Басты ақпарат

Тәшенов тұғыры

Елордада елуге тарта маңызды тарихи және мәдени ескерткіш бар. Жылдан жылға олардың саны артып келеді. Мәселен, кейінгі үш-төрт жылда шаһарда Кеңес Одағының Батырлары Иван Панфилов пен Мәншүк Мәметованың, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың, «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткіштері мен «Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы» монументі бой көтерді. Таяуда күй анасы Дина Нұрпейісоваға ескерткіш қойылатынын естіп, бір қуандық. Күні кеше ғана аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов тұғырға қонатыны жайлы ақжолтай ақпарат келіп жетіп, қуанышымыз еселенді.

Бас қалада Тәшеновке ескерткіш орнату мәселесі осы күндері пісіп-жетілді. Бұл талайдан бері айтылып жүрген әңгіме еді. Тіпті, жүрегі ұлтым деп соғып өткен тұлғаның атына әуежай мен мектепті, қала ішіндегі бір ауданның атын беру туралы мәселе көтерілген. Бірер жыл бұрын елордадағы «Жастар» театрын Тәшеновтың атымен атау жайлы әңгіме қозғалды. Әсіресе, мұндай әңгімелер төрт жыл бұрын, Жұмабек Ахметұлының туғанына ғасыр толғанда көп айтылды.
Келесі жылы Жұмабек Тәшеновтің дүниеге келгеніне 105 жыл толады. Соның қарсаңында елордадағы өзінің аты берілген көше бойында, бұйыртса, ескерткіші бой көтереді. Реті келгенде айта кетейік, аталмыш көше Александр Бараев көшесінен басталып, Амман көшесімен қиылысып, Тәуелсіздік даңғылында аяқталады. Көшенің ұзындығы – 2617 метр.
Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырманның қала әкімдігіне жазған хатына осындай жауап келген. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов қол қойған жауапта қайраткердің ескерткішін орнатуға жер телімі мен қаржы көздері қарастырылып жатқандығы айтылған. Бұл – іс орнынан қозғалды деген сөз. Енді көрсетілген мәселенің тезірек шешілуін күту ғана қалды.
Осы орайда Рақымжан Қош­қарбаевқа қалада ескерткіш орнату тарихы есімізге түсіп отыр. Бұл да біраздан бері көтерілген мәселе еді. Ақыры үш жылдай бұрын, қоңыр күздің қысқа ауысар шағында сәтімен жүзеге асты. Бұл мәселе қалалық Қоғамдық кеңес пен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловтің араласуымен тезірек шешілді. Сансызбай Сейітжанұлы ілгеріде елордада Рақымжандай батырдың атына даңғыл берілуіне де мұрындық болды. Ескерткішке келсек, ол BI Group компаниясының демеушілігімен орнатылды. Жұмабек Тәшенов ескерткішін де бюджет көтермесе, бизнес өкілдерін тарту керек деп есептейміз.
Айтқандай, қос тұлғаға қатысты мынадай мәлімет бар. Жұмабек Ахметұлы Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы кезінде Бауыржан Момышұлының өтінішімен Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын алып беруге әрекеттенді. Бұл әрекет жөнінде Кәкімжан Қазыбаевтың «Найзағайдай жарқылдаған» повесінде мынадай жолдар кездеседі: «Баукеңнің айтуында, тиісті материалдармен қаруланған Жұмекең Москвада СССР Жоғарғы Советі Президиумы Председателінің орынбасары ретінде бір айлық кезекшілік қызметінде Рақымжан жөніндегі Бас штабтың архивіндегі материалдарды көтертіп, одан Рақымжанның кезінде Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанын біліп, оның неліктен өтпегені жайлы маршал И.С.Коневті шақырып сұрайды. Өйткені И.С.Конев соғыстан кейін Бас штабтың бастығы болған. Тәшеновтің қатқылдау сұрағына маршал шамданып қалады, екеуі қатты сөзге келеді. Жүгінісуге К.Е.Ворошиловқа барады. Климент Ефремович өзінің орынбасары мен әйгілі маршалды татуластыруға күш салады. Даудың түйіні назардан тыс қалады. – Бәрі Климент Ефремовичтің азусыздығынан болды, – депті Тәшенов Баукеңе. – Жұмекең де мен секілді қызба ғой. Екеумізді құртып жүрген мінез, – деді бір әңгімесінде Баукең». Жұмабек Тәшеновтың Бауыржан Момышұлының өзіне де Кеңес Одағының Батыры атағын алып беруге тырысқаны жайлы да естеліктер бар.
