Жаңалықтар

Тарихи шындықты зерделеді

Қала әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: тарихи шындықты зерттеу мен зерделеу мәселелері» атты конференция өтті.

[smartslider3 slider=1205]

Ұлттық қасіретке айналған саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтау жөніндегі қалалық комиссияның бұған дейін атқарған еңбектерін қорытындылау және келер жылы атқаратын жұмыстары жөнінде бағыт-бағдар беру мақсатында өткізілген алқалы басқосуда қала әкімі алдымен саяси-қуғын сүргінге ұшырағандарды анықтаудың және оларға тарихи тұрғыдан баға берудің маңыздылығына тоқталды.

– Еліміз егемендік алғаннан бері мемлекет тарапынан ұлттық тарихымызға деген құрмет пен қолдау жоғары деңгейде жүруде. Елбасының тікелей тапсырмасымен көптеген жобалар іске асырылып, олардың шеңбері аясында шетел архивтерінде сақтаулы жатқан деректердің көшірмелері алынып, тарихымыз туралы мәліметтер толықтырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырмасы да қоғамда кең қолдауға ие болды. Ұлттық қасіретке айналған қызыл қыр­ғын кесірінен халқымыздың бетке ұстар тұлғалары атылды, жер аударылды. Тарихтың осы ақтаңдақ кезеңі туралы шындық әлі де толықтай ашылған жоқ. Осыған орай, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі қалалық комиссия құрылды, – деді Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар қала әкімі өңірлік комиссия мүшелерінің негізгі жұмысы архив және тарихи материалдарды ақтарып, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың есімдерін анықтау және олар туралы музей ашу ісін пысықтау, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшырағандарды тарихи тұрғыдан бағалауға қатысты материалдарды жинау және оны талдап пайдалануға бағытталғанын жеткізді.

2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Мемлекеттік комиссия құрылғаннан кейін 11 бағыт бойынша жұмысқа кірісті. Сонымен қатар 14 облыста, республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік комиссия құрылып, саяси қуғын-сүргін құрбандарына және заңсыз қудалауға ұшырағандарға қатысты мәселелерді тереңнен қаузай бастады.

2021 жылғы 26 қаңтарда қала әкімінің қаулысымен құрылған Нұр-Сұлтан қалалық комиссия қарамағында қазір 5 жұмыс тобы қызмет істеп жатыр. Әр топтың құрамында 5 адам бар. Комиссия құрамына тарихшы-ғалымдар, өлкетанушылар, мұражай мен архив саласының мамандары, мемлекеттік әскери және құқық қорғау органдарының өкілдері қамтылған. Олар өздері зерттеп, зерделеген материалдарын жылына 2 рет мемлекеттік комиссияға жолдап отырады.

Шара аясында өңірлік комиссия мүшесі, жұмыс тобының жетекшілері Ғазиза Тұрмағанбетқызы, Күлпаш Мырзамұратқызы, Құрманғали Ғазезұлы баяндама жасап, комиссияның атқарған жұмысына тоқталды.

– Нұр-Сұлтан қаласының өңірлік комиссиясы «Тәуелсіздік жолында қудаланған күрескерлерді», «Ұлт-азаттық көтерілісінің құрбандарын», «Ашаршылық құрбандарын», «Мал-мүлкі тәркіленген, жер аударылған бай-манаптарды анықтау» сынды 9 бағыт бойынша жұмыс істеді. Қысқа ғана уақыт ішінде көп жұмыс атқаруға тырыстық. Сондай-ақ қуғын-сүргін құрбандарын анықтау жөніндегі мемлекеттік комиссия ұйымдастырған іс-шараларға белсене қатысып, өз жұмысымыз жайлы есеп беріп, тәжірибелерімізбен бөлістік, – деді Ғазиза Тұрмағанбетқызы.

Ғазиза Тұрмағанбетқызы сонымен қатар жұмыс тобының Ақмола өңірі бойынша 1916-1930 жж. қуғын-сүргін құрбандарын анықтау мақсатында жүргізілген жұмыста екі мәселеге баса назар аударылғанын жеткізді.

«Мұның бірі Ақмола өңірінің әкімшілік-аумақтық бөлінісі және зерттеу географиясын нақтылау болса, екіншісі – Ақмола өңірін басқару жүйесіне ден қою. Атап айтқанда, саяси билік және түрлі комиссиялар мен билік органдарының, олардың құрылымдарының саяси қуғын-сүргінге, адам құрбандығына әкеп соққан шешімдері, бұйрықтары, нұсқаулықтарына жіті үңіліп, оның зардаптарын да ашып көрсетуге тырыстық» деді ол.

«Күштеп ұжымдастыру және шаруашылық науқандарының (астық, ет дайындау) құрбандарын ақтау және зерделеу» тақырыбында сөйлеген Құрманғали Даркенов өз қарамағындағы жұмыс тобының Ақмола губерниясы, Ақмола уезі, Ақмола қаласы №4 учаскелік халық сотына қатысты 70-қорды толық қарап, қала бойынша архивтің 241 қормен жұмыс істегенін, қазір 65 қормен жұмыс істеп жатқандығын жеткізді. Әрі қарай осы жұмыстар негізінде күштеп ұжымдастыру және шаруашылық науқандарының құрбандарын ақтау және зерделеу бойынша 780 адамға қатысты істі қарағанын атап өтті.

«Кеңес Одағы 1930-1931 жылдары Қазақстанға 493500 тонна ет өткізу жоспарын берді. Екінші орындағы Украина 434800 тонна, ал үшінші орындағы Солтүстік Кавказ 226700 тонна өткізуге тиіс болады. Ал ашаршылық қақпанына түспеген қазіргі Орталық Азияның үш мемлекеті – Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан небәрі 66200 тонна ет өткізуі керек болады. Қырғызстанға бекітілген ет дайындау жоспары тіптен аз болатын. Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысына 1931 жылдың ақпан-наурыз айларында жеткізілген еттің 53,9 пайызы, Ленинград қаласы мен Ленинград облысына жеткізілген еттің 43,3 пайызы Қазақстаннан әкелінді. Ал РСФСР-дің Мәскеу мен Ленинградтан басқа аймақтарына жеткізілген еттің 57,5 пайызы Қазақстаннан жеткізілді. Міне, осы уақытта қазақ жерінде ашаршылық дендеп, халық аштан қырылды. Қайтсек аман қаламыз деп көтеріле көшті. Басқа облыстар жеріне, Ресей территориясына сыпырыла қозғалды. Қытай асты. Қазіргі Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан жеріне босып кетті» деді Қ.Даркенов ашаршылық жылдарындағы жағдайға тоқталып.

Шара барысында сұрақ-­жауапқа да кезек беріліп, тыңдаушылар өздері қызыққан мәселелер жөнінде баяндама жасаушыларға, қала әкіміне сұрақ қойды.

Отырыс қорытындысында қала әкімі А.Көлгінов өңірлік комиссия жұмысын жүйелі түрде жалғастыру, алдағы жылда атқарылатын жұмыстарды белгілеп, жұмсалатын қаражат мөлшерін анықтау жөнінде нұсқау берді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы мәліметтерді, мақалаларды үзбей жариялап, жинақталған материалдарды саралап, кітап құрастыру қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, конференция­ға қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов, жұмыс тобының мүшелері, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерен еңбек сіңіріп жатқан тарих пәнінің мұғалімдері қатысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button