Мәдениет

Тастағы таңбалар тағылымы

Тұңғыш Президент кітапханасында «Тәуелсіздіктің мәдени негізі» жобасының аясында Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Жеңіс Кәкенұлының «Таңбалы» атты жеке көрмесі ашылды.

«Таңбалы» көрмесінің тақырыбы» – Жеңіс Кәкенұлының бүкіл шығармашылығының арқауы. Қазақ халқының көп ғасырлық тарихының тарауларының бірі болып табылатын қола дәуіріндегі жартастағы суреттердің оқиға желісінен шабыттанған автор ежелгі шеберлердің шығармашылығына құрмет көрсете отырып, оларды жаңа мазмұнмен толықтырған. Суретшінің картиналарында өткен мен болашақ арасындағы нақты байланыс қазіргі әсер арқылы байқалады.

Көрмеге суретшінің 45 туындысы қойыл­ған. Ежелгі петроглифтерден шабыттанған автор жартастағы суреттерді ашық түстермен толтыру арқылы «жандандырды». «Таңбалы» көрмесі – өз туындыларын таста жасаған және адамдарды, жануарларды, Қазақстанның ежелгі тұрғындарының бүкіл әлемін бейнелеген ата-бабаларға құрмет.

– Бұл, біріншіден, байырғы бәдізші ата-бабалар әруағына құрмет болса, екіншіден, жартастардағы бейнелерді, жазулар мен тылсым тарихты заманауи өнерге сабақтастыру жолы. Тастағы жазулар руханиятымызға қорған болды. Қазақ даласындағы петроглифтер тек ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енген «Тамғалы» қорығында ғана емес, қарт Қаратауда, Арпа өзенде, Ақбауыр үңгірінде, Қапшағайда, Баянжүректе, өзге де өңірлерде он мыңдап, жүз мыңдап сақталып қалған, әлі күнге дейін ашық аспан астында сайрап жатыр десе болады. Осы бағытта білікті мамандарды қолдап, арнаулы ғылыми экспедициялар жұмысын тиімді үйлестірер болса, еңселі елімізге, байтақ жерімізге, баға жетпес байлығымызға әлем ғалымдары мен туристерінің қызығушылығы бүгінгіден де арта түсетін еді-ау.

Осынау мәдени мұрамызды көпшілікке насихаттауда Жеңіс Кәкенұлы өзіндік қолтаңбасын танытып, барша шығармашыл қауымға өнеге көрсете білді, – деді Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button