Жаңалықтар

ТАРИХЫМЫЗ «АҚТАҢДАҚТАН» АРЫЛАДЫ

Жақында өткен Қазақстан тарихын зерделеуге арналған ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин бұл мәселеге жаңаша көзқарас қалыптастыру қажеттігін айқындады. Осыған байланысты Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева жиналыс өткізіп, атқарылар жұмыстар аясын белгіледі.

Атап айтсақ, халық демалатын және сауда ойын-сауық орталықтарында Қазақстан тарихын танытуға арналған викториналар өткізілмек. Сондай-ақ, тарих мұғалімдерінің біліктілін арттыру курстары, «Үздік тарих мұғалімі» конкурсы ұйымдастырылып, ұлт тарихын оқыту мәселелерін үйлестіретін қоғамдық кеңес құрылады. Қазақстан тарихы, соның ішінде Астана тарихынан хабар беретін ғылыми-көпшілік кітаптар шығарылады. Болашақта елордада Тарих мұражайын ашу мәселесі де қаралады.

Бұл мәселеге үн қосқан «Еуразия» гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов Астанадағы жоғары оқу орындарында тарих кафедраларының жоқтығын айтты. «1962 жылы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде 75 тарихшы болса, бұл күнде Астана халқы төрт есеге өскеніне қарамастан, мұнда бірде-бір тарих кафедрасы жоқ» деді ол.

Сонымен бірге ғалым Бозоқ қалашығының орнында қамал тұрғызуды ұсынды. Оның ойынша, осы жерде шетелден келетін туристерге көшпенділердің салт-дәстүрлерін көрсетіп, ат жарыстарын ұйымдастыруға болады.

Тарихшының пікірінше, Ұлы Отан соғысына қатысқан ақмолалықтар жөнінде де ақтандақтар жеткілікті. Мұны ол Харьков түбінде соғысқан 103 атқыштар дивизиясы туралы мардымды ақпараттың жоқтығымен түсіндірді. Оған қоса фольклор жинау ісі бойынша бір жоба ойластырып, оған студенттерді тартуды ұсынды.

Әділ АЛАШ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button