Басты ақпаратЕлорда тынысы

Тастай бекем, таудай биік

Өзі жазып қалдырған өмірбаянда көрсетілгендей, Нұртас Оңдасынов 1904 жылғы 26 қазанда Түркістан жеріндегі Үшқайық ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Оның бабалары Сырдария, Қаратауға Жиделі-Байсыннан көшіп келген. Ал оның үлкен атасы Дәндібай ұрпағымен бақытқа бөленіп, ұзақ өмір сүрген кісі екен.

Нұртастың анасы Жұмагүлдің бірінші күйеуі қайтыс болып, Мәрия, Бәтима деген екі қызымен және Қозыбай деген ұлымен жесір қалады. Қазақтың әмеңгерлік салтына сәйкес қайын ағасы, яғни Нұртастың әкесімен қосылып, онымен тату-тәтті тұрады (Түсініктеме. Зерттеу­шілердің жазуынша, Нұртас­тың туған әкесі – Оңдасын, ал Дәндібай – атасы). Күндердің күнінде анасы жалғыз ұлы Қозыбайдан ­айырылып, сары уайымға батқан анасының тілегі қабыл болып, екі қыздан кейін Оңдасынның үшінші перзенті Нұртас өмірге келеді. Ата-анасы бұл қуанышына ағайын-туысын түгелдей шақырып, Құдайдың берген ұлы ғой, оның сенімді елшісі болғай деп нәрес­теге «Нұрмұхаммед» деп азан шақыртып ат қояды. Кейін сол аттың «Нұр» деген түбірін қалдырып, өмірі тастай берік болсын деген ниет­пен «Нұртас» атап кеткен екен. Кейін осылай болып құжатқа жазылып кетеді.

Туған анасы Жұмагүл оның 3-4 жасында қайтыс ­болып, екінші анасы Дәрігүлдің қолында тәрбиеленеді. Ол өте жақсы адам болған екен, сондықтан Нұртас туған анасы мен өгей анасының айыр­машылығын білмей өседі. Оны бір күні анасы қолынан жетектеп, ауыл молдасына алып барып: «Мынау біздің кенжеміз… Баланың сүйегі біздікі, еті сіздікі. Оған құран оқуын үйретіңіз» деп өтініш жасайды. Бұл жағдай оның өмірінің алғашқы күрделі жағдайы ретінде жадында сақталады, өйткені сол алған білімі кейін зейнетке шыққан кезінде араб-парсы сөздерінің түсіндірме сөздіктерін жазуға нақты көмегін тигізеді. Бірнеше жыл өтісімен Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, оған 1916 жылғы 25 мау­сымдағы патша жарлығына сәйкес жұмысқа жарайтын қазақ азаматтарының майданға қара жұмысқа алынуы ауылдың ауыр хал-жағдайын нашарлатып жіберді. Оның үстіне 1917 жылы қатты қуаң­шылық болып, қазақтар адам айтқысыз жұтқа ұшырады, қара шыбындай қырылды. Нұртастың әкесі де бірнеше балаларымен, немерелерімен сол жұттың құрбаны болды. Жаппай ашаршылықтан тірі қалған адамдар жан-жаққа босып кетті. Нұртас та Ташкент қаласына басқалармен бірге көшіп барады.

Зерттеуші ғалым Қ.Еңсенов­тің жазуынша, Н.Оңдасынов рес­публика Үкіметін басқарған жылдар Қазақстан республикасының өрлеу кезеңіне айналды. Оның тікелей басшылығымен өлкеде қара металлургия өнеркәсібі, мұнай және көмір өндірістері қарқынды дамыды. Көптеген зауыт, фабрика, мал фермасы іске қосылды

Сөйтіп, Н.Оңдасыновтың өзінің айтуынша, оның балалық шағы тәтті болған жоқ. Кеңес өкіметінің жас кезі, бір формациядан екінші формация­ға өтіп жатқан өтпелі кезең, халық ештеңені түсініп-біліп жатқан жоқ. Ақыр соңында солақай басшылықтың салдарынан халық аштыққа келіп ұрынды, басы ауған жаққа күнкөріс, бір үзім нан үшін ел босып кетті.

