Таным

ТАРИХТЫ ТYЛЕТКЕН ТҰЛҒА

Флага5,-04.07.14

Туырлыққа желкілдете ту іліп, көк найзаның ұшына желбірете үкі тағып, сонау Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлаңғайыр Ұлы даланы қасық қаны қалғанша қорғаған ата-бабаларымыз түбінде қазақтың әлемге аты озатынын білген-ау. Екі мыңжылдықтың тоғысына иек артқанда бүкіл әлем бұрын беймәлім болып келген, бүгінде экономикалық жағынан қарқынды өсіп келе жатқан Қазақстанды жиі ауызға ала бастады. Еліміз бейбітшілік пен келісімге және тағаттылыққа шақыратын мемлекет ретінде жаһандық диалог алаңына айналды. «Қазақстан», «Астана» және «Назарбаев» деген сөздер шын мәнінде тұрақтылық пен дамудың, ашықтықтың синонимі ретінде санаға сіңді.

Елімізге 2001 жылы католиктер әлемінің аса беделді рухани басшысы ІІ Иоанн Павел арнайы ат басын бұрып, қадірлі қонағымыз болған еді. Содан кейін ел жүрегі – Астанада көптеген халық­аралық іс-шаралар өткізілді. Атап айт­қанда: қысқы Азиада, ЕҚЫҰ саммиті, Ислам ынтымақтастығы ұйымы кеңесі, Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Еура­зиялық медиафорумдар, Аста­на эко­номикалық форумы, Дүние жүзі қазақтарының құрылтайы, Дүние­жүзілік дінаралық келісім, Түркі тілді мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесінің саммиті сияқты шаралар арқылы Қазақстан әлемге ақ барыстың айбынын, көк бөрінің рухын паш етті. Енді 2017 жылы елімізде «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Бұған қоса, 2022 жылғы Қысқы олимпиаданы біздің елде өткізу бағытында да келіссөздер жүргізілуде. Еуразия кеңістігінің нақ ортасы – біздің Астанада аймақтық мемлекетаралық беделді бірлестіктерді құру туралы идеялар көтерілген еді. Көп өтпей ТМД, ШЫҰ, ҰҚКҰ, Еуразиялық экономикалық одақ, Кедендік одақ сияқты беделді ұйымдар өмірге келді.
Сондай-ақ, еліміз спортта, мәде­ниетте, білім мен ғылымда және өнерде айтарлықтай жетістіктерімен әлемге танылды. Қазақстанның азаматы болу абырой әрі мақтанышқа айналды. Бүгінде шетелге шыққан қазақстандықтардың бәрі өздерін «қазақ» деген ұлттың өкілі ретінде таныстыратын жағдайға жетті. Бұрынғы кеңестік мемлекеттердің азаматтары елімізді осындай биікке көтерген озық ойлы, көреген, әлемдік беделге ие Президентімізге қызыға да, қызғана қарайды. Өйткені, кең-байтақ қазақ жері бүгінде Асан Қайғы атамыз іздеген Жерұйық іспеттес. Елімізге Орталық Азия аймағындағы көрші мемлекеттерден мыңдаған еңбек мигранттарының ағылуы, бізден пана іздеушілердің көбеюі осы сөзімізді дәлелдей түсе­тіндей. Әлемнің әр түкпіріндегі шағын және орта бизнес өкілдерінің елімізден өз фирмаларын ашуға ынталы екендіктерін көріп те, байқап та жүрміз. Жоғары оқу орындарымызда шетелдік жастар білім ала бастады. Әсіресе, соғыс өртіне тұншығып, сая­си тұрақсыздықтың зардабын шегіп отырған Ауғанстаннан көптеген жас­тар келіп оқиды.
