Басты ақпаратСпорт

«Тарлан батырлары» – өңірлер спортын қолдайды

Астана қаласында 2016 жылы құрылған «Тарлан батырлары» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ел өңірлерінде дене шынықтыру және сауықтыру шараларын дамытуды мақсат еткен бірден-бір мекеме болып отыр.

Бүгінгі таңда «Тарлан батырлары» мекемесі Түркістан, Қызыл­орда, Семей, Үш­арал және Шу қалаларында өз күштерімен пайдалануға берген 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің жұмысын үйлестіріп келеді. Бұл кешендерде, негізінен, мектепке дейінгі және мектеп оқушылары түрлі спорт түрлерімен айналысады. Бірінші кезекте әлеуметтік тұрғыдан осал санатын отбасыларының балаларына жан-жақты жасалады.

«Тарлан батырлары» кәсіп­орны әр жыл сайын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында келісімшарттарды жаңартып, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының дене шынықтыру және спорт басқармаларымен жұмыс жүйесін үйлестіріп отырады.

Мәселен, Шу қаласындағы «Тарлан» дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде бүгінгі таңда 350 бала тұрақты түрде бокс, дзюдо, таэквондо, ауыр атлетика және күрес түрлерімен айналысады. Мұнда тек қана спортпен айналысып қоймай, жасөспірімдердің жарыстарға қатысып, жоғарғы көрсеткішті спортшы болуына айрықша мән берілген. Атап айтсақ, 2017-2022 жылдар аралығында осы спорт кешенінен 24 Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың бірнеше жүлдегерлері тәрбиеленіп шықты. Ал Қызылорда қаласындағы «Тарлан» кешенінде спортпен айналысатын жас спортшылардың жетістіктері тіптен жақсы. Атап айтсақ, осы кешеннен тәрбие алған 35 жасөспірім Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алса, 50 спортшы спорт шебері, 7 спортшы халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 1 спортшы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері нормативін орындаған.

Семей қаласындағы кешенде 53 спортшы республика чемпио­ны атанса, 72  спорт шебері, 23 халықаралық дәрежедегі спорт шебері түлеп өсті.

Түркістан мен Үшарал қаласындағы «Тарлан» кешендерінің спорттық көрсеткіштері де толайым табысты десек артық емес. Бұл кешендердің шәкірттері де Қазақстан, Азия, Еуропа біріншіліктерінде талай жүлде алып, ел намысын абыроймен қорғағанын білеміз.

«Тарлан батырлары» жүзеге асырып отырған игілікті істің мән-жайын жақынырақ білмек оймен кәсіпорын басшысымен тілдестік. Бұл ретте ЖШС директоры Болат Абдрахманов атқарылып жатқан жұмыстың басты бағыты ел өңірлеріндегі спортты дамытуға, аймақ тұрғындарын бұқаралық спортқа тартуға бағытталғанын атап өтті.

– «Тарлан батырлары» құрылған кезінен бастап өңірлерде спортты дамытуды мақсат еткен. Бұл ісімізді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолдаушылар да табылды. Алдымен кешендер салу мәселесі қолға алынды. Бірінен соң бірі бес аймақта спорт кешендері бой көтерді. Содан кейін мамандармен жұмыс жүргіздік. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінгі таңда мыңдаған балалар мен жастар біздің кешендерде тұрақты түрде спортпен, жалпы дене шынықтырумен айналысып жүр. Біз қазіргі жағдаймен шектеліп қалмай, алдағы уақытта еліміздің тағы бірнеше елді мекендерінде осындай дене шынықтыру және сауықтыру кешендерін іске қосқымыз келеді. Бұл ретте, әрине, жергілікті билік өкілдері де өз қолдауларын білдіріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді,  – дейді серіктестік басшысы Болат Үкібайұлы.

Ел өңірлерінде спорттың дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан, жүйелі жұмыстан жетістікке қол жеткізіп отырған «Тарлан батырлары» ұжымына біз де табыс тіледік. Өңірлердің өркендеуіне үлес қосатын осындай ұйымдарға қолдау көрсететін ұйымдар көп болса деп ойлаймыз. Ең бастысы, қаншама балалар мен жастардың саламатты өмір салтын ұстануға, жоғары дәрежелі спортшы болуына жағдай жасалып жатқаны қуантады. Олай болса, «Тарлан батырлары» серіктестігіне де осындай жұмысты қолға аламыз деп мақсат қойған азаматтар табылып жатса, бәріне де сәттілік пен табысты еңбек тілейміз.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button