«Кедей-шаруа үйінде дүниеге келген мен де сондай қиындықтың ортасында болдым. Бірақ қанша аш-жалаңаш қалсам да, мен ешкімге алақан жаймадым. Өз еңбегіме, өзіме сендім. Ауылда егін ектік, мал бақтық, кейіннен Ташкент ауып, өзбектерге жалданып, не керек, өз нанымды өзім тауып жеп жүрдім. Осындай тәрбиеден шыққандікі ме, әлде қанағатшылдығым ба, білмеймін, кейіннен қаншама лауазымды жұмыс істесем де, мүмкіндігімді пайдаланып қала­йын деп дүние-мүлік, қымбат заттар жинауға құмарлан­бадым» дейді естелігінде.

Сонда жұмыс істей жүріп, жетім балалар үшін Ғани Мұратбаев деген адам мектеп-интернат ашып жатыр деген хабар естиді. Үлкен ағасының «Ауылға қайтамыз. Ауылда бір дүйім ­ағайын-туғандарың отырғанда жетім балалар үйіне барған деген не сұмдық!» дегеніне қарамастан екі-үш баланы ертіп қашып кетеді. Онда Райымбек Ахметов, Бейсембай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанұлы, Жүсіпбек Арыстанов, Бектас Шынарбаев, Бапаш Кеншімбаев, Бейсембай Қасқыров және т. б. бірге оқыды. Мектеп-интернатта тәрбие алған ұстазы Ғани Мұратбаев туралы былай дейді: «Жас шамасының қатарлас болғанына қарамастан, небәрі он сегіздегі мұғалім – Ғани Мұратбаевты балалар үйінде тәрбиеленушілер «Ғани аға» деп атайтын. Ғани үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай білетін тамаша тәрбиешілік қасиеттерімен шәкірттерінің орасан зор құрметіне бөленді. Менің оған деген ықыласым елден бөлек еді. Алғашқы көрген бойдан-ақ Ғани ағай маған ерекше әсер қалдырды, содан былай оны бауырымдай жақын тартып кеттім».

Жалпы, Нұртас Оңдасыновтың өмір жолында және қиын сәттерде оның алдынан қазақ зиялылары жолықты, тәрбие берді, бағыт көрсетті. Соның арқасында ол ел қамын ойлаған азаматтардан дәріс алып, болашағына сенді. Бірқатар жетістікке жете бастады. Нұртас Ташкенттегі №14 мектеп-интернатты тәмамдағаннан кейін 1922-1927 жылдары Ташкент орман шаруашылығы техникумында білім алған. Техникумға оқуға қабылдануына оған Халық ағарту халық комиссары Сұлтанбек Қожанов қол ұшын береді. 1925 жылы астана Орынбордан Қызыл­ордаға ауысқан кезде техникум студенті Н.Оңдасыновты жазғы демалысқа С.Қожанов Қызылордаға шақырып, қаладағы жаңадан ашылған тарихи-өлкетану музейіне уақытша жұмысқа тұрғызады, сөйтіп жаз бойы ол ақша-қаражат табады. Тағы бір кездескен кезінде С.Қожанов Нұртасқа Нәзір Төреқұловтың басшылығымен 1922 жылы басылып шыққан Абайдың бір томдығын, сосын өзінің алғы сөзімен 1923 жылы шыққан Мағжан Жұмабаевтың бір томдық шығармалар жинағын беріпті. Оған «осы екі ақынды көбірек оқы, үлгі алуға тұрарлық» депті. Кейін бір сәті түскенде ол С.Қожанов арқылы Н.Төреқұловпен танысады. Нәзір ағасы оған «халық мұрасын жинауға атсалыс, ескілікті жыр-дастандарды көп оқы, тілін меңгер» деп ақыл береді. Соңғы жылдары зейнетке шығып, Мәскеу­ге келген кезде сол Нәзір ағасының ақылы есіне түсіп, қазақтың қара сөзімен, тіл қазынасымен көбірек айналысуға бет бұрған. «Сөздік-словарьға» ден қоюыма да Нәзір ағаның сөзі қамшы болды» деп ол ке­йін есіне алады.