Елімізге келген шетелдіктер қашан да қазақтың қонақжайлылығы мен дарқандығына тәнті болып кетеді. Еліміз үшінші мыңжылдықтың бас­тауында неге осынша танымал, тартымды, құрметті бола түсті? Мұндай мәртебеге көп елдер ондаған, тіпті, жүздеген жылдар бойы ұмтылып келеді. Кейбір халықтар өсіп-өркендей алмай жойылып та кетіп жатыр. Сонда мұның сыры неде? Бұл сұраққа өткен ғасырдың ұлы ғалымы Лев Николаевич Гумилевтің пассионарлық туралы атақты теориясы жауап береді. Оның түсіндіруінше, жаңа этностың қалыптасуы мақсатқа жетуде тынбай күресе алатын ішкі қуаты мол жеке тұлғаларына байланысты. Өз халқының құнын өзінің өмірінен және басқа да құндылықтардан жоғары қойып күресу – пассионарлық қуатқа ие адамның іс-әрекеті. Пассионарлық – сыртқы ортаның қуатын сіңіріп, оны белсенді жұмыс ретінде кері қайтару әрі ол қуатты жоғары міндеттер мен ұлы мақсаттарға жету жолында тиімді жұмсай білу және бұл туғаннан қалыптасатын қабілет.
Осы теориялық тұжырым мен елімізде болып жатқан жайларды салыстыра отырып, біздің Президент пен Қазақстан халқы пассионарлық қуатты бойына мол сіңірген деп батыл айта аламыз. Бүгінде елімізде елеулі пассионарлық өсім байқалады. Жалпы, қазақ халқының бойына бұл қуат ежелден ұялаған. Мәселен ХVІ-ХVІІІ ғасыр аралығындағы Қасым, Есім, Жәңгір, Тәуке, Абылай хандар пассионарлық қуатқа ие тұлғалар еді. Одан кейінгі екі жүзжылдықта Кене хан, Амангелді батыр, Әлихан Бөкей­ханов сияқты алаш көсемдері, Ұлы Отан соғысының батырлары осы қуатпен өмір сүрген тұлғалар. Ал, бүгінгі Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге пассионарлық дамуды шынар шыңына жеткізді.
Бұл уақиға Қазақ хандығы құрылып, қазақ ұлты қалыптаса бастаған алты жүзжылдықтан кейін орын алып отыр. Л.Гумилевше, халықтар 1200-1500 жыл өмір сүре алады деп есептейтін болсақ, белсенділігі жоғары Қазақстан өзінің Ұлт көшбасшысы-пассионері Н.Ә.Назарбаевпен бірге халық ретінде кемелденген шағына енді жетті.
Пассионерлік қуаты мол тұлғамен қатар өмір сүрген адамдардың өздері де бірте-бірте сондай қуатқа ие болады екен. Мұны әр қазақстандықтың бойы­нан байқау әсте қиын емес. Бүгінде біреулер астықтан рекордтық өнім алып жатса, екіншісі Оңтүстік Америкада өтетін Олимпиадаға лицензия ұтып алып, үшіншісі жаңа кәсіпорын ашып, төртіншісі әлемдегі беделді жоғары оқу орындарынан жақсы білім алуға ұмтылуда, бесіншісі Отанына адал қызмет етуде.
Сөз жоқ, бүгінгі пассионарлықтың осындай деңгейге жетуіне Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қосқан үлесі зор. Оның пассионарлық қабілеті өте ерте жастан байқалды. Мектепте оқыған жылдары оқуда әрдайым озат болуға бар күшін салды. Интернаттағы өмір оны азамат ретінде шыңдады. Жастай бір отба­сының тірегіне айналғандықтан, тез есейді. Ешкімнің қолдау, қамқор­лығынсыз Украинаға барып, сол сездегі сұранысқа орай атақты Днепродзер­жинск училищесінде техни­калық білімін жетілдірді. Оның пассионарлық қасиеттері сол кездерде көрініс берген еді. Ерік-жігері мықты, дене тұрқы да шымыр оны тегіннен тегін топтың жетекшісі етіп тағайындаған жоқ. Оқуды бітіру кешінде белгілі шеберлердің бірі оған: «сен кемі үкімет басшысы болуға тиіссің» деп бекер айтпаған еді. Нұрсұлтан Әбішұлының биліктің биік шыңына барар жолы көне де ұлы Днепр жағалауынан бас­тау алды. Қызуы күшті цехта алғашқы еңбек жолын бастап, сол жерде жеті жыл тер төккен ол зор қуат пен талмас қажыр-қайратты талап ететін комсомол және партия жұмысын да жастайынан абыроймен атқарды.
