Руханият

Тарихи әділдікті қалпына келтіруде

2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ­«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осы Мемлекеттік комиссия аясында республикалық жұмыс тобы 11 бағыт бойынша жұмысқа кірісті. Ал 14 облыста, республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік комиссия құрылып, саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысы басталғанына да 1 жыл болды.

[smartslider3 slider=1131]

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның зерттеу бағыттары бойынша 5 жұмыс тобы құрылған: І. Тәуелсіздік жолында қуғындалған күрескерлерді (жеке тұлғалар, топтар, қоғамдық және саяси ұйымдар) толық ақтау және зерделеу мәселелері бойынша жұмыс тобы. ІІ. Ашаршылық және антисоветтік көтеріліс құрбандары мен 1916-1930 жж. босқындарды ақтау және зерделеу мәселелері бойынша жұмыс тобы. ІІІ. Күштеп ұжымдастыру және шаруашылық науқандарының (астық, ет да­йындау, т. б.) құрбандарын ақтау және зерделеу мәселелері бойынша жұмыс тобы. ІV. Депортация, арнайы қоныс аудару және 1939-1945 жж. соғыс тұтқындарын ақтау және зерделеу мәселелері бойынша жұмыс тобы. V. ГУЛАГ жүйесіндегі лагерлерде зардап шеккен тұтқындарды, олардың отбасы мүшелерін, дәстүрлі дін өкілдерін ақтау және зерделеу мәселелері бойынша жұмыс тобы.

Өңірлік комиссия жұмыс тобына 25 тарихшы ғалымдар, архивистер тартылған. Ақмола өңірінде бірнеше мәрте болған әкімшілік-аумақтық бөліністерге байланысты Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінде 1920-1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша Ақмола өңіріндегі мемлекеттік билік, мемлекеттік басқару, ішкі істер, заң, сот, прокуратура, басқа да мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың құжаттары сақталған. Бұл құжаттарда Ақмола уезінің 1928 жылға дейінгі, 1928-1930 жж. Ақмола округтік атқару комитетінің, округтік комиссияның қаулылары, жер аударылған байлардың, жазықсыз сотталғандардың арыз-шағымдары, тәркіленгендер, олардың отбасы туралы, сайлау құқығынан айырылғандар туралы, т. б. мәліметтер бар. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті архивінде, ҚР орталық архивінде, Солтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік архивінде тақырыпқа байланысты зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Ең алдымен, өңірлік комиссия­ның жұмысын үйлестіру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві зерттеу жүргізілетін қорларды анықтап, тізімін жасады, 1920-50 жылдар аралығындағы 105 қор бойынша 30 мыңнан аса істерді қарау, қуғын-сүргін құрбандарын анықтау, зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады.

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінде сақталған Ақмола округтік атқару комитетінің 241 қоры құжаттары бойынша 1928 жылы кәмпескеленген байлардың мәліметтер базасы жасалды. Қазіргі уақытта 90 бай бойынша кесте толтырылды, ақпаратты салыстыру, нақтылау жұмыстары жүргізілуде, сот және прокуратура қорларынан 1926 ж. РСФСР Қылмыс­тық кодексінің 58, 59, 69, 73, 79, 82, 105, 107, 110, 111-баптарымен айып тағылып, жазаланған 239 адам анықталды. Сонымен қатар архив қорындағы Ақмола тұтқындар үйінің құжаттары бойынша 662 іс қаралып, кеңестік биліктің 1920-30 жылдардағы түрлі саяси науқандар кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған, сотталған 736 азамат анықталды. Бұл азаматтардың есімі Ақмола облысы бойынша ақталған қуғын-сүргін құрбандарының тізімімен салыстырылып отыр. Ішкі істер органдарының архив материалдары бойынша Ақмола қаласы бойынша ақталғандар саны – 6216, ақталмағандар – 616 адам, ал Ақмола облысы бойынша ақталғандар – 5662, ақталмағандар – 429 адам. Сталиндік диктатураның құрбаны болған, қуғын-сүргін көргендердің қасіреті – тек жекелеген адамдардың емес, дәуір қасіретінің бір бөлігі. Сол кезеңнің тарихын қалпына келтіру мақсатында қалалық архив атқарып жатқан іс осындай.

 Ғазиза ИСАХАН,

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button