ЖаңалықтарМәслихат

Тәртіп сақшыларының қызметімен танысты

Астана қалалық мәслихатының кезекті сессиясына әзірлік аясында мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігі Астана қаласының жол-патрульдік полиция полкінде болды.

Депутаттар жеке құраммен және құрылымның жұмысқа қажетті заманауи техникалық жабдықтарымен танысып, тәртіп қорғау қызметін жақсартуға қатысты ұсыныс­тарымен танысты.
Сонымен бірге, депутаттар Есіл ауданының №13 жергілікті полиция қызметінің жұмыс барысымен танысты.
Қазіргі уақытта жергілікті полиция қызметі тұрғындар арасында учаскелік полицейлердің жағымды имиджін қалыптастыруға аса мән беріп отыр. Азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнатып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша өздеріне бекітілген әкімшілік учаскелерінің жұмысын жандандыру міндеттелген. №13 полиция учаскесі Сауран көшесіндегі 9-үй мекенжайында орналасқан. 70-тен аса қызметкердің жартысына жуығы учаскелік полиция инспекторы екен. 19 ювенальды және табиғат қорғау инс­пекторлары да бар.
Мемлекет басшысының қоғамда түрлі құқық бұзушы­лыққа «нөлдік төзбеушілік» қалыптастыру жөніндегі тап­сыр­масына сәйкес құқық қорғау инспекторлары осы қағидаттың іске асырылуын басты назарда ұстап ке­леді. Соның нәтижесінде соңғы бес айда
7 709 әкім­шілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде түн тыныш­тығын бұзу, қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, арнайы белгіленбеген орындарда шылым тарту, айналаны ластау сияқты ұсақ қылмыстар бар.
Есіл ауданы аймағында 14 орта білім беру мекемесі орналасқан. Оның барлығына мектеп инспекторлары бекітілген. Табиғат қорғау инспекторларының жұмысы да жемісін беріп келеді. Үстіміздегі жылдың басынан бері қоршаған ортаның сақшылары 642 құқық бұзушыны анықтай келе, әкімшілік жауапқа тартып, 9 162 720 мың теңге айыппұл салған. Сондай-ақ, аула тазалығын қамтамасыз етпеген 31 ПИК жетекшісін де әкімшілік жауапқа тартқан.
Қаланың құқық қорғау саласы бойынша толық ақпарат алған депутаттар полицейлердің әлеуметтік жағдайына қатысты сұрақтарын қойды. Алда жоспарланып отырған Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі бастығының есебі тыңдалатын кезекті сессия отырысында осы салаға қатысты барлық ұсыныстар айтылатын болады.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button