Басты ақпарат

Тартымдылықты арттырмасақ, білікті мамандар тарта алмаймыз

Бүгін – Мемлекеттік қызметшілер күні. Мемлекеттік қызметкерге артылар міндет те, жауапкершілік жүгі де ауыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта кұруға тапсырма берді. Жалпы Президент мемлекеттік қызметтің маңызы туралы үнемі айтып келе жатыр. Кәсіби мереке қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Жандос Сәрсенмен осы туралы әңгіме өрбіттік.

[smartslider3 slider=3310]

 

Жандос Шералыұлы, мемлекеттік қызметкердің этикасы қоғамда көп талқыланады. 2015 жылы қабылданған Әдеп кодексіне биыл өзгерістер енгізілді. Бұл қандай өзгерістер?

– Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісінің отырысында және кейіннен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі жиында сөйлеген сөзінде мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екендігін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипат алып, клиентке бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өтті.

Қоғамда болып жатқан өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жаңаша ұйымдастыру қажет екендігін ұғындырып отыр.Осыған байланысты қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттырып, халықпен кері байланысты жақсарту бағытында жұмыстар атқарылуда. Біздің алдымызда адамға бағдарланған мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыру мақсаты тұр.

Жаңа әдеп кодексіндегі өзгерістерге тоқталатын болсақ, бұрынғы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптар мен олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттары бірге қаралып келген болса, жаңа редакцияда мемлекеттік қызметшіге қойылатын әдеп талаптары мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдебіне қатысы жоқ ережелерден бөлек, өз алдына жеке қарастырылып отыр.

Жаңа Әдеп кодексі ең алдымен, қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып табылады.

Мұнымен қатар, жаңа Кодекс­те Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық органдары, қызметтік әдепті бұзудың профилактикасын үйлестіруші органдар ретінде айқындалып отыр. Осыған байланысты, алдағы уақытта Әдеп жөніндегі уәкілдердің, комиссиялар мен кеңестердің әдеп бұзушылықтарды ескерту және алдын алу бойынша жұмыстары жандандырылатын болады.

– Сіз басқаратын мекеме этиканы сақтау бойынша мемлекеттік органдарды тексеріп тұра ма? Егер тексерсеңіздер, қорытындылары қандай?

– Иә, департамент мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауына мемлекеттік бақылау­ды жүзеге асырушы уәкілетті орган болып табылады.

Мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен мінез-құлқына қатысты жеке және заңды тұлғалар мен мемлекеттік қызметшілердің арыз-шағымдары келіп түскен жағдайларда, ондай өтініштер жоспардан тыс тексеру жүргізу арқылы қаралады.

Сонымен қатар уәкілетті орган ретінде күнделікті негізде әлеуметтік желілер мен БАҚ мониторинг жүргізіліп, тоқсан сайын Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінен тиісті ақпарат сұратылып, қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік талаптарын ұстанбаған, қоғамға қарсы мінез-құлық жайттарына жол берген мемлекеттік қызметшілерге қатысты тиісті шаралар қолданылады.

– Сіздіңше, қазіргі мемлекеттік қызметкердің бет-бейнесі қандай болуы керек?

– Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып саналатындығын ескерсек, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады.

Қоғам және жұртшылық тарапынан мемлекеттік қызметші барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өз қызметін адал әрі кәсіби тұрғыда атқаруға және Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге жұмсайды деген сенім қалыптасқаны анық.

Атап өтетін жайт, жаңа редакциядағы Әдеп кодексінің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» деп аталатын тарау енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделіп отыр. Олар – адал ниет, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарланушылық.

Жалпы алғанда, бүгінгі мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтің негізгі тұтынушысы саналатын халықтың талабына барынша икемді, жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын болып, өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс.

– «Бәрін кадр шешеді» деген сөз бар. Мемлекеттік қызметке қабылдау үшін конкурс өткізілетінін білеміз. Бұл қаншалықты әділ өтеді деп ойлайсыз?

– Көптеген жылдар бойы елдің мемлекеттік қызметі дәйекті реформалаудан өтті және бүгінгі күні Қазақстанда орнықты мемлекеттік аппарат қалыптастырылып, мемлекеттік қызметтің «мансаптық моделі», меритократия қағидаттары енгізілді және мемлекеттік қызметшілердің дамуы қамтамасыз етілуде.

Мемлекеттік лауазымдарға орналасудың конкурстық негізін енгізу азаматтардың тең қолжетімділікке конституциялық құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз етті, бұл өз кезегінде кандидаттарды тағайындау кезінде бәсекелестік кәсібилікті арттыруға ықпал етті.

Алайда осы конкурстық іріктеу рәсімдерінде әлі де болса бірқатар түйінді проблемалар байқалуда. Сол себепті іріктеу жүйесін одан әрі жетілдіру қажет. Осыған байланысты агенттікпен халықаралық тәжірибені зерделеу негізінде әкімшілік мемлекеттік қызметке іріктеу құралдарын дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Нәтижесінде мәтіндік ақпарат және санмен жұмыс істеу қабілетіне тестілеуді қамтитын, құзыреттіліктер бойынша сұхбат және басқа да жаңа тәсілдер әзірленді. Бұл ретте іріктеу процесінің ашықтығы мен клиентке бағдарлануы конкурстық рәсімдерді толық цифрландыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.