Зерттеушілердің пікірінше, Н.Оңдасынов – Ұлы Отан соғысы жылдарында да, соғыстан кейінгі кезеңдерде де ерекше іскерлік, ұйымдастырушылық қабілет көрсеткен басшы. Бұл Қазақстанда басталған Ертіс-­Қарағанды, Арыс-Түркістан, Мырзашөл каналдары, Атырау, Теміртау, Жезқазған, Балқаш алып зауыттары, Мойынты-Шу темір жолы және ­т. б. ұлы құрылыстардың бастау алған жауапты кезеңдер еді

Нұртас Оңдасынов Ташкент орман шауашылығы техникумын бітірген жас маман ретінде 1927 жылғы 23 қазанда алғаш рет еңбек жолын Қызылорда қаласында орналасқан Қызылорда-Қазалы су шаруашылығы округінде статист ретінде бастаған. Жас маман әлі де білгенінен білмегені көп екенін сезіп, өзінің келешегі үшін жоғары білім алу керек екенін түсініп, 1930 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия университеті құрамындағы Ирригация ­институтына оқуға түседі. Нұртас Оңдасынов 1930-1934 жылдары оқыған Ирригация институты өзінің бастауын Түркістан мемлекеттік университетінің техникалық факультетінен алады. Кейін ол құрылымдық өзгерістерге ұшырап, Ташкент ауыл шаруа­шылығы ирригациясы және ауыл шаруашылық механизациясы институты болып аталады (қазіргі Ташкент ирригация және мелиорация институты).

Ирригация институтының үш курсын бітіргеннен кейін Орта Азия университетіндегі жұмысшылар факультетінің оқытушысы болып жұмыс істейді. 1934 жылдың қазан айында ол Қазақстанға жіберіледі. Мұнда 1936 жылға дейін алдымен Қазақстан орман шаруашылығы тресі бас­тығының орынбасары, одан соң бастығы болып қызмет атқарады. Осы мекемеден оның Қазақстандағы жоғары лауазымды қызметінің еңбек жолы жалғасады.

Нұртас Оңдасынов 1938 жылғы ақпан-шілде айлары аралығында еңбекшілер депутаттары Шығыс Қазақстан облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Оны бұл қызметке сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басшысы Л.Мирзоян ұсынған болатын. Семейге атқару комитетінің басшысы болып барасың деген ұсынысқа Н.Оңдасынов қарсылық білдіріп, ондай үлкен қызметті атқаруға тәжірибесінің аз екенін алға тартып көреді. Бірақ бұл сылтауымен келіспей, оны Жоғарғы Кеңестің сессиясында бекітіп, 1938 жылдың басында үлкен сенім білдіріп Семейге жібереді. Оңдасынов бұл қызметке сайланысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге қызу кірісіп кетеді. Облысқа қатысты тағы бір маңызды шешім, ол Ертіс өзенінен өтетін көпір құрылысына байланысты қабылданып, оның сызбасы бекітілген. Құрылыс қаражатының көлемі 5759130 сом болып белгіленген.

Шығыс Қазақстан облыс­тық атқару комитетінің 1938 жылғы 13 сәуірдегі отырысында «Ұлттық мектептерді қайта құру туралы» мәселе қаралған. Онда облыстың неміс, татар, балқар, шешен тұрғындары үшін кеңестік қарапайым үлгідегі мектептер құрып, онда қазақ немесе орыс тілінде оқыту ұсынылып, сонымен қатар ана тілдерін сақтау үшін өз тілдерін оқытуға да рұқсат етілген.

Н.Оңдасынов 1938 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланады. Осы облыстың атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарғанына жарты жыл ғана уақыт өткен шақта оны бір күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцов шақырып алып, «сізді Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағалығына ұсынамыз, қарсылық білдіріп жүрмеңіз» дейді.