Нағыз пассионар ретінде оның ұлы реформатор, көкірегі сара кө­реген, шебер ұйымдастырушы, шы­найы патриот, тұғыры биік тұлға, хас батырдың ұрпағы ретіндегі көш­басшылық бітімі сол кезден-ақ көрінді. Тағдыры маңдайына жазған міндетті орындауға қажетті қасиеттер оның бойында көп болды. Соның ішінде өзгелерде кездесе бермейтін қасиет – мысы басымдығы. Айбарымен жас­қап, мысымен матап тастайтын ол еліміздегі ғана емес, Еуразиядағы, әлемдегі миллиондаған адамдардың ақыл-санасына айтарлықтай ықпал ете алады. Біреулер үшін ол – күш-жігері мықты жетекші, тағы біреулерге алдына қойған мақсатына әрдайым қол жеткізе білетін адам дегенмен, бәріміз үшін ол тәуелсіздік жолына табан тіреп тұрған бүтін бір халықтың жауапкершілігін өз мойнына алған ұлы тұлға болып қалары анық.
Кейбіреулер үшін 1991 жылғы тәуелсіздік өздігінен келе қалғандай көрінетіні жасырын емес. Бірақ, тари­хымызға талдау жасап, терең үңіліп қарайтын болсақ, бұл кездейсоқ уақиға емес екенін бірден байқаймыз. Ұлы ойшыл Вольтердің «Мемлекетті құтқару үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті» дегені айна-қатесіз айтылған сөз. Осындай ұлы адам – біздің Президент!
Оның бойынан жалпы қазақ халқына тән жақсы қасиеттердің бәрін байқауға болады. Қонақжайлылық, кең көңілділік, тілеулестік, тағат­тылық, қайғыға ортақтаса білу, дарқандық, әділдікті сүю, табандылық пен төзімділік сияқты қасиеттер көшбасшылық қабілетімен біте қайнасқандай. КСРО сияқты алып мемлекет көз алдымызда құлдырағанда, миллиондаған адамдардың трагедиясын алдын ала сезген Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ халқына жаңа жол сілтеп, үлкен даму баспалдағына бағыттады. Осындай алмағайып уақытта ХХ ғасырдың ұлы реформаторларының бірі Ли Куан Ю:
«Президент Назарбаев – кеңес сая­сатының жарық жұлдызы, әртүрлі рес­публикалар арасындағы ірі тұлға. Елу жасқа енді жеткен Қазақстан көш­басшысы – табанды, іскер, шапшаң және тез шешім қабылдай алатын адам, әрі тартымды, талантты, сөзге берік. Оны одақтағы өзге де респуб­ликалар жетекші деп таныған. Егер Назарбаев республика тізгінін қолына алса, Қазақстанның табысқа жету мүмкіндігі мол» деп, дәл болжаған екен. Содан бергі жиырма бес жыл ішінде Н.Назарбаев Оңтүстік-Шығыс Азияның ұлы реформаторының болжамын, сенімін толығымен ақтады.
Тағы бір мысал келтіре кетейік, 1991 жылы КСРО-да аса танымал «Диалог» журналы өз оқырмандары арасында «Жыл саясаткері» тақыры­бында сауалдама жүргізген болатын. Үміт­керлердің тізімі жиырма шақты адамға жуықтайтын, оқыр­мандар соның іші­нен тек ең белгілі деген үш үміткерді ғана көрсетуге тиіс болды. Сол уақытта сауал­дамаға қатысқандардың 40 пайызы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Жыл саясаткері» деп таныған. Олар оны тартымды саяси позицияға ие, жаңа идеялардың бастамашысы, жария­лықты қолдайды, ақыл-парасаты мол, халықтың мүддесіне жақын, уақиға барысын алдын ала болжай алатын, ерік-жігері мықты, саяси жағынан икемді, дау-дамайларды шебер шеше білетін, аса танымалдылығымен халықтың сеніміне ие адам деп баға берген.