Ал конкурстық рәсімдердің әділдігіне келетін болсақ, бүгінгі таңда әрбір өткізіліп жатқан конкурстар 100 пайыз байқау­шылар мен сарапшылардың қатысуымен өткізіледі. Мұндағы басты мақсат – конкурстық процедураның ашықтығын толық қамтамасыз ету.

– Жемқорлық – жегі құрт. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызмет саласында бұл жиі кездеседі. Сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін қандай жұмыстарды жүргізесіздер?

– Шынында да, көп жағдайда мемлекет мүлкін талан-таражға салып, бюджеттен қаржы жымқырып, мекеме қаржысын үптеп кетіп, бас пайдасына жаратып, тағы басқа да заңсыз іс-әрекеттерге барған мемлекеттік қызметшілердің, кейбір жоғары лауазым иелерінің кесірінен жұмысын беріле істеп, маңдай терін төге қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілердің беделіне нұқсан келетіні жалған емес.

Жұртшылық кейбір кездері қызметіміздің жақсы жағынан гөрі теріс жағын алға тартатындығы өкінішті жағдай. Халқымыз­дың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар. Әдеп кодексін басшылыққа алып, мемлекеттік қызметшінің беделін, мәртебесін түсірмеуді үнемі назардан тыс қалдырмау әр қызметкердің жадында болуы тиіс. Өзінің лауазымдық жауапкершілігін түсініп, қызметін жеке басының қамы үшін пайдаланбай, мемлекет ісіне адал болу – әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы.

Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне сәйкес қызмет атқаруы – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімге ие болудың кепілі. Алайда сіз мысал келтіргендей, кейде сол сенімге селкеу түсіріп, әдептіліктен аттайтын қызметшілер кездесіп жатады. Осы ретте қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтарды, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды қарастырып, талқыға шығаратын Әдеп жөніндегі кеңес жұмыс жасайды.

Айта кету керек, Әдеп жөнін­дегі кеңес жазалаушы орган болып табылмайды. Әдеп жөніндегі кеңестің қызметі ең алдымен мемлекеттік қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарының және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алуына бағытталған.

Осы тұста ескеретін жайт, әдептілік ол тек мемлекеттік қызметкерлерге қатысты ұғым емес, ол қоғамның барлық өкілдеріне тән қасиет болуы тиіс.

– Мемлекеттік қызметкер жалақысының төмендігі туралы да жиі айтылады. Сіздіңше, жалақыны көтерген дұрыс па, әлде жеткілікті деп ойлайсыз ба?

– Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің жалақысын факторлық-балдық шкалаға сүйеніп төленетін пилоттық жоба енгізілген. Аталған пилоттық жоба енгізілген мемлекеттік органдарда еңбекақы 2-2,5 есе өсті. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу қызметкерлердің жалақы деңгейін жеке секторға жақындатуға, орталық пен өңірлер арасындағы лауазымдық жалақы айырмашылығындағы теңсіздікті  азайтуға және жалпы  мемлекеттік  қызметтің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді.

Жалақы аз ба, әлде жеткілікті ме деген сұрағыңызға тоқталатын болсақ, бұл тұрғыда түрлі ойлар мен пікірлер бар. Тіпті кейбірі мәселенің төркініне көз жүгіртпестен, олардың жалақысы жеткілікті деңгейде, тіпті көп деген ойларын жеткізіп жатады. Бұл пікірді теріс деп есептеймін. Неге десеңіздер, кез келген дарынды, білікті маман бірінші ретте қызмет таңдағанда жалақы мөлшеріне қарайтыны мәлім. Осы ретте көп жағдайда мемлекеттік қызметпен салыстырғанда жалақысы жоғары жеке сектор мен квазимемлекеттік сектордың алдымызды орап кететіні жалған емес. Сол себепті кәсіби білікті қызметкерлерді мемлекеттік қызметке көбірек тарту үшін бәсекеге қабілетті жалақы, әлеуметтік қорғау мәселелерін ұсына алуымыз қажет. Демек, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырмай, дарынды, кәсіби білікті мамандарды тарта алмайтынымыз хақ. Ал кәсіби мемлекеттік аппарат, кәсіби қызметкерлерден тұратыны белгілі. Сол себепті бұл мәселе күн тәртібіндегі маңызды мәселелер қатарында болуы тиіс деп есептеймін.

Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің халықаралық тәжірибесін негізге алсақ, онда кәсіби мемлекеттік аппарат құру үшін тек қана атқарылған қызмет үшін жалақы төлеу жүйесін енгізу жеткіліксіз, бұдан бөлек қызметшілердің мансаптық өсуі, өзін-өзі дамыту деңгейі, басқарушылық тәжірибесінің жоғары болуы және де ішкі мотиваторлардың болуы да аса маңызды роль атқарады. Осылайша аталған мәселеге жан-жақты әрекет ету өзінің оң нәтижесін береді.

– Әңгімеңізге рақмет! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button