Қоғам

Тарихтың ащы сабағы маңдайымызға тиген жоқ па?!

 Жалалы арыз, ғайбат пен өтірік, аяқтан шалмақ былғаныш науқанның кесірінен талай жақсылардың атына кір келіп, тіпті бір замандарда жазықсыз атылып та кетуіне себеп болды. Аты озғандарды іштен шалатын жаман әдет бүгінде өршімесе тиылған жоқ. Масқарасы, домалақ арыз жазғыштардың тасы өрге домалап тұр. Әлеуметтік желілердің дамуымен қатар кісінің жақсы атын қаралау аса қиын шаруа болмай қалды.

Бұл іске блогерлер білегін түре кірісіп, «фейсвук қаһармандарына» айналды. Демократияның белгісі деп дес бермейтіндерді түсінуге тырыссақ та, мұның белгілі топтардың өз бәсекелестері мен оппоненттерін омақата құлатуға таптырмайтын құрал болғанын мойындау керек. Бұл «бәле» айтылған жерінде қалмай, түскен жерінде тауқыметке айналады. Тиісті орындардан тексеру келіп, жалған деректерді теріп қаншама адам әлек. Осыншама жұртты дүрбелеңге салса да жауапсыз қалдыратын болған соң, жаман әдет сүйегімізге сіңісті болып кеткендей. Қазақтың домалақ арыз жазудан алдына жан салмауының себебін қалай түсіндіруге болады?

Осы сұрақтардың жауабын Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек ҚАБЫЛДИНОВТЕН сұрап, оның тамыры әріде жатқанына көз жеткіздік.

-Арызқойлардың қазақтар арасында өршуіне не себеп деп, студенттік жылдары мен де зерттеу жүргізгенмін. Сонда қолыма 1902 жылы И.В. Селецкий жазған «Киргизские кляузы» деген еңбегі тап болды. Онда былай дейді: «Киргизы (казақтар-авт.) давно и не напрасно заслужили себе репутацию завзятых кляузников, так же в большинстве их жалоб, подавших в присутственные места и должностным лицам, то и дело усматривается вранье, ложь (утрюк), клевета и изветы (жала)».  («Киргизские кляузы». Омск, 1902, с.1). Әрі қарай бұл әдеттің  табиғаты мен қолдану аясын былай тарқатады:«Жала жабу» или жалакылу (оклеветать, обнести) даже своего родовича, или бывшего друга, ставших в каком-либо личном, или общественном деле поперек дороги, для киргиза  ничего не стоит. В особенности это практикуется по отношению к должностным лицам».

Таң қаларлығы, ол жалақорлықтың өршуін патша үкіметі мен оның жаңаша басқару құрылымынан көреді. «Многие из знающих киргизский быт видят главную причину возникновения раздоров и кляуз между киргизами в выборном начале введенном в основу устройства их общественного начала».

Сонымен бірге «жазғыштардың» жауапқа тартылмауы да «отқа май құйғанын» мойындайды. Ол:«Нет сомнения, что безнаказанность или скорее, бесконечная медлительность…по ложным доносам, поддерживали отчасти развитие кляузничества в степи». Асқанға тосқан ретінде орынсыз жала жапқандарды жауапқа тартып жазалау қажеттігін айтады. Әрі қарай тыңдаңыз. Омбының тарихи мұрағатында 1876 жылғы (Ф.3, оп.9, д.14476) Семей әскери округының кеңсесінің қорында «Ябеды киргизов» деп аталатын, осы дертті тексерген құжаттар әлі сақтаулы тұр.

– Осындай жиіркеншіті үрдістің қазақ даласына түгел жайылуына мүдделілер болды ма?