Ол 1991 жылы елімізге тәуелсіздік алып берді. Лев Николаевич Гумилев өзінің зерттеулерінде «Тек зор қабі­летке ғана ие болу жеткіліксіз. Ұлы істерді атқару үшін миллиондаған адамдардың жүрегіне от тастап, жар­қын идеялар үшін күресуге бастай білу керек» деп жазған еді. Біздің Елбасы мың, миллиондаған адамдардың жүрегінде сенім отын жағып, жарқын өмірге бастады. Елбасымыз қазақ халқы­ның сан жылғы арман-мақсатын жүзеге асырды. Тәуелсіз және егемен мемлекет құрды. Еліміз жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орынды иеленгенімен, халқы­ның саны бар болғаны 17 миллион шамасында. Осынша халық бір кезеңде еліміздің экономикалық жағынан қуатты мемлекет ретінде қалыптаса бастағанына куә болды. Қазақстан белсенді сыртқы саясатының арқасында әлем бойынша бейбіт­шілік пен келісімнің, тағаттылық пен тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің ордасына айналды.
2010 жылы Азиядағы бейбітшілік пен келісім кеңесінің үшінші саммитінде Н.Назарбаев еуразиялық қауіпсіздікке байланысты: «ЕҚЫҰ-на төраға мемлекет ретінде біз жер-жаһанның үлкен құрлығы – Еуразия барлық халықтар үшін бейбітшілік пен келісімнің кеңістігіне айналуы үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз» деген. Сол мақсат-міндеттен ешуақытта айнымай, әлемдік бейбіт­шілік жолында Елбасымызбен бірге аянбай тер төгіп келеміз.
Қазақтың ұлы пассионері халқы­мыздың ғылым-білімге ерекше қабілетін де назардан тыс қалдырмай, осы бағытта жарқын жобаларды өмірге әкелді. Ол, әрине, «Болашақ» бағдарламасы. Тек біздің елде ғана Халықаралық түркі академиясы құрылды, жалпы мұсылман халық­тары үшін киелі саналатын Түркістан ша­һарында – Халықаралық Қожа Ахмет Яссауи университеті, Алматыда – С.Де­ми­рел атындағы университет, Астанада Орта Азиядағы бірінші М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нің филиалы ашылды.
Біздің Елбасы – жоғары космостық қуатқа ие адам, ол бұрын-соңды болмаған «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бағдарламаларын дүниеге әкелді. Экономикалық қиын жағдайға қарамастан, қысқа уақыттың ішінде елордамыз – Астана қаласын салу арқылы да ол өзінің атақ-даңқын бірнеше ғасырға созды. 1999 жылы ЮНЕСКО біздің елордамызды «Әлемнің астанасы» деп атады.
Н.Ә.Назарбаев 1994 жылы ММУ аудиториясында лекция оқыды. Бұл бір қарағанда әдеттегідей лекция көрінгенімен, осы жиында ол ұлы еуразиялық идеяны ортаға тастады. Еуразиялық экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығы туралы айтылған ой бастапқыда аз ғана ғалымдардың, белгілі бір топтардың ортасында талқыланды. Н.Назарбаевтың еуразиялық идеясы басқалардан бөлек екеніне, мұнда империялық үстемдік қаралмағаны, ешкімге шабуыл жасау көзделмейтіні, Шығысқа да, Батысқа да өктемдіктің жоқтығы, барлық мемле­кеттердің шекаралық тұтастығына нұқсан келмейтіні жан-жақты ойлас­тырылғаны әлем жетекшілерінің, ойшылдары мен ғалымдарының назарын аудара бастады. Сөйтіп, бір кездері ММУ қабырғасында жай бір лекцияда айтылған идея Еуразиялық экономикалық одақ ретінде жүзеге асты. Біздің Президент бұл бастаманы тұңғыш көтерді. Көтеріп қана қоймай, оның мемлекетаралық ынтымақтастықтағы маңызын айқын түсіндіріп, көпшіліктің көзін жеткізді.
