Тәуелсіздікке 30 жыл

Тарихымызды түгендедік

Биыл Күлтегіннің көксегені, Абылайдың аңсағаны орындалып, қазақ халқы тәуелсіз ел ретінде шаңырақ көтергеніне 30 жыл толды. Бұл – қазақ тарихына алтын әріппен жазылатын үлкен қуаныш.

[smartslider3 slider=1492]

Осы жылдардағы үлкен жетістігіміздің бірі ретінде әлемнің 40-тан астам еліне тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың ата жұртқа оралуын атар едім. Қазақ елі тәуелсіздік алған күннің ертеңінде басталған ұлы көшпен қазірге дейін бір миллион 71 мың қазақ атажұртқа оралды. Бүгінгі таңда олар Қазақстан дейтін Ұлы шаңыраққа уық болып шаншылып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Осы ұлы көшпен ұмыт болуға айналған кейбір ұлттық құндылықтарымыз, тарихи мұраларымыз, мәйекті мәдениетіміз де ата жұртқа жетті. Қазақтың ұлттық рухы егемен елдің топырағында қайта тоғысты. Мен де осы ұлы көштің легінде атажұрқа оралған қазақтың бірімін. Отаныма оралғаннан кейін Орхон мәтіндерін зерттеп, тасқа қашалған тарихымызды түгендедім. Бұл де тәуелсіздіктің маған берген мүмкіндігі деп білем. 30 жылдағы тағы бір үлкен жетістігіміз ежелгі қоныс – Есілдің бойынан еңселі елордамыз бой көтерді. Елорданың құдіреті – алыс келешекке жол тартқан ұлағатында. Қазақ мәдениетінің мың жыл толғатып, қазақи сезіну, түйсіну, қазақша ой қорытудың нәтижесінде Азияның апайтөсінде өмірге келген бұл қала қазір әлемнің бес континентіне бытырап кеткен қазақтың арманын, сағынышын жік-жігімен арқалап келіп, басын қосқан ұлағатты шаһарға айналды. Бұл қала – үш жүз жыл бойы сая си, рухани деформацияға түсіп, өлара кезеңді бас тан өткізген қазақ халқының етек-жеңін көтере ел қатарына қосылып, ұлттық қайта өрлеудің (ренессанс) бастау қайнары болған киелі қала. Осы ұлылық, құндылық, киелілік – елорданың құдіреті. Бұл құдірет қазақ халқының ынтымағымен мәйектеніп, алдағы алыс ғасырлардағы астаналықтарға, қазақ ұрпағына ұлағат болып тапсырылмақ. Ұлылықтың ұлағаты ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін!

 Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, филология ғылымдарының

 докторы, түркітанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button