Нұрекеңнің профессор ­Ғ.Сағымбаевпен әңгімесінде айтқанындай, оған алғашқы кезде жоғары лауазымды қыз­метте жүктелген міндеттерді атқару оңай болмайды. Оның үстіне кейбір республикалық мекеме басшылары оның тәжірибесінің аздығын пайдаланып, тапсырмаларын орындағысы келмей, Орталық Комитеттің хатшылары мен бөлім басшыларына барып үстінен шағым жасап жүреді. Сондай қиын сәттерде Н.Скворцовтың қолдауының арқасында оның шешімдері орындалатын болды. Нәтижесінде бір-екі жыл ішінде ол басқаратын Министрлер кеңесінің беделі артып, нағыз шаруашылық басқару штабына айналады. Сол кезде Н.Оңдасыновтың қол астында нарком болған Сайлаубай Қайнарбаев, Қазтай Едігенов, Атымтай Қисанов және басқалар: «Нұрекеңдей Үкімет басшысы болған емес, талабы күшті, ісіне тиянақты, айтқан сөзінен танбайтын адам еді. Біз оны төраға демей, хозяин дейтін едік» деп есіне алатын. Осыған ұқсас пікірді Дінмұхамед Қонаевтың да аузынан естуші едік дейді Ғ.Сағымбаев.

Н.Оңдасынов республика Үкіметінің басшысы болған соң, көп ұзамай Мәскеудегі орталық үкімет Қазақстанда мал шаруашылығын өркендету шаралары туралы мәселе қарайтын болады. Үкімет отырысын КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.Молотов басқарады. Сол отырыста ол алғаш рет И.Сталинмен кездескенін есіне түсіріп, былай дейді: «Атағы жер жарған, бұрын көрмеген көсемді осы жиынға келеді деп ойламаған мен қысылып, біраз уақыт тоқтап қалсам керек. Оны байқаған В.Молотов үзіліс жариялап, мені Сталинге қарама-қарсы отырғызып, Қазақстан Үкіметінің жаңа басшысы, мал шаруашылығын жақсы біледі деп таныстырды, Сталин: «Тыңдайын деп келіп едім, Вячеслав, артынан өзің айтарсың» деп шығып кетті». Осы оқиғаны естігенде Н.Оңдасыновты қорқақ, дұрыс­тап мәселе қоя алмады деп сыртынан мысқылдап күлгендер де болды. Ел билеуге енді ғана араласқан, бар-жоғы 34 жастағы адамға қаһары мен айбаты бет қаратпай тұрған «ұлы көсем» алдында сасқалақтап қалғанын «қорқақ» деп айтқан артық болар. Н.Оңдасыновты 1938 жылы Кремльде И.Сталинмен Қазақстан Үкіметінің басшысы, өзі жас, бірақ мал шаруа­шылығын жақсы біледі деп таныстырған В.Молотовтың сөзі шындыққа айналып, үшінші бесжылдық тұсында рес­публиканың осы саласы біршама биікке көтерілді. Қазақстан Үкіметі мал шаруашылығына жаңа жүйе енгізді. Әрбір шаруашылыққа жер жағдайына, материалдық мүмкіндігіне қарай мал фермаларын ұйым­дастыруды міндеттеді. Оларды екі жылға салықтан, ет, сүт тапсыру міндетінен босатты. Соның арқасында халықтың тұрмысы біршама көтерілді. Үш жылдың ішінде мал фермаларының саны 22 мыңнан асып түсті. Колхоздарға мемлекет тарапынан қарызға қаражат беріліп, ол жаңа техника алуға және мал санын көбейтуге жұмсалды. Сонымен бірге әртүрлі дәнді дақылдар – бидай, күріш, күнбағыс, картоп егетін егістік көлемі ұлғайды. Қазақстанның осындай жетістіктерге жету құрметіне орай Н.Оңдасынов өзінің алғашқы үлкен наградасы – Ленин орденімен марапатталды.

Зерттеуші ғалым Қ.Еңсеновтің жазуынша, Н.Оңдасынов республика Үкіметін басқарған жылдар Қазақстан республикасының өрлеу кезеңіне айналды. Оның тікелей басшылығымен өлкеде қара металлургия өнеркәсібі, мұнай және көмір өндірістері қарқынды дамыды. Көптеген зауыт, фабрика, мал фермасы іске қосылды. Қызылорда күрішті, Шымкент мақталы, Жамбыл мен Талдықорған қант қызылшалы, Алматы жеміс-жидекті, Семей малды, Атырау мұнайлы өлкеге айналды. Республиканың оңтүстігін теріскейге, Ресейге тура қосатын Мойынты-Шу, сондай-ақ Қандыағаш-Гурьев темір жолдары тартылды. Қазақстан КСРО-да Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға шыққан ірі мал шаруашылығы мен астық базасына айналды. Нұртас Оңдасынов республиканың атқарушы билігін қолына ұстап тұрған кезде әсіресе ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Ауылшаруашылық құрылымдары аяғынан нық тұрды. Мал басы өсіп, оның өнімділігі артты. Кейін Қазақстан соғыс жылдарында майданды азық-түлікпен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды.

