Тарихи туындыларымен ұрпақты тәрбиелеген
Астана қаласы әкімдігінің Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығында көрнекті жазушы, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ілияс Есенберлиннің туғанына 110 жыл толуына орай «І.Есенберлиннің шығармашылығы» атты дәріс өтті.
Аталмыш орталықтың зерттеу жұмысы бөлімінің маманы Алма Жақыпова қаламгердің өмірі мен шығармашылығына тоқталып, әсіресе, жазушының тарихи роман жанрына түрен салғанын ерекше атап өтті.
Ілияс Есенберлин Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ауыр жарақат алды. Госпитальде емделіп болған соң, Қазақстанға қайтарылды. Қаламгерлік жолын ақын ретінде бастап, 30 жасында «Айша», «Сұлтан» атты дастандары жарық көрді. 1949 жылы «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы шықты. Оның поэзиялық шығармалары қатарында «Біржан сал трагедиясы» дастандары оқшау орын алады.
Жазушы кемелденген шағында прозаға ауысып, әдебиетте өнімді еңбек етті. Соның ішінде «Ғашықтар», «Алтын құс» секілді лирикалық шығармаларымен қатар «Көшпенділер» трилогиясы, «Алтын Орда» романы сынды тарихи туындыларды жазды. «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» кітаптары «Көшпенділер» трилогиясын құрайды. Ілияс Есенберлиннің қаламынан туған тарихи шығармалар кешегі кеңестік кезеңде қазақ балаларына бабаларынан жеткен рухты дарытты. Хандарымыз бен ел мен жерді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батырларымыздың, тура сөзді кесіп айтар би-шешендеріміздің бейнесін жаңғыртқан жазушы осылайша ұрпақтың тәрбиесіне үлесін қосты. Мәселен, Желтоқсан оқиғасы кезінде әділдік іздеген жастардың алаңға шығуына Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні, Олжас Сүлейменовтің өлеңдері және Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы түрткі болғанын сол оқиғаны зерттеушілер жоққа шығармайды. Қазіргі жаһандану заманында да ұлттың ұлт болып қалуы рухани мұрамызды бойымызға қаншалықты сіңіруімізге байланысты десек, қаламгердің шығармалары соншалықты өзекті екенін байқаймыз.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