Тасқа жазылған тарих тағылымы
Ұлттық академиялық кітапханада Парламент Сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлінің «Тасқа жазылған тарих» атты кітабының әзербайжан, түрік және қырғыз тілдеріндегі басылымдарының, сонымен қатар орыс тілінде жарық көрген «Тюркский мир: через призму истории» және түрік тілінде шыққан «Kod adı Türkistan: Mustafa Çokay» деректі-ғұмырнамалық кітаптарының тұсауы кесілді.
Іс-шараны Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ұйымдастырды. Аталмыш қор президенті Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, «Тасқа жазылған тарих» кітабы «Түркі әдебиетінің ғылыми інжу-маржандары» сериясымен үш тілде жарық көрді.
«Бұл еңбектің әзербайжан, түрік және қырғыз тілдерінде шығуы түркі әлемінің мәдениетіне, тарихына, бауырлас халықтардың ортақ мұрасына деген зор қызығушылық пен құрметті айқындайды. Кітап бір автордың еңбегі ғана емес, бүкіл түркі халықтарының тарихи жады мен мұрасын сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы» деді Ақтоты Райымқұлова.
Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мырзатай Жолдасбеков өзінің еңбектері мен Дархан Қыдырәлінің кітаптары арасындағы сабақтастық мәселесін қозғады. Қазір көп талқыланып отырған «түркі мен түрік» терминдерін сөз етіп, дұрысы «түрік» болу керектігін айтты. Мысал ретінде Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деген өлең жолын келтірді.
Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Адил Каримли, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Аслан Койчиев, Азия кеңесінің бас хатшысы Қайрат Сарыбай, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Әділ Ахметов жарық көрген кітаптар туралы пікірлерін айтты.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Омарұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші жиынында «Біз сан ғасырлық тарихымызды мақтан етеміз. Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени кодының өзегі. Оны жан-жақты зерттеп, ой елегінен өткізуге және барынша дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі» деп, елдік мұраттарымызды айқындап көрсеткенін айтты. Түркі дүниесінің үлгілі үш тілінде шығып отырған «Тасқа жазылған тарих» кітабының мән-мақсаты да Президент белгілеп берген осы бағдарламалық міндетпен толық үйлесетінін жеткізді.
«Тасқа жазылған тарих» деген айшықты атауды иеленген кітап мемлекеттік межеден, елдік өлшемнен, ұлттық ұстыннан тамырын ажырата қоймайды… Түркілік танымды қозғайтын, түркі дүниесін одан әрі жақындастыра түсетін әрі ғылыми әрі елшілдік сипаттағы елеулі еңбек болып шыққан» деген Бауыржан Омарұлы кітапта қозғалған мәселелерге тоқталды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов Мемлекет басшысының ұлттық өркениет көшіндегі орнымызды айқындау мәселесін қозғауы тың ізденістерге бағыт-бағдар болғанын айтып өтті.
«Тасқа жазылған тарих» еңбегі ел мен халық тарихы бастауындағы жасампаздық өркениеттің белгісі, руникалық жазу үлгісінде тасқа қашалып жазылған ежелгі көшпелілер мен түркілік дәуір және Жошы ұлысы тарихына арналған» деді Ерлан Сыдықов. Түрксой халықаралық ұйымы бас хатшысы Сұлтан Раевтың құттықтауын осы ұйымның Қазақстан бойынша кеңесшісі, академик Кәрімбек Құрманәлиев жеткізді.
«Тасқа жазылған тарих» атты туынды ТҮРКСОЙ ұйымы арқылы мәдени қазынамызға қосылған үлкен олжа десек, артық айтқандық болмайды. Бұл кітап туралы сөз қозғағанда, біріншіден, оның тамыры терең түркі халқының тарихын зерттеуге бағытталған іргелі еңбек екенін екпін түсіре айтуға болады. Екіншіден, кітап авторы тасқа жазылған жазбалар мен археологиялық деректер арқылы түркі халқының тарихы мен мәдениетіне байланысты креативті оқшау ойларын ортаға тастайды. Үшіншіден, академик көне замандардан бастап, қазақтың ертедегі жазба ескерткіштері мен олардың қазіргі тарихқа әсерін індете зерттегенін байқаймыз» делінген құттықтауда.
Назарбаев университетінің профессоры Юлай Шамильоғлы, «Мазмұндама» баспасының жетекшісі Шыңғыс Мұқан кітаптар туралы ойларын жеткізді. Тұсаукесерді түйіндеген автор Дархан Қыдырәлі кітаптарға материалдарды жинақтау, жазылу барысы, үлес қосқан адамдар туралы айта келе, еңбектердің жарық көруіне, тұсаукесердің өтуіне атсалысқан азаматтарға алғыс айтты.
Аманғали Қалжанов