Басты ақпарат

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

«Астана – қауіпсіз қала». Бұл – ішкі істер органдары жүзеге асырып отырған бюджеттік бағдарлама ғана емес, Елбасының тәртіп сақшыларына жүктеп отырған зор міндеті. Бас қала басқаларға қай жағынан алсақ та, үлгі болуы тиіс. Қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп соның ішінде. Осыны негізге алған депутаттар қалалық ішкі істер органдарының жұмысын жіті бақылауға алды. Алдағы айда мәслихаттың кезекті сессиясын да осы тақырыпқа арнамақ. Депутаттар сессия алдында Астана қалалық Ішкі істер департаментіне қарасты басқармалар мен мекемелерге ат басын бұрып, ондағы ахуалмен танысты. Қалаулыларға ілесіп, тәртіп сақшыларының тыныс-тіршілігін біз де көзбен көріп қайттық.

Абайлаңыз, бақылау бар

Сағат тілі 11.00-ді көрсеткенде депутаттар мінген көлік қалалық әкімдіктің алдынан қозғалды. Жол бастаушымыз – Ішкі істер департаменті бастығының орын­басары Қайрат Мұхитов сапа­рымыздың жоспарымен таныстырды. Алдымен, Орталық басқару басқармасына келдік. Уәкілетті органның өкілдерін онда департамент бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров қарсы алды. Жиырма төрт сағат бойы жұмыс істейтін бұл жер – толған экран. Қаланың жер-жеріне орнатылған бейнебақылау камералары арқылы полицейлер елорданың тыныс-тір­шілігін жіті қадағалап отырады. Бүгінде бес жүзден астам камера бар екен. Нақтысы – 518. Жыл са-йын олардың саны көбейе бермек. Әттеген-айы, сол камера түсіріп отырған жазбаны бақылап отырған мамандар тапшы. Небәрі – 6 ғана. Штатқа сәйкес бөлінген мамандар аздық етіп отыр. Қосымша 40 орын керек. Ал оны ашу қомақты қаржыны талап етеді. Ашпасқа тағы болмайды. Осыған орай департамент әкімдікке ұсыныс жасапты.

Полицейлердің айтуынша, бейне­бақылау камераларының көмегімен күн сайын бірнеше қылмыстың ізі суымай ашылып жатыр. Тіпті, ұры-қары мен бопсалаушыдан жә­бір көрген кейбір азаматтар ша­ғымданбай жатып-ақ, тәртіп сақшылар қылмыскерлерді құрықтап жатады екен. Кейбір бұзақылар жымысқы ойын жүзеге асырмас бұрын «камера жоқ па екен?» деген сыңаймен айналасына қарап алатын көрінеді.

Орталықта бірнеше бөлім бар. Бірі «102» нөміріне түскен хабарламалармен, енді бірі полицейлер сұраған ақпаратты мәліметтер базасынан іздеп тауып беруге жауапты. Тағы бір бөлімде бейнебақылау операторлары отыр.

Қалаулылар енді қайталамайды…

Орталық мамандары күнде келе бермейтін мәртебелі меймандарға өздерінің жұмысын көрсетуге тыңғылықты дайындалған екен. Тіпті, көшедегі бейнебақылау камералары арқылы түсірілген бір­неше жазбаны көрсетуге дайындап қойыпты. Бірнеше бейнежазбаны бірге тамашаладық. Онда біреулердің дүкен тонамақ болғаны, қоғам­дық тәртіпті бұзып, қоқыс жәшігімен «төбелесіп» тұрғаны бар. Енді бірінде ішімдікке сылқия тойған жастардың адам өлтіргені жазылған. Сол сияқты қаланың әр жерінде болған жол-көлік оқиғалары да таспаланған екен. Соңы адам өлі­міне әкеліп соққан апаттарды көргенде жүрегіміз шымырлап кетті. Мұндай оқиғаны күніне бірнеше рет көріп жүрген полицейлерге қарап, олардың қызметінің жауапты әрі ауыр екенін мойындадық.

Жантүршігерлік жазбалардан кейін депутаттар назары жол поли­циясының тарапынан бақы­ланатын бейнебақылау операторына ауды. Компьютердің басында отырған оператор да қу екен. Көшедегі кө­рініс деп, дәл қалалық әкімдіктің алдындағы алаңды нысанаға алды. Он шақты депутат қарап тұрғанда, әлгі жерден бір автокөлік жүріп өтті. Сөйтсек, ол аумақта көліктің жүруіне тыйым салынған. Компьютер әлгі көліктің мемлекеттік нөмірі мен оның жол ережесінің қай тармағын бұзғанын тықылдап айтып берді. Дәл осы кезде бірнеше депутат (атын айтпай-ақ қояйық) дәл сол жерді қыз­меттік көліктерімен күн сайын басып өтетіндерін мойындады. Олар Орталық басқару басқармасының мамандарының ол жерді бақылауда ұстап отырғандарын білмейтінін де айтты. Сөйтіп, халық қалаулылары енді қайталамаймыз (әлгі камерадан көрсеткен жерден көлікпен жүрмейміз) деп уәде берді.

– Жыл сайын бейнебақылау арқылы 32 мың әкімшілік құқық бұзушылық, 12 мыңдай жол-көлік қауіпсіздігін бұзу және 200-ден астам қылмысты әшкерелейміз. Яғни, олар өз тиімділігін дәлелдеп отыр, – дейді А.Әубәкіров.

  «Біздерде мынадай бар, мынадай бар…»

Патрульді полиция полкі – келесі барған жеріміз. Құдды бір көрмеге дайындалған сияқты. Патрульдік полицияның күнделікті қызметте пайдаланатын киім-кешегі мен қару-жарағынан бастап, қызметтік көліктердің түр-түрі қойылған. Сайдың тасындай іріктелген сар­баз­дар өз алдына. Қоғамдық қауіп­сіздікті бақылайтын тікұшаққа дейін бар. Техниканың барлығы соңғы үлгімен жасалған, заман талабына сай. Десек те, патрульдік полиция орналасқан ғимараттың өзі сонау 1964 жылы салынған. Енді екі жылдан соң елу жыл толғалы отырған ғимараттың жартысына өрт сөндіру қызметі орналасқан. Ертеректе, өртке қарсы қызмет пен полиция бір басқарманың құрамында болған. Кейін екі қызмет саласы өз алдына бөлек бөлініп  кеткенімен, әлгі ғимаратты бірлесіп пайдаланып отыр. Елорданың бас полицейі А.Әубәкіровтың айтуынша, полицейлерге қажетті ғимарат пен база салу үшін бүгінде әуежай маңынан жер телімі бөлінген. Егер депутаттар дем беріп жіберсе, ол жерге жаңа ғимараттың іргетасы қаланады.

Бұдан соң депутаттар мінген автобус Көші-қон полициясының басқармасына барып, ондағы жағ­дайды бағамдады.

Жалпы, алдағы сессияға дейін депутаттар ІІД барлық құрылымдарын аралап, тәртіп сақшыларының жұмысын көзбен көріп қайтамыз деп отыр. Әрине, «жүз естігеннен, бір көрген артық» қой…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button