Тағзым

ТӘШЕНЕВ ТҰЛҒАСЫН ТАНИ ТҮСТІ

jG64g86JPmex3Upzg86wXGh52B8hya

Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдық мерейтойына орай Ұлттық академиялық кітапхана мен Мемлекет тарихы институты бірлесіп, «Ел тұтастығы жолындағы күрескер тұлға» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Шараға елордалық зиялы қауым өкілдері мен кітапхана оқыр­мандары қатысты.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төрал­қасының және Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған Жұмабек Ахметұлы ел аумағының тұтастығын сақтауға көп еңбек сіңірді. Республиканың экономикалық және өндірістік жоба­ларының қаржыландырылуына үлес қосты. Өткен ғасырдың 50-60-жылдарында Ж.Тәшеневтің қоғамдық қызметі гуманистік сипатқа ие болды, ол қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларын ақтау жөніндегі жұмыстарды басқарды.

Басқосу алдында көпшілік тұлғаға арналған «Дәуір дарабозы» (әні: Амангелді Шахарбаев, сөзі: Қанат Отарбаев) атты әнді тыңдады. Содан кейін Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкерлері С.Дүйсен мен Қ.Еңсенов құрастырған «Қазақтың қайсар қайраткері – Жұмабек Тәшенев» атты кітап таныстырылды.

Конференцияда мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Сағындық Кенжебаев баяндама жасап, Ж.Ахметұлымен дос болғандығын, оның өмірі мен қызметіне қатысты кейбір жайларды әңгімеледі. Қайраткердің ұлы Саян Тәшенев әкесінің «Қалың жұрттың ішінен киіміңмен емес, біліміңмен ерекшелен» деген өсиетін есіне алды. «Ол кезде мен бала едім, көп нәрсені түсінбейтінмін. Ал қазір әкемнің не істегенін, кім үшін күрескенін жақсы білемін. Ол – өз елін, өз халқын сүйгендіктен, көп жақсылық жасады және сол қасиетімен бізге үлгі болды» деді Саян.

Шара барысында баяндама жасаған ғалымдар Ж.Тәшеневтің өмірі, жұмысы, бастамашылдығы жайында жан-жақты айтып өтті. Солардың ішінде Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік мұра­ғатының директоры, тарих ғылы­мының кандидаты Сәуле Мәлікова Ұлыс­тың ұлы күні қарсаңында Петропавл қала­сындағы қазақ мектебіне қайраткердің есімі берілетінін және еңселі ескерткіш қойылатындығын сүйіншіледі. Ақын, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы Ж.Тәшеневтің құрметіне Астана қаласына және туған жері – Аршалы ауданына ескерткіш қою қажеттігін алға тартса, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Еуразия ғылыми орталығының директоры, профессор Зиябек Қабылдинов Қазақстан тарихы оқулығынан тұлғаға арналған тарау ашып, кейінгі буынға қоғам қайраткерін тереңінен білуге жағдай жасау қажеттігін айтты.

 

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button