Қоғам

Тарихи топонимдер жинақталды

Кеше Ұлттық музейде «Ақмола облысының тарихи топонимдері» атты кітап-альбомның таныстырылымы өтті. Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген еңбектің авторы – аталмыш музей жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Ирина Бекзатқызы.

[smartslider3 slider=2026]

Ғылыми еңбек Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін іске асыру мақсатында дайындалған.

Қазіргі таңда елордалық аймақтың топонимдерін зерттеу және оларды жүйелеу қажеттілігі күмән тудырмайды. Көпшілік ғалымдардың қызығушылығын тудыратын тақырып – бұл елді мекен атаулары. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын реттеу және халықтың тарихы мен рухани мәдениетінің маңызды куәгері ретінде ұлттық топонимия­ны жаңғырту мақсатында ономастикалық зерттеулер жүргізу – бүгіннің өзекті мәселесі.

Оқырманға ұсынылған «Ақмола облысының тарихи топонимдері» кітабы Ақмола облысының ономастикалық кеңістігін одан әрі реттеу және елді мекендер мен әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын зерделеуге арналған. Кітапта Ақмола облысының ономастикалық кеңістігі бойынша жаңа зерттеу нәтижелері ұсынылған.

Кітап тіл білімі мамандарына, тарихшыларға, географтарға, сондай-ақ қазақ географиялық атауларына, топонимдердің шығу тарихына қызығушылық танытатын көпшілік оқыр­манға арналған.

Басылым Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ақмола облысының тарихи-географиялық атауларын зерттеу және қалпына келтіру» жобасы аясында жарық көрді.

Ғылыми еңбек еліміздің мемлекеттік мұрағат деректері және Омбы облыстық тарихи архивінің топографиялық карталары негізінде жасалған. Зерттеу материалдары 18-ғасырдың екінші жартысы мен 20-ғасыр­дың басына дейінгі аралықты қамтиды. Соның ішінде қоныс аудару құжаттары мен Дала генерал-губернаторларының жер-су атауларына қатысты бұйрықтары және қызметтік хаттарының көшірмелері сараланған. Нәтижесінде Ақмола өңірінің 64 елді мекенінің тарихи атауы анықталды. Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан, Қостанай мен Павлодар облыстарында дәл осындай зерттеу жұмыстарын қолға алу көзделген.

– Ақмола облысы елді мекендерінің 40 пайызының ­атауы кезінде өзгертілген күйде қалған. Қазіргі таңда елімізде өзге тілдегі атаулар өте көп. Сондықтан да елді мекендердің қазақша, тарихи атауын қайтару керек деп есептейміз. Біздің зерттеуіміздің де мақсаты осы. Алдағы уақытта зерттеп, жазып қана қоймай, республикалық ономастикалық комиссияға ұсыну жоспарлануда. Егер қолдау тауып жатса, бұл елді мекендер байырғы, тарихи атауларын қайтарып алады деп ойлаймын, – дейді кітап авторы Ирина Бекзатқызы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button