Н.Скворцов пен Н.Оңдасынов 1940 жылғы 27 қаңтарда БК (б) П Орталық Комитетінің бас хатшысы И.Сталин мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.Молотовтың атына жолдаған хатта Ембі мұнай кен орнын одан әрі дамыту туралы мәселе көтерген. Сол құжатта көрсетілгендей, кен орнында жұмыс істеп жатқан треске 1940 жылға белгіленген мұнай өндірісінің көлемі 1100 тоннаны құрап, 1939 жылмен салыс­тырғанда 143 пайызға асып түскен. Бұған қоса, Құлсары мен Сағыз жаңа кен орындарында мұнай өндіруді 33 пайызға артық орындау белгіленген. Осындай ауқымды жоспардың орындалуын тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін бөлінетін қаражат көлемін кем дегенде екі есеге арттыру қажет екені көрсетілген. Осы айтылғанды ескере отырып, Ембі кен орнын жедел дамыту жөнінде шұғыл шаралар қолданып, осы өңірде өндірілетін мұнайдың көлемін 1940 жылы 1100 тоннаға жеткізіп, келесі жылдары мұнда әлдеқайда көп өнім алуға болатынын дәлелдеп көрсеткен.

Н.Скворцов пен Н.Оңдасынов 1940 жылғы 28 тамызда И.Сталин мен В.Молотовқа жолдаған келесі хатта Атасу мен Қарсақбай кен орындарына өндірістік барлау жүргізу және Қазақ металлургия комбинатын салу туралы ұсыныс жасайды. БК (б) П XVIII съезінің материалдарында үшінші бесжылдықта Атасу мен Қарсақбай кен орындарына өндірістік барлау жүргізуді аяқтап, Қарсақбай-Қарағанды металлургия комбинатын салу көзделген болатын. Енді бұл шешімнің орындалуын КСРО қара металлургия халық комиссариатының қамтамасыз етуі қажет деп жазылған бұл хатта. Қазақстанда металлургия комбинатының салынуы ел экономикасы үшін өте маңыз­ды екенін ескере отырып, жоғарыда аталған комиссариатты осы кәсіпорынды іске қосу жөніндегі жұмыстарды қарқынды жүргізіп, 1942 жылдан кешіктірмей аяқтауға міндеттеген дұрыс болар еді деп айтылған.

Н.Оңдасыновтың іскерлігі мен жоғары жауапкершілігі, сабырлығы мен байсалдығы әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында байқалды. Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан елдегі төтенше жағдайға байланысты істі жедел ұйым­дастыру бюросы құрылды. Бюро жұмысын Н.Оңдасыновтың өзі қадағалап, оған басшылық жасады. Республикадан атқыштар және атты әскер бригадалары жасақталды. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қырғызстаннан шақырылған азаматтардан 316-атқыштар дивизиясы жасақталды. Бұған қоса, алғашқы үш ай ішінде 238, 310, 314, 357 және 391-атқыштар дивизиясы құрылып, Нұртас Оңдасынов олардың алдында сөз сөйлеп, майданға шығарып салды.

