Басты ақпарат

ТАРИХИ ДЕРЕККЕ ТИЯНАҚТЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Әрбір құндылық, адамдардың әрекеті күні ертең тарих парағына жазылады. Өткен кезеңнің оқиғасын сол күйінде ұрпағымызға жеткізу – маңызды міндет. Кезінде бірқатар шындық бұрмаланғанымен, түптің түбінде ол ақиқат алдында тізе бүкті. Алайда, деректің жүйеленуі әлі бірқалыпқа түспегендігі салдарынан екіұдай сезімде қалып отырған жайымыз бар. Елбасы осы қателікті бүкпесіз жариялап, тарихшыларға біраз еңбектену қажеттігін ашық айтты. Олар енді іске кіріспекке әрекеттеніп жатыр. Талай шәкіртті қанаттандырған педагогика ғылымының докторы Бауыржан Сәрсекеевтің де айтары мол.

Кеңес дәуірінде тарих оқулықтары Москвада жазылды. Сол жерде сараптамадан өтіп, ар­тынша бүкіл он бес республикаға та­райтын. Ал біздің елде осы кезеңдері Тотай Тәжіұлының төртінші сыныпқа арналған «Қазақ тари­хы» және Ермахан Бекмахановтың «История Казахской ССР» оқулығы жарыққа шықты.

Идеологияның қасаң ықпалымен, ақтаңдақтарды жария етуге жол берілмеді. Оның ақ-қарасы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ашық айтыла бастады. Бүгінде коммунистік лидерлер орнын Ала­шорда қайраткерлері басты.

Бізге қазір мәлімі, жеті жүздей Алашорда қайраткерлері бар. Әлі зерттеліп жатқаны қаншама. Сондықтан, бәрін кітапқа енгіздік деп айтқанымыз әбестік болар. Тұлғалар немесе белгілі бір датаға қатысты дерек болсын оны кітапқа жүйелі енгізу қажет. Мәселен, он жасар балаға кітап арнап жазғанда соның ой-өрісіне қарай сөз саптап, қорытуың тиіс. Ал бесінші, алтын­шы сыныптың тарих оқулықтарында бір мәтінге қатысты елу сөзді оқығаным бар. Көбіне нүктені қоюды ұмыт қалдырамыз. Тарихи оқиғаны жазғанда педагогика мен психология заңдылығын сақтаған жөн. Тақырыпты ашу үшін оған жан-жақты зерттеу жүргізіп, басқа ұғымды білдіретін сөзді араластыр­май жазу керек. Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық мақаласында осы кемшілікке қатысты өткір сын айтты.

Жалпы, бір жылда оқулық жазып шығу мүмкін емес. Мысалы, өз ба­сым алтыншы сыныптың оқулығын жазу үшін алты жыл еңбектендім. Екі жылым дерек жинап, оны жазуға кетті. Сосын сараптамаға өткізесің. Олар бір жыл тексереді. Көрсеткен қателігін жөндеуге бір жыл уақыт керек. Одан әрі экспериментті сүзгіден өткізуге және тираж етіп шығаруға екі жыл мерзім кетеді. Күрмеуге келмейтін қысқа уақытта әрі асығыста дайындалған дүниелер алдымызды орап кетуінен барлығымыздың атымызға кір келуде.

Тарих оқулықтарында аңыз бен қазақтың дәстүрі аз жазылған. Мәселен, көп көмегімен қолға алы­натын жұмыс – Асардың қай кезеңде пайда болғаны жөнінде мардымды дерек жоқ. Хан мен батырдың есімін, кіммен шайқасқанын жақсы білеміз де, олардың ойлары мен толғаныстары туралы сөз қозғай алмаймыз. Ал, бала санасына жанды нәрсені сіңірмесек, болған оқиғаны өз дәрежесінде сезінбейді.

Біз тоқсаныншы жылдың ор­тасына дейін орта мектептерде кеңестік жүйенің бағдарламасына негізделген тарих оқулығын оқытып келдік. Бүгінгі Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 1997 жылы жаңа буынға талап үдесінен табылатын оқулық шығару ісін күн тәртібіне қойып, сірескен сеңді бұзуға бастамашы болды. Сөйтіп нақты жоспарға сәйкес, 2000 жылдан бастап төл тарихы­мызды кітапқа түсіруге бетбұрыс жасадық. Өкінішке қарай, тарихи деректің әрқилылығы оқырманды шатастыруда.

Ашығын айтқанда, бізде дерек көзі аз. Біз жалпы оқулық жазғанда Ұлттық ғылым академиясынан шыққан төрт томдық тарих кітабына жүгінеміз. Қазір оны жиырма томға толтыру мақсаты көзделіп отыр. Үлкен кедергінің бірі – адамның пай­да болуынан бесінші ғасырға дейінгі деректі табу өте қиын. Сондықтан сақтар туралы жазатын болсақ, араб жазушыларының шығармасына жүгінуге тура келеді. Күлтегін, Білге қаған туралы да қысқа мәліметтер бар. Тірі тарихты оқырман сезінуі, ұғынуы үшін бірлі-жарым деректің ауқымын кеңейту қажет. Бұл жерде негізгі әңгіме іс-әрекетке, оқиғаның өрбуіне, та­рихи маңыздылығына қатысты болып тұр.

Ғұн империясын құрған Мөде туралы Гумилевтің кітабынан шағын дерек таптым. Оның өзі – жер дауына қатысты мәселе. Мүмкін өзге де шығармаларда басқа дерек бар шығар. Оның тізімі жүйеленбегесін, әркім өз бетінше әрекет жасайды. Осындай азамат­тарды тұлға ретінде ашып көрсету үшін бірнеше ақпарат болуы керек.

Елбасы сондай-ақ, әрбір азаматтың өзі тұрған өңір тарихын білуі қажеттігін мәлімдеді. Негізі, Астана тарихын жазып жүрген адам­дар бар. Бірақ, уақыт бір орнында тұрмайды емес пе? Сондықтан өзгерістерді жинақтап, кітапқа енгізгеннен ұтарымыз мол болмақ. Енді бізге осыны оқушыларға тарту ету міндеті тұр.

Қазір барлық жерде өңір тарихы жеткілікті дәрежеде оқытылып жатқан жоқ. Уақыт ағымымен ілесіп, тұшымды дүниені жақын арада оқушы қолына ұстатсақ, мақсатымыздың орындалғаны. Бұрынғы қателік қайталанбас үшін сұрыптау комиссиясы мәліметтерді әбден сүзгіден өткізген жөн. Ал, қателігі бар тарих оқулығы мек­теп бағдарламасына биыл тағы еніп отыр. Құзыретті орындар бұл кітапты жақын арада ретке келтіру ісін жылдамдатып қолға алса, артықтық етпес еді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button