Тарихи комикс жарық көрді
![](https://www.astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2025/02/88330dae-bd6c-4108-bf79-da92ce6151c4-780x470.jpg)
Кеше Ұлттық музейде «Әлихан мен Әйкерімнің саяхаты» тарихи комиксінің алғашқы шығарылымының тұсаукесері өтті.
Тарихи комикс – тарихи оқиғаларды, дәуірлерді немесе тұлғаларды жеткізу үшін визуалды элементтер мен мәтіндерді пайдаланатын комикс жанры. Бұл жанр дәстүрлі комикс элементтерін білім берумен біріктіріп, фактілер мен тарихты көрнекі түрде ұсынуға мүмкіндік береді, ақпаратты жақсы сіңіруге көмектеседі және тарихты зерттеуге қызығушылықты оятады.
Комиксті «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы шығарды. Аталмыш мекеме директоры Сәуле Бурбаева тарихи комикс жазудың басты идеясы, тарихи-мәдени мұра туралы баяндаудың дәл осындай нысанын таңдау себебі туралы баяндады. Шығарылған кітап жас оқырмандарға арналған. Комикс мәтіні 3 тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған.
Авторлар комикс тарихты оқытуда білім алушылардың тілдік дамуына және медиаақпараттық сауатын қалыптастыруға өз үлесін қосады деп үміттенеді.
Комикстің негізгі сюжеттік идеясы ортағасырлық Бозоқ қалашығының археологиялық қазбаларының тарихи мәліметтеріне негізделген. Іс-шара аясында қатысушылар өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырудағы балалар әдебиетінің маңызын, тарихи-мәдени мұраны насихаттау қажеттілігін және балалар білім беру жобаларын дамыту перспективаларын талқылады.
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, Есіл археологиялық экспедициясының қатысушысы Бақыт Хасенова комикс тұжырымдамасын ұсынып, оқиғаның негізгі сюжетімен таныстырды. «Бозоқ» музей-қорығының ғылыми қызметкері Жанболат Қазанбаев жастарды тәрбиелеудегі тарихи білімнің маңызы туралы баяндама жасап, ежелгі Бозоқ қалашығының археологиялық қазбалары негізінде ашық аспан астында ұлттық саябақ құру жобасының таныстырылымын ұсынды.
Әсемай РИНАТҚЫЗЫ