Мәдениет

Тарихтан сыр шерткен

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген тарихи телехикаялардың таныстырылымы өтті. Осылайша отандық кино нарығына 6 тарихи сериал қосылды.

[smartslider3 slider=1263]

Ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Жәңгір хан мен Домалақ ананың өміріне арналған тарихи туындылар «Qazaqstan» арнасының эфирінен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көрсетіледі. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, депутаттар, телевизия саласының ардагерлері мен журналистер қатысты.

12 бөлімді «Жәңгір хан. Сарай сыры» сериалына Арман Сқабылұлы, 6 бөлімді «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясына Мұрат Есжан, 2 бөлімнен тұратын «Домалақ ана» телехикаясына Нұриддин Паттев, 4 бөлімді «Тәшенев. Тайталас» сериалына Жасұлан Пошанов, 6 бөлімді «Қаныш. Қазына» телехикаясына Айгүл Байбек, 4 бөлімді «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи туындысына Азамат Сатыбалды жетекшілік етті.

Басты кейіпкерлерден бөлек, сериалдарда Бәйдібек бидің, Махамбет пен Исатай, Әліби Жангелдин, Міржақып Дулатұлы, Жұмабай Шаяхметов, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев, Фариза Оңғарсынованың рөлдері де кездеседі. Тәуелсіздік мерекесінде ұлттық арна эфирінде алғаш болып «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясы көрсетіледі.

Айта кетсек, Қазақстан телерадиокорпорациясы келесі жылы түсірілетін сериалдарға ашық байқау жариялап, 188 жобаны қабылдап үлгерді. Қазақ тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың өмірін, бейнесін, шығармашылығын экран арқылы дәріптеу мақсатында келер жылы Әлихан Бөкейханов, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаев туралы тарихи жобалар түсіру жоспарланған. Сонымен қатар Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романын экранизациялау да қолға алынбақ.

Биыл корпорацияның түркі елдеріне ортақ тұлға – Қорқыт атаға арналған телехикаяның шығармашылық жұмыстары басталып та кетті. Түркия сериал өндірушілерімен бірлесе қолға алынған телехикаяның түсірілімі үш жылға созылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button