     – Ақ патшаға бодан болғанға дейін Ұлы даланың өзіндік идеалды қоғамы болды. Онда бірегей ұлттық құндылықтарға бекітілген салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптары бар, ханафит масхабының сүннет бағытындағы ислам діні орнаған социум дәуірледі. Қазақтар қонақжайлылық, өзара көмек, бір-біріне құрметпен қарайтын, мәрттік қасиетімен ерекшеленді. Бір тайпа ел қатар отырып, біреуінің басына қиындық түссе, көп болып жұмылып қол ұшын беретін. Өлкенің билер соты кез келген әділетсіздікті, соның ішінде ауызша тіл тигізуді және кісінің сыртынан сөз тасуды жоққа шығарды.

Алдымен патша, кейін кеңес заманында дәстүрлі қоғамның барлық институттарын саналы түрде қирату басталды. Дала халқын  люмпенизациялау басталды. Шоқындыру үдерісінің орнына көп ұзамай, большевиктер алып келген атеизм қоғамы орнықты. «Арым – жаным садағасы» дейтіндерді тасада тұрып тас ататындардың қатары ауыстырды, кешегі есікте жүрген тексіздер үстемдік алды. Маргиналдардың тұтас қабаты қалыптасты.

-Осылайша жалақорлар мен арызқойлар үшін таптырмайтын орта  пайда болды ма?

– Дұрыс айтасыз. Қазақтардың бір бөлігі бодандықты қабылдағаннан кейін Ресей империясы 600 жыл даланы билеген (1224-1822\1824 ж.ж),  неғұрлым беделді деген хан-сұлтандарды кезең-кезеңмен жоюға және бейтараптандыруға кірісті. Алдымен төрелердің неғұрлым беделді, ақ патшаның айдауына көнгісі келмегендерін бір-біріне қарсы қоюда арызқойлықты үдетіп, жала жабудың арқасында іштен іріткі салды.

Мысалы 1795 жылы Орта жүздің 100 мыңға жуық қазақтары Сібір билігінің делдалдығымен, II Екатеринаға тікелей бағынуға өтініш білдіру үшін  империялық билікке шағымданған кезде Уәли ханды қаралау науқаны орын алды.

Дәл осы жылы, Абылайдың үзеңгілес досы ықпалды сұлтанның бірі Сұлтанмамет дүниеден озғанда, патша өкіметі оның ұрпақтарын бір біріне айдап салды. Нәтижесінде, осы оқиғаның «әділ шешімі» деп 1798 жылы  ондаған мың  қазақтарға Ертістің оң жағалауына қоныстануына рұқсат етілді.

Ақ патша болса Уәли ханның Ресей империясы мен циндік Қытайдың үзеңгісін қатар ұстамақ болған саясатын кешірмеді. Біркездергі көп қаралы, біртұтас Орта  жүз  екі хандыққа бөлініп, өзеннің екі жағына айырыла көшіп, емен-жақын араласуына тиым салынады. Осыған ұқсас жымысқы әрекет  кіші жүз қазақтарына қолданды. 1801 жылы кіші жүз тайпасының бір тобы Бөкей хандығын құрып, екінші тобы оралдың арғы жағына ауысып, далалық болып екіге жарылды.

Уәли ханды патша омақата құлатып, орта жүздің екінші ханы болып Бөкей Барақхан келді ма? Жалақорлықтың қаншалықты күшті екенін енді түсініп жатырмын.

-Бұл  патша өкіметінің жымысқы ойын жүзеге асырудағы құралы ғана ғой. Патша өкіметіне қазақ хандығын екіге жарып әлсірету қажет болды. Екі ханның өлімінен кейін қазақ даласындағы хандық билікті жойып, 1822 жылы қазақ тарихынан мүлдем өшеді. Тарихшы ретінде хандарды қаралаған арыз-шағымдармен танысып шықтым. Мазмұны қазіргі домалақ арыздардан  айырмашылығы шамалы. Алайда осы жалақорлардың қолымен жазылған арыз-шағымдар түрткі болып, тарих дөңгелегі басқа жолға түсті.

 – Бабаларының ізімен хан болмаса да аға сұлтандыққа ұмтылған Шоқан Уәлихановтың жолы да арызқойлардың қолымен кесілгені туралы айтып едіңіз.

