Таспен атқанды аспен ат
Өркениетті елдерде мейірімге неге мұқтаж? Күнделікті ақпараттан біз әртүрлі апаттар және оқыс оқиғалар жайында хабарлар естиміз әрі көреміз.
«Атасын атыпты», «анасына қол жұмсапты», «бауырын өлтіріпті», «әйелін ұрыпты», «қызын құлдыққа сатыпты», «кемпір-шалдарын қарттар үйіне апарып тастапты…» дегендей жантүршігерлік сөздер осылай жалғаса береді. Тіптен, бүгінде көгілдір экран алдында кішкентай балаларымен, немере-шөберелерімен бірге ақпарат тыңдаудан қалып барамыз. Қатыгездік атаулының жанымызға дендегені сонша, мейірімнен айырыла түскендейміз. Неліктен? Не себепті қатыгез болдық? Неге біз мейірімсіз болып жүрміз?
Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақмола облысының бір ауданында бөтелкелес серігін балталап өлтірген әйел туралы ақпарат таралды. Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, әйел ішімдік ішіп отырып, күйеуімен сөзге келіп қалады да, қолындағы балтамен мерт қылады. Бұл оқиғаны жүрегіңіз селт етпей тыңдауыңыз мүмкін емес. Сондай-ақ, Көкшетауда қызғаншақ күйеуі әйелін ұрып-соғып өлтіреді. Аяусыз соққыдан жап-жас келіншек тіл тартпай кетіпті. Артында шиеттей екі баласы жетім қалды. Келіншегін қызғанышпен өлтірген күйеудің ендігі қалған өмірі түрмеде өтеді. Жетім қалған екі баланың келешек өмірі, тағдыры не болмақ? Осыны ойлаған кім бар?
Қазақстанда тастанды балалар мен қарттар үйіне жеткізілген қариялардың саны жыл сайын артып келеді. Безбүйрек аналар мен тасбауыр әкелер бауыр еті – баласын тірі жетім атандырып, тастап кетіп жатыр. Балалары, немерелері, шөберелері бар қариялар Қарттар үйін паналауда. Тіпті, кейбірі әке-шешесінің зейнетақысын алу үшін ай сайын арттарынан іздеп келіп тұратын көрінеді. Қандай мақсатпен келгенін білсе де, қамкөңіл жандар «іштен шыққан шұбар жыланының» бетін қайтармай, зейнетақысын санап беріп отыратын көрінеді. Балалары үшін ғұмыр кешкен ата-анасына өз үйінен ұлтарақтай жердің бұйырмауының себебі неде? Әке-шеше қай жерден, неден қателік жіберді?!
Мынадай бір мысал бар. Ертеректе бір жігіт әкесін қапқа салып алып, биік таудың ұшар шыңына алып келіпті деседі. Қаптың аузын шешіп, әкесін шығарса, ол жыламсырап күледі дейді. Жынданып кетті ме деп, баласы аң-таң қалады. Сөйтсе, әкесі: «Балам, тура осы сенің жасыңда мен де әкемді таудың басына әкеліп тастап едім. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген осы болса керек. Жас кезінде жіберген қателік түбі алдыңнан шықпай қоймайды екен» депті. Осы орайда әкеңе жасаған қиянат пен анаға жасаған қатыгездік түбі айналып өзіне келетінін әркім түсінсе деймін.
Кеңестік уақытта біз бірқатар моральдан айналып кеттік. Үлкендер өле-өлгенше «Таспен атқанды аспен ат, мейірімді, кешірімді бол» деуші еді. Бүгінде бұл қағидаттан да алыстап бара жатқандаймыз. Бір пенделік қателік үшін адамды азаптауға дейін баратын жағдайлар кездеседі. Ал, қай әрекетке болса да мейіріммен қараған жағдайда өкпе жазылатын еді ғой. Біз азғантай өкпенің кесірінен ұяттан бетер жағдайларға баратын болдық. «Ағайынды өкпеге қисаң да, өлімге қима» дейді мұсылман бауырлар. Ендеше, балаңыз әлдеқандай бұзықтық жасаған жағдай болса, оны ұрып-соғудың, жер-жебіріне жетіп тілдеудің қажеті жоқ. Өйткені, болатын іс болып кетті емес пе?! Сондықтан, алдағы уақытта қайталанбау үшін ақылмен, айламен, мағыналы сөзбен тәрбиелеуге ұмтылыңыз. Бала тәрбиесінде, ағайыншылық қарым-қатынаста мейлінше мейірімді болыңыз дегім келеді.
Мағзұм ЖАБИГЕНОВ,
зейнеткер