Басты ақпарат

ТАРИХИ ТАМЫРЛАСТЫҚ ТАҒЫЛЫМЫ

Астанада өткен Түркі әлемі мүсін өнерінің V халықаралық биенналесіне қатысқан майталман мүсіншілер өздерінің туындыларын елордаға тарту етті. Түркі жұртының ортақ құндылықтарынан сыр шертетін 14 тас мүсін таяу күндері қала көшелеріне орнатылып, Астананың ажарына ажар қосатын болады.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай таңдаулы туындыларды арнайы барып тамашалады.

Естеріңізде болса, шығармашылық бәйгенің жалауы осыдан тура бір ай бұрын көтерілген.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Бурятия, Якутия, Тыва, Дағыстан елдерінен келген 15 мүсінші еркін тақырып аясында бір ай бойы барын салып жұмыс жасады. Осы жұмыстары арқылы олар жалпыға ортақ материалдық, мәдени құндылықтарды сақтауда, рухани мұраларды өскелең ұрпаққа мұқалтпай жеткізуде түбі бір түркі жұртының айтарлықтай табысқа жетіп отырғандығын дәлелдеді.

Шығармашылық адамдарының мұндай байқаулары бұған дейін Ресей, Түркия жерінде өтіпті. Ал, биылғы басқосу Астананың күллі түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына байланысты біздің елде ұйымдастырылған екен.

Мүсіндер бір-біріне ұқсамайтындығымен ерекшеленеді. Жасалу стилі, формасы да әрқалай. Оларды біріктіріп тұрған бір ғана нәрсе – тегі мен түбі бір, тарихы мен тамыры ортақ түркі халықтарының өмірінен сыр шертетіндігі.

Мұны қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов те өз сөзінде айтып өтті.

«Біз түркітілдес халықтардың тілі ұқсас дейміз. Шын мәнінде тарихы да бір-біріне жақын. Сіздердің мына еңбектеріңіз осыны дәлелдейді. Астанамыз бүгінде тек қазақ халқының емес, жалпы түркітілдес елдердің ортақ мақтанышына айналды. Астананың өсіп-өркендеуіне сіздер де өз үлестеріңізді қосып отырсыздар. Бұл үшін елордалықтардың атынан алғысымды білдіремін» деді ол.
Туындыларын дүниеге әкелерде түркі халықтарының өзара ұқсастықтарын көрсетуді көздегендерін мүсіншілердің өздері де растайды.

Мәселен, әзербайжандық мүсінші Тагир Рзаев туындысында көз бен қолды бейнелеген себебін «Көшпелі халықтар бір-бірімен ел кезіп, жер кезіп жүріп табысты. Демек, қол мен көз арқылы әлемді танып білуге болады деген сөз» деп түсіндіреді.Қырғызстандық мүсінші Базарбек Сыдықовтың «Елші бала» туындысы түркі халықтарының сонау жаугершілік заманнан келе жатқан аңыз әңгімесінің желісімен жасалған. «Ұмай ана», «Отбасы», «Киіз үй», «Жебеге дем салу» мүсіндерінің мағынасы да осыған саяды.

Түркі әлемі мүсін өнерінің халықаралық биенналесіне қатысушылар «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының сертификаттарымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің алғыс хатымен, естелік және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Шынар ДОСАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button