Таным

ТАРИХЫМЫЗДЫҢ АСҚАҚ КЕЗЕҢІ

желАйтулы Желтоқсан көтерілісі кезіндегі ерекше есте қалған оқиғаларды саралар болсақ, ең алдымен ерлермен қатар қазақ қыздарының қайсарлығы көзге ұрады. Көтерілісті көзімен көрген жандар да, желтоқсандықтардың өздері де қаракөз қыздарымыздың ақ қар, көк мұз құрсауындағы қызыл жағалылардың өрескел өктемдігіне қаймықпай қарсы тұрып, қайрат көрсеткенін айтып жүр.

Айталық, желтоқсан көтерілісі турасындағы естеліктерді, бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын және  он томдық «Конституциялық Соттың  желтоқсан оқиғасы туралы ісін» қараған адамның менмұндалаған қазақ қыздарының ұстамдылығына, ұлтжандылығына таңданатыны, сүйсінетіні анық. Бұл сүйіспеншілік шығармашылық адамдарына шабыт сыйлады, қанат бітірді. Ақындар өлең арнады, сазгерлер ән шығарды.  Тек осы құбылысты зерделеу, бағасын беру, бір ізге түсіру, жүйелеу – уақыт талабы.

Желтоқсан жендеттері алаңдағы ашық айқаста ұл, қыз демеді. Жанталас қуғында нөпірдің артында қалып қойған нәзік жандарды аяқтан шалып құлатып, шаштан сүйреп апарып, көлікке тоғыту қызыл жағалылардың таптырмас әдісіне айналды. Ал, оп-оңай тірсектен теуіп сұлатып, бұрымынан бұрап шыңғыртып, тепкілеуге әккіленіп алған әскерилердің тұзағынан қыздарды құтқаруға келген жігіттердің бірі арашалай алса, енді бірі өзі «тұтылып» қалды. Алаңда қазақ қыздарын ұрып-соғып жатыр дегенді ести сала жетіп, атой салған ер жігіттер аз болмады. Соның бірі – Халық қаhарманы Қайрат Рысқұлбеков өзінің түрмеде отырып жазған хатында аталған жайт турасында төмендегіше сыр шертеді.

«…Менің түсінігімше, ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдар да ұрғашысына мүйіз я болмаса тұяғын көтермейді. Ал, біз бәріміз аң емес, адамзаттың ұлы — адамбыз, сондықтан, ер адам әйел затына қол көтеріп, қол жұмсауға тиіс емес, әуелі еш правосы жоқ. Міне, қысқаша айтқанда, осындай түсінікпен, әйел затына ер болып өз қолұшымды беріп, көмектесу үшін барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше көмектескенім де рас. Ол үшін әлі күнге дейін өкінбеймін, керісінше, үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақ, бір Құдай өзі куә, адам баласын ешқашан өлтіргенім жоқ. Мұндай айуандық жасау менің колымнан келмейді. Ешқашан… Еш уақытта!..

Ал, әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегені үшін бір милицияны ұрып-соққаным да рас. Ол адам күні бүгінге дейін аман-есен, зыр жүгіріп жүр. Өз қолыммен жасаған бар теріс қылық, бар қылмысым осы ғана!..»

Әрине, Қайраттар араша түскенімен тағдыр талайымен жендеттердің талауына тап келген қыздардың барлығын құтқару мүмкін болмады. Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова және Кенжегүл Молданазарова сынды бірқатар қазақтың қайсар қыздары қапияда, түрлі жағдайларда көз жұмды.

Он томдық «Конституциялық Соттың  желтоқсан оқиғасы туралы ісіндегі» деректер бойынша сотталғандардың саны жүз адамнан асады. Ал, олардың жиырма екісі – қыздар.  Яғни, 20 жас ару бас бостандығынан айрылған, екеуі еңбекпен түзеу жазасына кесілген, біреуі қара жұмысқа жіберілген. Алаңға барып ұсталып, немесе алаңға барғандары үшін «айыпкер» атанып, сотталғандардың жөні – бір бөлек. Енді осы тұста кімнің қалай, қандай жағдайда істі болғандығы ерекше назар аудартады. Бұл ретте Алматыдағы №19 жұмысшы жас­тар орта мектебінің оқытушысы Жансая Сәбитованың көтерілістен кейінгі уақытта болған қанқұйлы жағдайға наразылығын ашық білдіргені үшін, яғни көзқарасы үшін бауырындағы бөбегіне қарамастан бес жылға сотталғандығы, сонымен қатар Алматы бас киімдер фабрикасының бухгалтері Нағима Салықова «алаңға баруға болмайды» деген басшылығының тыйымына қарсылығын білдіріп,  өз пікірін қайтпастан дәлелдегені үшін үш жылға сотталғандығы және Талдықорғандағы Заң техникумының студенті, сол кездегі он сегіз жасар Анар Серкенованың мұғаліміне және облыстық партия комитетінің екінші хатшысына Алматыдағы көтерілістің әділетті екенін қаймықпай айтқаны үшін бір жыл алты айға сотталғандығы қылышынан қан тамған кеңестік жүйеге қарсы шыққан қазақ қыздарының шын мәніндегі қайсарлығын білдірсе керек. Олардың тіпті темір есікті қараңғы қапасқа түскенде де, прокурор мен тергеушілердің тоқпағынан қорықпастан, өздерінің азаматтық құқықтарын қорғау арқылы ұлт намысын таптатпаулары – ерлерге тән ерліктің ең биік үлгісі. Иә, олар алаңға барған жоқ. Бірақ, алаңға барған мың-сан жастардың пікірін, арман-аңсарын, мақсат-мұратын ашық білдіргендері үшін жазаланды. Қарап тұрсаңыз, түк кінәлері жоқ. Кінәлары – «қоғамға жат ойларында, көзқарастарында; ең бастысы – соны батыл айта білгендерінде».