Қырғын соғыстың жан қайыстырар қиындықтарына қарамастан, Қазақстанда сол жылдары көптеген өнеркәсіптік және мәдени объектілер салынғаны, жоғары оқу орындары ашылғаны белгілі. Солардың іске қосылуына Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновтың барынша бастамашылық еткенін ешкім теріске шығарған емес. Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан ең қиын кезеңнің өзінде республикада ауыр өнеркәсіптің негізі қаланды. Бұл жөнінде Нұртас Оңдасынов өзінің естелігінде былай деп жазады: «Соғысқа дейін Қазақстанда қара металлургия өнеркәсібі жоқтың қасы болды. Ал республиканың халық шаруашылығына қажетті металды алыстан тасымалдап, қамтамасыз ету қиынға түсті. Сондықтан рес­публика Үкіметі Қарағанды темір сынықтарын қайта қорытып, болат шығаратын зауыт салу жөнінде БК (б) П Орталық Комитетінің алдына арнайы мәселе қойды. Одан қолдау табылды… Зауыттың салынуы соғыстың қиын уақытына тура келді. Осындай жағдайда Мәскеуден, Мемлекеттік қорғаныс комитетінен көмек сұрадық. Көмектің мәнісі әскер қатарына шақырылуға тиісті екі мың жігітті зауытқа арнап қалдыру еді. Бұл – өте қиын шаруа. Бірақ басқадай амал жоқ. Орталық Комитет қазақстандықтардың тілегін қабыл алып, рұқсат етті. Сөйтіп, екі мың жігітті Магнитогорск пен Новокузнецкінің металлургия зауыттарына оқуға жібердік… Теміртауды дамыту жөнінде министр ­И.Тевосянға бірнеше рет баруға тура келді. Ол Теміртаудың дамуына көп көмектесті… Министрге келесі бір барғанымда Самарқан поселкесінің ұлғайғанын және оны қала дәрежесіне көшіретінімізді айттым. Әңгіме үстінде И.Тевосян менен: «Сол қалаларыңның аты қалай болды? Самарқан деген қала Өзбекстанда да бар емес пе?» деп сұрап қалғаны… Мына құжаттарға шартты түрде болса да қаланың атын жазу керек деді. Сөйтті де «металл» деген сөздің қазақшасын сұрады. Мен: «темір» деп жауап бердім. Тевосян «темір» деген сөзді бір-екі рет қайталап алды да, міне, жаңа қаланың атын осылайша атауымыз керек деп өзі қуанып кетті. Ал менің ойыма ол темір болғанда жай темір емес, бүкіл қазақ игілігіне айналғалы отырған тау-тау темірлер ғой деген пікір келіп қалды. Сөйттім де «Теміртау» деп атасақ қалай болады дедім және ол сөздің мағынасын түсіндірдім. Тевосян одан сайын қуана құптады. «Сөйтіп, Теміртаудың «темірі» Тевосяндікі, «тауы» менікі болып, жаңа қаланың аты қойылды» деп жазады Нұрекең өз естелігінде.

Нұртас Оңдасынов Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі ретінде ең алдымен мәде­ниет мәселелеріне жауап беретін. Осыған орай, Н.Оңдасынов­тың қолдауымен, дәл сол соғыс жылдарында Қазақ мемлекеттік консерваториясы, Қазақ мемлекеттік педагогикалық қыздар институты ашылады, Қазақ опера және балет ­театрының құрылысы аяқталады, Ғылым академиясы ғимаратының іргетасы қаланады. Ол театр, кино өнеріне, баспасөзге күнделікті көңіл бөледі. Мәселен, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1941 жылғы 12 қыркүйектегі қаулысы негізінде Алматы көркем фильмдер киностудия­сы құрылды. 1944 жылғы 25 қаңтарда оның атауы Алматы көркем және хроникалық-деректі фильмдер киностудиясы болып өзгерді. Үкімет төрағасы соғыс жылдарында Алматыға эвакуациямен көшіп келген «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудияларын жаңа орынға орналастырып, оларға мемлекеттік тапсырыс бойынша он шақты көркем және деректі фильмдер түсіруге қажетті жағдай жасауды ұйымдастырады. Бұған қоса, майдан шебіне қазақ өнерпаздарынан құрылған концерттік бригадалар жіберуге тапсырма береді. Соғыстың бар ­ауыртпалығын көтерген халыққа серпіліс беру мақсатында 1943 жылдың 11 желтоқсанында Алматыда халық ақындарының айтысын өткізуді қолдап, онда озып шыққан ақындарға жүлде ретінде тиісті сыйлықтар тағайындау­ды бұйырған. Н.Оңдасынов соғыс кезінде қазақ тілінде шыққан М.Әуезовтің «Абай» романының бірінші томын Сталиндік сыйлыққа ұсынған.

