Мәдениет

Тарихи тұлғаларды таспалаған

Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында белгілі тележүргізуші, продюсер, тарихи тұлғалар туралы деректі фильмдердің авторы Майя Бекбаевамен кездесу өтті.

Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған шараны ашқан орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева аталмыш кездесу кітап­ханашылар мен оқырмандардың тілегімен өтіп отырғанын атап өтті. Тележүргізуші өз тарапынан жұмысы жайлы айта келе, биыл тұлғалардың мерейтойына орай бірнеше деректі фильм түсіргенін, атап айтқанда, Мәншүк Мәметова, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов жайлы туындылар көрерменге жол тартқанын жеткізді. Оларды автордың YouTube арнасынан тамашалауға болады. Қазір биылғы 135 жылдығына орай Әміре Қашаубаев жайында деректі фильмнің түсірілімі жүріп жатыр.

Майя Бекбаева балалық шағы туралы айтқанда, кітапқа құмарлығын анасы оятқанын, табандылық әке қанымен келгенін, тарихқа қызығуына жұбайының әсері болғанын айтты. Ал атасы, Ұлы Отан соғысына қатысушы Асылхан Бекбаев халықты ағарту ісімен айналысып, көп жыл Семейдегі педагогикалық институтты басқарған. Тарихи тұлғалар жайында деректі фильмдерді түсіруіне атасының әңгімелері де ықпалын тигізді.

Деректі фильм жобасымен айналыса бастағанына он жылға жуықтап қалғанын айтқан тележүргізуші осы уақытқа дейін 100-ден астам фильм түсіргенін, бастапқыда саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы тұлғаларын алғанын, архивтік құжаттарды қайдан алатынын айтты.

– Бұрын көптеген құжат, нақты қылмыстық істер Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметінің архивінде еді. Сол уақытта оларға қол жеткізуге болатын. Қазір білмеймін, бірақ бұл іс қиындап кетті деп естимін. Ал елімізде бастапқыда Ұлттық архивтен көп дерек алдым. Бұл істе архивтің сол кездегі директоры, тарихшы Марат Әбсеметовтің көмегі көп тиді. Алғашқы спикерім де сол кісі еді. Алматыдан да құжаттар алдырдым. Соның бірі – Жұмат Шаниннің ісі. Бірақ маған құжаттарды алып келген адамдар оның үстінен «домалақ арыз» жазғандардың аты-жөнін көрсетпей, көлегейлеп тұрды. Заң бойынша болуы керек, олардың есімін ашуға болмайды екен. Себебі олардың ұрпағы арамызда жүр. Сосын маған тарихшылар көмектеседі. Деректі фильмдердегі сол деректерді «Хабар» телеарнасы цензурасыз эфирге өткізе ме? Мен үшін маңыздысы сол еді. Өйткені осы  арна  сол жобаның тапсыру­шысы болды. Сонда фильмдер кесілмей шыққанына таңғалдым, – деді Майя Бекбаева.

Кездесу барысында қонаққа елімізде кітапхана ісін өркендетуге мол үлес қосқан Роза Бердіғалиева туралы деректі фильм түсіру ұсынылды. Майя Бекбаеваның «Мәншүк Мәметова: «халық жауының» қызы» деректі фильмі көрсетіліп, оқырмандар «Әйел келбеті…» кітап көрмесімен танысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button