Тасқынға тосқауыл: Дайындық деңгейі қалай?
Былтыр республикадағы 12 өңір тасқыннан зардап шекті. Су астында қалған ауыл, тасқынмен ыққан төрт түлік, бұзылған көпір, жарылған жол жайы әлі жұрт есінде. Сол уақытта елдік танытып, үрей құшағындағы халыққа ес болуға деген ұмтылыстың арқасында көп жағдай қазір түзелді. «Жұмылған жұдырықтай» болған жанашырлық, қанға сіңген қазақы қайыр қылудың арқасы еді бұл. Оның үстіне қапыда соққан қарғын судан кейін қолына құжатын ғана ұстап қалған ағайын халіне алаңдаған Президент те арнайы тапсырма берді. Қаржылай және материалдық қолдау легі молынан болды. Бұл туралы өз уақытында барлық БАҚ құралдары жария да етті. Ендігісі – өткен жылғы дүрбелеңнен сабақ алу болып отыр. Бұл жерде адам шығыны жоқ деп көңілді бірлеуден де аулақпыз. Әрі биыл осы қателік қайталанбас үшін Үкіметте қандай қарымды іс барын бағамдап көрдік.
Барлық ұзындығы 310 шақырым…
Су ресурстары және ирригация министрлігі биылғы тасқын кезеңіне дайындықты бастап кеткенін мәлімдеді. Дұрысы, атқарылып жатқан шара көп. Соның бірі – елдегі су қоймаларының жұмысын реттеу. Өйткені тасқын жағдайы қалыпты болу үшін осы нысандардың жұмыс режимі өте маңызды. Қазір министрлік орталық, солтүстік, шығыс және батыс аймақтағы су қоймаларындағы мол суды босату (теңіз немесе сол өңірдегі өзен-көл, суармалы жайылымдарға жіберу) жұмыстарына белсенді кіріскен. Бүгінде аймақтар бойынша орташа су жинау көлемі: солтүстік аймақтарда – 69%, батыс аймақтарда – 39%, шығыс аймақтарда – 86%, орталық аймақтарда 80%-ды құраған.
Жалпы көктемгі тасқын кезінде республиканың солтүстік, батыс, орталық және шығыс аймақтарында орналасқан су қоймалары су жіберу режимінде жұмыс істесе, оңтүстік аймақтағы су қоймалары жинақтау режимінде жұмысын жалғастырады.
Маңызды істің бірі – республикадағы су бөгеттерін нығайту, судың кедергісіз жүруі үшін өзен арналарынан тазарту болатын. Бұл жұмыс жоспарлы түрде атқарылып келеді. Мұнымен қоса, министрлік 6 облыс әкімдігімен бірлесіп, 56 жобаны іске асырып жатыр. Оның аясында жалпы ұзындығы 310 шақырым бөгет салу қарастырылған. Бүгінде аталған жұмыстардың шамамен 40%-ы орындалыпты.
Екіншіден, тасқын кезіндегі авариялық қызметтердің дайындығы. Министрліктегілер бұған қатысты жергілікті атқарушы органдармен және құтқару қызметтерімен өзара іс-қимыл жоспар әзірленгенін, қиындық туындаған жағдайда жедел әрекет етуге дайын екендігін айтып отыр.
«Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 557 нысанда көпфакторлы тексеріс жүргізу жоспарланған. Оның ішінде республикалық меншікке тиесілі 168 гидротехникалық құрылыс болса, қалған 389-ы – коммуналдық нысан. Биыл 105, 2026 жылы – 151, 2027 жылы – 66 және 2028 жылы 153 гидротехникалық құрылыс нысан жіті тексерістен өтпек. Ал былтыр 84 су нысанына тексеріс жүріп, жоспар артығымен орындалды. Сондай-ақ министрлік осы жылға арналған тасқынға қарсы комиссия құрды. Яғни халықты су басудан қорғау және тасқын судың өтуіне дайындық барысын бақылау шараларын қамтитын кезеңге дайындық алгоритмі келісілді» дейді министрлікке қарасты Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің бас сарапшысы Рамиль Сәрсембаев.
Елорда маңы қауіпсіз бе?
Елордаға жақын орналасқан ірі гидротехникалық нысандардың бірі болып табылатын Астана су қоймасы 1970 жылдары салынған. Аталған су қоймасының жобалық көлемі – 410,9 млн м³. Гидронысанның негізгі мақсаты – Есіл өзенінің су тасқынына қарсы реттеу жұмыстарын қамтамасыз етіп, су басу қаупін төмендету. Яғни тасқын кезінде елорданы қорғау үшін қорғаныс бөгеті ретінде қарғын суды қабылдауға дайын қойма десе де болады. Бүгінгі күні Астана су қоймасындағы су көлемі 337,97 млн м³ (82,25%) құрап отыр.
«Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суынан қорғау үшін барлық қорғаныс бөгеттері дайын. Сондай-ақ Ақмола облысының елордаға іргелес аудандарында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүреді. Мәселен, Аршалы ауданы, Жібек жолы ауылының 8-шағын ауданында ұзындығы 6,5 км болатын қорғаныс бөгетінің құрылысы жүріп жатыр. Ал Целиноград ауданындағы Есіл өзенінің айналма жолдан Қажымұқан ауылына дейінгі бөлігінде арнаны тереңдету, түзеу және кеңейту жұмыстары жүзеге асырылуда. Екі жобаның да аяқталуы 2025 жылға жоспарланған» дейді СРИМ Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Сәкен Әтел.
Бұдан бөлек, биыл қала маңына жақын Жібек жолы ауылы аумағындағы Есіл өзенінің арнасын тереңдету және кеңейту жұмыстарын (ұзындығы 21 шақырым) жүргізу басталады. Жоба бүгінде ведомствоаралық сараптаманың оң қорытындысын алған. Сонымен қатар, 42-разъезд аумағындағы қорғаныс бөгетін күрделі жөндеуге жоба-сметалық құжат әзірленсе, Астана су қоймасынан Жібек жолы ауылына дейінгі Есіл өзенінің 40 шақырымдық арнасын тереңдету жұмысы да пысықталып жатыр. Мұнан бөлек, Аршалы ауданына қарасты Анар станциясының маңындағы су өткізгіш құрылғылары бар қорғаныс бөгетіне реконструкция жүруде.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, айтылған һәм жоспарланған барлық шара су тасқынының қаупін азайтуға, халықты және инфрақұрылымды қорғауға бағытталған. Алдағы уақытта кез келген гидрологиялық жағдайға тұрақты мониторинг уақытылы жүргізіліп, әр жоспарлы іс түрлі болжам мен ауа райы жағдайына қарай қайтадан пысықталып отыратын болады.
Ержан ҚОЖАС