Бұл – сөз жоқ, қазақ қыздарының ерлермен қатар, ерлік тарихымызды жасауға қосқан қомақты үлесі. Дәл осындай және бір жадымызда мақтанышпен сақталатын, әрі бүгінгі жас ұрпақ үлгі тұтатын өнегелі іс –  тауқыметті жеңген тағылымға тағзым ету. Ол – желтоқсан шырғалаңында жазықсыз сотқа тартылып, отқа түсіп, ит жеккенге айдалған жігіттерінің артынан іздеп барып, түрменің кермек дәмін бірге татысып, некелерін тар қапаста қиған қазақ қыздарының асқақ рухы.

Бес жылға сотталған ғашығы Расулхан Құдайбергеновты сонау Ресейдің қияндағы Чита қаласына іздеп барып қосылған Роза Арипова және үш жарым жылға сотталмай тұрғанда сөз байласқан Бақтыбек Иманқожаевпен Қызылжардағы түрмеде некесін қиған Сапаргүл Құлдәулетова, төрт жылға сотталып, жазасын Ресейде өткерген жолдасы Құрманғазы Айтмұрзаевтың жанында болып, екінші ұлдарын түрмеде босанған Алма Ашықбаева, он төрт жылға сотталған сүйіктісі Жамбыл Тайжұмаев түрмеде отырса да, оның ауылы – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, «Пионер» совхозындағы Тайжұмаевтар әулетінің босағасына келін болып түсіп, дәстүр бойынша бетін ашып, сосын Жамбыл Тайжұмаевпен Қостанайдағы Құсмұрын түрмесінде некесін қиған Шолпан – өскелең ұрпаққа шын мәнінде өнеге.

Міне, «Желтоқсан қарлығаштарының» біз байқаған ерліктері. Жоғарыда аталған деректердің өзі қазақ қыздарының сын сәтте ерлермен қатар тұрып, ел намысын қорғағандығын, одан кейінгі қиямет уақытта да ерлерге демеу, елдікке тіреу болғандығының айқын көрінісі іспетті. Жалпы желтоқсан көтерілісі турасындағы естеліктерді, бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын және он томдық «Конституциялық Соттың  Желтоқсан оқиғасы туралы ісін» мұқият зерттеушілер болашақта бұдан басқа желтоқсандық қыздардың асқақ тарихымызды айшықтай түскен деректерін табатынына сенімдіміз. Тек сол дүниелер шаң басып жата бермей халқымыздың рухани айналымына қосылса игі. Осы тұрғыда одан әрі де жас ұрпақ үлгі алар желтоқсан тағылымын кеңірек таразылау парыз.

1986 жылғы желтоқсан айының суық ызғары тәнге діріл егіп, көкіректіге қарс айырған өкініш әкеліп қана қоймай, сол кезден бері қаншама уақыт өтсе де қос үрей күйге түсіргені рас. Бұл ретте желтоқсанда азаматтық кейпін сақтай білген аз саясаткерлердің бірінің: “Қазір жұрт желтоқсанның үрейлі тұстарын ғана біледі. Ал  оның ерлікті, елдікті паш ететін тұстарынан бейхабар. Жұрттың есіне желтоқсан көтерілісі түссе, бойларын үрейлі сезімдер билейді” деген пікірінің жаны бар.

Желтоқсанда жастар алаңға тәуелсіздікті ту етіп шықты, келер ұрпаққа алаңдаған ұландар ұлттың намысын жанитын ұрандар көтерді. “Әр ұлтқа – өз көсемі!” қажеттігін талап етті. Алайда, зайырлы-демократиялы мемлекет болуға деген талпыныс қатты тойтарысқа ұшырады. Амал не, олар армандаған сөз бостандығы, адам құқығы деген құндылықтардың күлпаршасы шығып, аяусыз аяққа тапталды. Кіршіксіз пәк жауқазын жастар таяққа жығылды, тағдырлары талапайға түсті.

Дегенмен, үміт бар екен. Тәнге түскен жара жазылды, тарылған тыныс кеңейді. Ең бастысы, биік оптимизм мен өршіл рухтың сенімін жоғалту мүмкін емес. Бұған желтоқсанда шыңдалған ерлік пен елдіктің көріністері айқын дәлел бола алмақ. Қадап айтқанда, желтоқсандағы зиялы қауым өкілдерінің өз азаматтық ұстанымдарын қаймықпай білдірулері мен басқа да қарапайым азаматтардың жастарға араша түсуі, сондай-ақ желтоқсанның басты кейіпкерлерінің ерлік әрекеттерімен қатар, айрықша айтарлығы, сол кездері елдіктің ұйтқысы болған қазақ қыздарының қайсарлығы – бүгінгі ұрпаққа өнеге.

 

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

ҚР Президент сыйлығының иегері, мәдениет қайраткері

 

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button