Н.Оңдасынов Үкімет басшысы қызметінде болған кезінде әртүрлі салаға білікті мамандар тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Мемлекеттік басқару жүйесіне қатыс­ты бір ғана мысал. Ол 1942 жылы іссапарларының бірінде Лениногорск түсті металдар комбинатының директоры Дінмұхамед Қонаевпен кездесіп, оны өзіне орынбасарлыққа шақырып, тоғыз жыл бойы тізе қосып нәтижелі жұмыс істейді. Екінші – ғылым саласына қатысты. Нұрекең Қазақ Ғылым академиясын құруға бастама жасап, оған президенттікке Қаныш Сәтбаевты сайлауды ұсынады. Сонымен бірге ол Қ.Сәтбаевты 1943 жылы КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, кейін толық мүшесі болып сайлануына да белсене атсалысады. Үшінші мысал – қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевқа байланысты. Н.Оңдасынов 1943 жылы Қостанай облысына іссапарға барған кезінде ауаткомның атбағары болып жүрген, саздан әртүрлі жа­нуардың мүсінін жасай алатын бозбаланы көріп, оны оқуға шақырады. Бір жылдан кейін Хакімжанды Алматыға алдыр­тып, оның тиісті білім алып, білікті маман болып шығуына мүмкіндік жасайды.

Зерттеушілердің пікірінше, Н.Оңдасынов – Ұлы Отан соғысы жылдарында да, соғыстан кейінгі кезеңдерде де ерекше іскерлік, ұйымдастырушылық қабілет көрсеткен басшы. Бұл Қазақстанда басталған Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан, Мырзашөл каналдары, Атырау, Теміртау, Жезқазған, Балқаш алып зауыттары, ­Мо­йынты-Шу темір жолы және ­т. б. ұлы құрылыстардың бастау алған жауапты кезеңдер еді.

Н.Оңдасынов 1954 жылғы наурыз айында Мәскеудегі Жоғары партия мектебін тәмамдаған соң, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының (төралқасының) төрағасы болып сайланады. Өкінішке қарай, Нұртас Дәндібайұлы сол қызметте бар болғаны бір-ақ жыл істеп, өз өтініші бо­йынша 1955 жылғы мамырда ­Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағалық қызметіне баруға мәжбүр болады. Алайда республика Үкіметін 13 жыл басқарған тәжірибелі басшы қызметтен төмендетілдім деп мұңайған жоқ. Ол әрқашан халықтың арасында болып, қарапайым жұртшылықтың мұң-мұқтажын көріп, күрделі мәселелерді шеше білді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашұлының жазуынша, ол облыс экономикасын жан-жақты өркендетіп қана қоймай, облыстық партия комитетінің жұмысына жергілікті кадрларды тарту мәселесіне көп көңіл бөлді. Бұрын тіпті облыс түгіл, аудандарға басшы кадрларды сырттан әкелетін. Нұрекең келісімен бәрін өзгертті. Жергілікті кадрлар тұрақтанып, жаппай өсті. Сонымен бірге Н.Оңдасынов өлкенің мұнайшыларына да қамқоршы бола білді, олардың пікіріне мән беріп, үнемі қолдап отыр­ды. Нұрекеңнің тәрбиесінен өткен адамдардың біразы Қазақстанның басқару органдарында ­тиянақты қызмет атқарып, өз ісін көрсете білді. Солардың қатарында М.Есенов, З.Қамалиденов, С.Өтебаев, ­Ж.Досмұхамбетов, О.Көшеков, Ғ.Сағымбаев, Ж.Таңқы­баев және т. б. – республикаға еңбегі сіңген, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері.

Нұртас Оңдасынов 58 жас­қа жетпей зейнетке шықты. Оның қызметтен шеттетілуі Гурьев (Атырау) облысының партия-кеңес активіне де, өзіне де үлкен соққы болды. Атырау халқы қимас сезіммен Нұрекеңмен қоштасты.

Нұртас Дәндібайұлы 1962 жылы зейнетке шыққан соң Мәскеу қаласына көшіп барып, онда 1989 жылға де­йін ғылыми-шығармашылық қыз­метпен айналысады. 1989 жылы қайтыс болғаннан ­ке­йін ол туған жері Түркістанға жерленеді.

Талғатбек АМИНОВ,

тарих ғылымдарының кандидаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button