-Бұл оқиға да осы жайтпен үндеседі. 1862 жылы өз халқын патша шенеуіктері мен жергілікті билеушілерінің зорлығынан қорғамақ  ниетімен  Атбасар сыртқы округының аға сұлтаны қызметіне сайлауға қатысады да … жеңіледі. Шоқанның кім екенін білесіз. Мықты білімді. Нағыз зерттеуші. Абылайханның  шөбересі, Орта жүздің соңғы ханы  Уәлидің немересі. Аға сұлтан Шыңғыстың ұлы. Орыс интеллигенциясының танымал тұлғасы.

Сәл алға кетсек, 1860 жылы Санкт-Петербургте Шоқан Уәлихановтың әскери шенін көтеріп, орденмен марапаттайды. Александр II жеке қабылдайды. Айтқандай осы кездесуде, жағдайды пайдаланып, ғалым шенеуіктерінің өз халқына қатынасы жақсылау болғанын қалайтын айтып жеткізеді.

Алайда патша шенеуіктері жергілікті билеушілердің қолдауымен  қаралаудың барлық тәсілін басшылыққа алып, ұлы ғалымға қарсы лап береді.

Ағартушы  Ыбырай Алтынсарин де талай басы дауға қалып,  алтын уақыты осы жала жабушылармен арпалысып өткені өкінішті. Ол 1857 жылы Орынбор шекаралық комиссиясының  мектебін бітіреді.  Орыс тілімен қатар,  араб, татар және парсы тілдерін меңгерген. Болыстыққа, ауыл старшындыққа сайлауға түседі, алайда жергілікті өктемдер облыс басқармасына, әскери губернаторға, тіпті  ішкі істер министріне дейін арыз беріп, жала жапқан. Бірақ,  өзінің шәксіз адалдығы мен тазалығы арқасында  әрқашан ақталып отырған. Құнанбай Өскенбаевтың да сау басын саудаға түсіріп, Омбы бекінісіне қамауға алдырған да арызқойлардың әрекеті екені белгілі. Осы күйе оның тарихтағы орын ашып алуға әлі де залалын тигізіп келеді деуге болады.

  -Аққа күйе жағу әдісі қазіргі ғалымдардың арасында да  қолданыста ма?

 – Әріптестерімді жалған айыптаулар мен жала жабудан, алдау мен ғайбаттан бас тартуға шақырар едім. Бұл Ресей империясының мұрасы және Кеңес өкіметінің үзілмей жатқан дауысының жаңғырығы. Ерік берсе ерінбеген кейбіреулер бүкіл елді қаралауға бейім тұрады. Оның ақыры жақсылыққа апармасы анық.

Өткен ғасырларда азғырушылар таратқан індетті жеңе алған жоқпыз.  Керісінше өзге жұрттың жаманын бойымызға сіңіріп, кеселіміз меңдеп барады. Соңғы отыз жылда, өзінің қолы жетпеген игілікті қызғанып, бар ашуын басқадан алатындар қатары артты. Олардың қолтығына су бүркіп отырғандар да жоқ емес. Өзім білетін жайтты айтайын. Ғылым саласындағы бір ғалым ағамыз бар. Аракідік әріптестерін қаралап, жан-жаққа хат жіберетін жаман әдеті бар. Сол хат адресат бойынша маған да келеді. Алғашқы 100 хатын оқыдым, әрі қарай жазуынан танып хатты ашпайтын да  болдым. Қанға сіңген әдетке не дерсіз?!

Бірақ мұндайдардың зардабы көп. Өмірде болсын, ғылымда болсын болып жатқан өзгерістерге, оң бастамаларға олар өш келеді. Қоғам дамуын тежейтін себепті арызқойлар мен ғайбатшыларға, домалақ арыз иелеріне тоқтам болып, бетін қайтаратын заң керек. Меніңше, тарихтың ащы сабағынан қортынды  шығаратын кез келді.

 Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button