«Тең құқылы тәуелсіз мемле­кет­тер­дің Еуразиялық экономикалық одағы өзіндік ынтымақтастық мүмкіндігіне ие қатысушы әрбір елдің ұлттық-мемлекеттік мүддесін жүзеге асыруға бағытталған. Еуразиялық экономикалық одақ бұрынғы кеңестік кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіп­сіздікті нығайтуды, әлеуметтік-эко­но­микалық жетіктіруді көздейтін егемен мемлекеттердің бірігу үлгісі болып табылады» деп, Елбасы бұл одаққа анық сипаттама берген еді.
Бұл жаңа жоба ең бірінші эконо­мика­лық мүдделерді қарастырды. Әрбір тәуелсіз
мемлекет негізгі ұстанымдарын қалып­тастыру қажет болды. Жаңа ынты­мақ­тастықтың басты ұстанымдары алғашқы лекцияда-ақ айқын түсіндірілді. Ұлт­тық референдумдар негізінде ең басты мә­селелерді кешенді түрде шешу, мүше мемлекеттердің тең құқылығы, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, шекара­лық тұтас­тығына нұқсан келтірмеу, әрқайсысының мүдделеріне құрметпен қарау сияқты қағидаларды жан-жақты ашып берді.
Елбасымыз ұсынған осындай терең мазмұнды бірегей жоба саяси жағы­нан нұқсан келтірмей, тек эконо­мика­лық тұрғыдан елдердің өзара жақын­дасу тетіктерін нақты көрсетіп берген. Ол жаңа ұсынысын жеткізгеннен кейін бірден іске көшті. 1993 жылы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен және қолдауымен бірегей еуразиялық арна «Мир» ХТРК құрылды. Бұл бастамаға Лев Николаевичтің өзі батасын берген еді. Бұл арнаның ал­ғашқы төрағасы, бүгінде Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ғаділбек Шалахметов болды.
Содан кейін 1996 жылы ұлы ғалым Лев Николаевич Гумилевтің есімін иеленген Еуразия университетінің негізі қаланды. Университеттің екі басты міндетінің бірі – еуразиялық идеяны жүзеге асыру болып белгіленуі тіптен кездейсоқтық еместігін түсіндіріп жатудың өзі артық болар. Елбасымыздың ұсынысымен мұнда халықаралық Еуразиялық форумдар жиі өткізіледі. Осында барлық мамандық
бойынша «Евразия: теория және практика» курсын жүргізетін еуразиялық зерттеу кафедрасы арнайы ашылды. Л.Н.Гумилев атындағы Музей-кабинет те тұрақты
жұмыс жасап тұр. Сондай-ақ, ЮНЕСКО және ҚХА кафедрасы да ұлтаралық татулық пен келісімді нығайту бағытында көптеген іс-шаралар атқарады.
Еліміз жиырмасыншы ғасырда аса қиын кезеңде ірі уақиғалардың құрбанына айналмай, даму баспалдағынан аман-сау өтті. Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай, заманалар өтінде «мың өліп, мың тірілген» халқымыз биік асуларға иек артты, болашақтың іргесін берік қалады. Халықтың бойында қандай қиын­дыққа болса да, қарсы тұра алар күш-қай­рат қалып­тасты, ел ертеңіне деген сенімі нығайды. Елбасы берілген пассио­нарлық қасиет те халықтың бойында дамып жетілді.
Біз күннен күнге өркениеттің биік шыңына Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қарышты қадаммен жақындап келеміз.
Ол бізді жарқын жолға салып, батыл да сенімді түрде әлемдегі дамыған елдердің алдыңғы қатарына бастады.
Елбасымыз: «Мен үшін халқыма қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Осы жолда мен бар күш-жігерімді, білім-білігімді, тәжірибемді аямай жұмсаймын» деген еді. Осы ұлы мақсаттан ол қандай жағдайда да ешуақытта айныған емес. Біз үшін Елбасы – жарқын болашақтың кепілі! Еліміздің ерен жетістігі! Бағы мен байлығы!

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ-нің профессоры,
Тарихшылар ұлттық конгресінің ғылыми хатшысы,
тарих ғылымының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button