Рақымжан Қошқарбаев елордаға жақын орналасқан Тайтөбе селосының маңындағы қыстақта дүниеге келсе, Жұмабек Тәшенов қаламен іргелес Ақмола облысының Аршалы ауданының Танагүл ауылында туған. Он тоғыз жасынан Бейнетқор ауданы атқару комитетінің хатшысы, аудан жер бөлімінің меңгерушісі болды. Жалындаған жиырма бес жасында Ақмола облысы жер бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарды. Одан кейін Солтүстік Қазақстан облысына қызметпен кетті.
Жұмабек Ахметұлына елордада ескерткіш орнатылатыны жайлы ақжолтай хабарды таратуымыз да сол өлкенің адамдары көтерген мәселеден туындап отыр. Яғни, Солтүстік Қазақстан облысының бір топ құрметті азаматы Президент сайлауы қарсаңында Nur Otan партия­сынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырманға бұл туралы хат жолдаған. Халық қалаулысы осыдан кейін елорда әкімдігіне шыққан. Бір айта кетерлігі, Петропавл қаласында Тәшеновтің ескерткіші осыдан бірнеше жыл бұрын бой көтерген.
Солтүстіктен кейін Жұмабек Тәшенов Ақтөбе облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Тың игеру жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, бір жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Қазақ жерінің тұтастығы үшін КОКП ОК бірінші хатшысы Никита Хрущевпен текетіресі – сол жылдың еншісінде. Солтүстіктегі бес облысты Қазақстан құрамынан алып, РСФСР-ге қосудан алып қалғаннан кейін, Тәшеновтің қызметі Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары деңгейіне төмендетілді. Бостандық ауданының Өзбекстанға өтіп кетпеуі үшін Хрущевпен арпалысты. Алайда қызметтен тайдырылған соң аудан жері көрші елге беріліп кете барды.
Қайраткер одан кейін «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтында, Оңтүстік Қазақстан облыстық талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. Желтоқсан көтерілісіне тура бір ай қалғанда 71 жасында өмірден озды.
Осыдан алты жыл бұрын елордадағы мектептерді бірқатар тұлғалардың атына беру туралы ұсынысты қалалық ономастика комиссиясы құп алған. Соның ішінде №10 мектеп-гимназияны Жұмабек Тәшенов атымен атау жайлы ұсыныс та қабылданған. Алайда кейіннен бұл іс тоқтап қалды…
Өткен жылдың аяғында туған жері – Аршалы ауданында қазақ мектебіне қайраткердің аты берілді. Қарағандыда жыл сайын жас ақындар арасында Жұмабек Тәшенов атындағы мүшәйра ұйымдастырылады. Жыр додасының қорытындысында жеңімпаз ақынның жыр жинағы жарық көреді. Әрине, тұтас елге еңбек сіңірген тұлғаны қай жерде де, қай өлкеде де ұлықтау артық етпейді. Десек те, үлкен істер елордада басталуы керек деп есептейміз.
Биыл Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды үш арысымыздың туғанына 125 жыл толып отыр. Олардың шығармаларының елмен қайта қауышуына «халық жауларын» ақтау комиссия­сының төрағасы ретінде Жұмабек Тәшенов зор үлес қос­ты. Бұл жайлы филология ғылымдарының докторы Серік Негимов қайраткер туралы мақаласында жазады.
Жалпы осы күндерге дейін Жұмабек Ахметұлы туралы біраз жазылды, оның тұлғасына қатысты айтылған әңгіме де аз емес. Енді көп сөзді қойып, нақты іске көшу қалды. Сол үлгіні елорда көрсетсе, құба-құп болар еді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button