Басты ақпаратМәдениет

ТАСПАДАҒЫ ТАРИХ

Соңғы уақытта ғаламтор деген ғаламаттың өмірімізге мықтап енгеніне қарамастан, адамзат баласы әлі де болса, көк жәшіктегі кинодан бас тарта алар емес.

«Күн көсемнің» ғасыр бұрын айтқан «Барлық өнердің ішіндегі біз үшін ең маңыздысы – кино!» деген ұранының әлі күнге маңыздылығын жоймағаны ғой, де­мек. Жойғаны былай тұрсын, кино тек шығармашылық туынды ғана емес, кино – саясат, кино – идеологиялық қару саналып жүрген жоқ па қазір.

Идеология демекші, Ұлы Отан соғысы тұсында кино өнері расында кеңес әскерлерінің жігерін жанып, рухын көтеретін, бірлікке үндейтін идеологиялық күш ретінде қолданылды.

«…Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай
Ерлердің ісі бітер ме…»

Қаршадай қазақ қызының даусы бүкіл майдан даласын кезіп кетті.

Бұл – Мәжит Бегалиннің «Мәншүк туралы ән» фильмінің бір сәттік сюжеті.

Тілі бөлек болғанымен, тілегі бір жауынгерлер қазақтың қайсар қызының не айтпақ болғанын жанарынан-ақ ұққан еді сол жолы. Өлең оларды рухтандырып жіберді.

Ұлы Отан соғысының батыры, қазақ халқының аяулы перзенті Бауыржан Момышұлы жайлы түсірілген «Ел басына күн туса» фильмі де – Мәжит Бегалиннің еңбегі. Кезінде талас-тартыспен экранға жіберілген фильмде 1941 жылы Мәскеу түбіндегі Волоколамск бағытында соғысқан Панфилов ди­визиясы жайлы баяндалады.

Фильмдегі режиссердің шеберлігі, қазақ ұлының батырлығы сона-а-ау Кубаның сол кездегі Президенті Фи­дель Кастроны ерекше таңдандырған деседі. Тіпті, батыр бабамыз Кубаның бұрынғы басшысының үлгі тұтар тұлғасы болыпты.

Тамылжып тұрды таң мұнда…

Бірақ, сол мүлгіген тыныштықты сұм соғыс бұзды. Ерлермен бірге иықтарына қару іліп, қыздар да майданға аттанды.

Зенитші қыздар – Женя Комель­кова, Рита Осянина, Лиза Бричкина, Галина Четвертак, Соня Гурвич және мейірімді старшина – Федот Васков. Бұл – Борис Васильевтің романы желісімен 1973 жылы түсірілген Cтанислав Ростоцкийдің «А зори здесь тихие…» фильмінің кейіпкерлері.

«…Жергілікті ұрыс. Бұл ұрыста қыздар кішкентай орманды неме­се теміржолды қорғау үшін ғана арпалысқан жоқ. Ұлы Жеңіс жолында арпалысты. Әрбір қыз сияқты бұлар да махаббатты, адалдықты, бақытты отбасы құрып, аяулы ана болуды армандады. Бірақ, барлық армандары мен үміттері, өлең кітаптары, тығып ұстаған әтірлері, тарағы мен айнасы осы бір суық, солтүстік аймақта аузы мықтап байланған әскери қапшықта мәңгіге қалып қойды…» деп жазады кей деректерде.

Кезінде журналистер аталмыш повестің авторынан: «Шығармаңызда неге бес қызды да өлтірдіңіз?» деп сұрағанда, «Жеңіс үшін!» деп жауап берген екен. Расында да, олар бейбіт таңның атуы мен бейбіт күннің батуы жолында жандарын қиып еді.

АНА ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Бұл Әмина Өмірзақованың бағын ашқан картиналардың бірі болды. Актрисаның өзі солай жазады.

1967 жылы Мәскеудің «Искус­ство» баспасынан жарық көрген «Алтын қор. Кеңес киносының 100 фильмі» деген кітапқа қазақ киносына атақ пен даңқ әперген осы фильм де енді. «Ана туралы аңыз» әлемнің 37 елін аралап шықты. 1964 жылы Карловы Варыдағы халықаралық кинофестивальде құрметті дипломға ие болды. Басты рөлді сомдаушы Әмина апамыз сол жылдары Бүкілодақтық кино­фестивальде ана бейнесін шебер сомдағаны үшін арнаулы дипломмен марапатталды.

ТАНЫМАЛ ФИЛЬМДЕР ТІЗІМІ

Жақында отандық баспасөздің бірінде мынадай мәлімет жария­ланды.

Соғыс туралы фильмдердің ең мықтысын анықтау мақсатымен Superjob.ru зерттеу орталығы халық арасында арнайы сауалнама жүргізген ғой. Сөйтсе, сауалнамаға қатысқандардың 22 пайызы кеңестік актер, режиссер Леонид Быковтың 1973 жылы түсірген «Ұрысқа тек қарттар түседі» («В бой идут одни старики») фильмін атапты.

Екінші орынды 16 пайыз дауыспен 1973 жылы түсірілген Станислав Ростоцкийдың «Тамылжып тұр таң мұнда…» («А зори здесь тихие…») фильмі, үшінші орынды режиссер Татьяна Лиознованың «Көктемнің он жеті сәті» («Семнадцать мгнове­ний весны») телесериалы, төртінші орынды 1971 жылы шыққан Вла­димир Роговтың «Офицерлер» («Офицеры») фильмі, бесінші орын­ды Сергей Бондарчуктың 1975 жылы шыққан «Олар Отан үшін шайқасты» («Они сражались за Ро­дину») фильмі, ал алтыншы орынды 2001 жылы көрерменге жолдама алған «44-інші жылдың тамызы» («В августе 44-го») кинокартинасы иемденіпті.

Шынар ДОСАН

P.S.

1941-1945 жылдардағы қанды қырғынға Қазақстаннан 1 миллион 300 мыңдай ұл мен қыз аттанды. Бәрi де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып оралды. 500-ден астамы!

Кино түсірем деушіге, осы бес жүз адамның көзсiз ерлігі-ақ бес жүз фильмге арқау болар еді-ау. Ал, сол бес жүз фильмнің ең құрығанда біреуі осы рейтингтің белортасынан табылмас па еді…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button