрпақ Еділ дегеніңіз – Аттила екен деп ғылыми шығарма жазып жүрмесек….

Спартандықтардың ерлігін гректердің мәңгі жадында. Олардың ерлігі – жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті жеткізудің бір жолы. Шындап қарағанда, спартандық жауынгерлердің ерлігінде жинақтаушы образ, мүмкін, тіпті қиялдан туған бейнелер де жоқ емес сияқты. Ал қазақ тарихында болғанына нақты деректері бар «Орбұлақ шайқасындағы» Жәңгір хан мен оның жанындағы алты жүз ержүрек жауынгердің ерліктері неге экранда қиялдан туған «Мың балаға» айналып кетті?.

Тәуелсіздіктің арқасында тарих ғылымы көп алға ілгеріледі. Тарихтың ақтаңдақтарын ашуға көмектесе алатын жаңа деректер том-том болып шығып жатыр. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жеке бастамаларының арқасында қажетті қаржыкөзі табылып, «Мәдени мұра», «Ғылыми қазына» бағдарламалары аясында алыс және жақын шетелдерден алынған деректердің жинақтары жарық көрді. Осыған қарамастан, біздер – ғалымдар заман ағымынан кешуілдеп жатқан сияқтымыз.

Таяуда бір қызық оқиғаның куәсі болдым. Мемлекет тарихы институтына бір топ ресейлік ғалымдар келген. Біздің кітапханамызға кіріп, сөредегі тың тарихи материалдарға байланысты шыққан бірнеше серияларды көріп, қатты таңырқады. Тіпті, табан астында сатып алуға да ыңғай білдіргендер болды.

Ендеше, осындай кейбір шетелдік ғалымдардың қазақ тарихының кешегісіне күмәнмен қарауына неге жол береміз?

Өйткені, бір кездері қолымыз жете бермейтін деректер көз алдымызда тұрғанымен, олар ғылыми айналымға дер шағында енбей жатыр. Біз, тарих­шылар, қол жете бастаған жаңа деректерді «сөй­лете» алмай отырмыз. Нәтижесінде қазақ тари­хы­ның ақтаңдақ беттерін жаңартамыз деп жүр­ген әре­кеттерімізде тереңді шолатын, ізерлейтін ізденіс аз.

Өкінішке қарай, зерттеушілердің арасында кез келген фактіні таңғаларлық етіп көрсету әдетке айналып бара жатыр. Сондықтан да болар, Шыңғыс хан еш негізсіз кенеттен қазақ болып шыға келеді. Бұл, сөзсіз – сенсация! Мұндай өрекпіту кімге керек?!.

Міне, осыдан барып кейбір шетелдік ғалымдар әлі күнге дейін барды жоққа шығаруға тырысады, болғанды жоқ деуден тайынбайды.

Америкалық жазушы Марк Твен бірде былай деген екен: «Живи я при начале мира, я бы сперва послушал что соседи говорят про убийство Авеля, прежде чем громко осудить Каина»…

Сол секілді, өткен жиында айтылғандай, ендігі жерде негізгі міндет – тәуелсіздіктің осы уақыт ішіндегі жетістіктерін мәңгілік ету, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Тарихшылар алдындағы аса жауапты міндет, міне, осы.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button