#Жаңа Қазақстан

Тарихи маңызды күн

Еліміздің Тәуелсіздігі туралы конституциялық заң – ел егемендігінің алғашқы құжаты қабылданып, халық қуанған сәт тарих беттеріне алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Біз бұл күнге қаншама қажырлы еңбекпен, үлкен үміт-сеніммен жеткен едік. Сол уақытта күн-түн демей, уақытпен санаспай иық тірестіріп, үзеңгі қағыстыра қызмет еткен азаматтардың бүгінде қатары сиреп бара жатқаны өкінішті. Осы орайда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылымдағы депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш АЙТАХАНҰЛЫМЕН кездесіп, сол тарихи күн туралы әсерімен бөлісуін сұраған едік.

– 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің (кейіннен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі) депутаты болдым. 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы заң, әлі есімде, 16 желтоқсанда кешкі 18:15-те «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды. Сол тарихи сәтте мен де ішінде болдым, депутат ретінде қол көтеріп, дауыс бердім. Жоғарғы Кеңес Төрағасы Серікболсын Әбділдин трибунадан сөз сөйледі, артынша әнұран орындалды, залдағы 360 депутат, үкімет мүшелері, шетелдік дипломаттар бар – барлығымыз орнымыздан тік көтерілдік. Осы тарихи сәтте қатты толқып, тебіреніп, қуаныштан көзімізден жас ақты. Қалтамдағы орамалды алайын дегенім сол еді, оң жағымда тұрған Алтынбек Сәрсенбаевқа көзім түсті, ол да толқып, жылап тұр екен, – дейді Қуаныш Айтаханұлы бізбен әңгімесінде.

Әрине, тәуелсіздік деген ұлы ұғым ғой, қаншама ұлт пен ұлыс өз тәуелсіздігін армандайтынын, егемендігі жоқ елдер барын еске алсақ, осыған шүкір дейміз. Жаратқанның қалауымен, қантөгіссіз келген тәуелсіздігіміз, КСРО құрамынан шыққан сәтіміз – барлығы да үлкен оқиға ретінде тарихтың төрінен орын алары сөзсіз. Қазір де сол тәуелсіздігімізді сақтап қалу, нығайту жолында қаншама адам еңбектеніп жатыр, осыны да ұмытпаған абзал.

– Тәуелсіздік күні – ұлттың ұлы мерекесі, мемлекет тарихындағы аса маңызды, айтулы мереке, бұл күнде қаншама азаматымыздың білім-білігі, қажыр-қайраты, маңдай тері мен ұлтжанды пейілі жатыр десеңші! Ынтымақ-бірлігінің арқасында Қазақстан тарихи өрлеу, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлтаралық татулықтың мекені болып қалыптас­ты. Бүгінде Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев­тың басшылығымен Әділетті Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етудеміз. Осы жолда барша отандасымыз үлкен табыстарға жетіп, дені сау, отбасы аман болсын! Тәуелсіздігіміз баянды, мәңгілік болғай! – деген Қуаныш Айтаханұлы елге ақжарма тілегін жеткізді.

Шынында да, тәуелсіздік бізге оңай келмеді. Қаншама адам, қаншама тұлға осы ізгі жолда құрбан болды, қаншама маман ел игілігіне талмай қызмет етті. Сол кездегі ең алғаш тәуелсіздігіміз туралы заңды қабылдағандар қатарында болған тұлғалар жайлы әлі де көп нәрсе жазылары, айтылары хақ. Әр саланың тәжірибелі жүйрігінен, елге танымал тұлғадан құралған Жоғарғы Кеңес өз қызметін жоғары кәсіби шеберлікпен атқарды. Салаларға қатысты көлемді, кешенді, мазмұнды-мағыналы заңдар қабылданды, ел ішінде түрлі іс-шара ұйымдас­тырылып, шетелмен достық қарым-қатынас орнады. Мұның бәрі – тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тік тұрып, ел болып кетуіне негізделген маңызды қадам. Елдік мәселеде аянбай еңбек еткен көрнекті қайраткер Қуаныш Айтаханұлы да осы аса жауапты кезеңде тәуелсіз еліміздің уығын қадаушылар қатарында болғаны, онымен сұхбат құруымыз – біз үшін мақтаныш.

Қуаныш АЙТАХАНҰЛЫ, мемлекет

және қоғам қайраткері

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button