Мәдениет

Татами шеберлері тамсандырды

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында өткен Азия чемпионаты мәресіне жетті.

[smartslider3 slider=3682]

Сары құрлықтың 19 елінен 200 дзюдошы бақ сынаған байрақты бәсекеде Жапония құрамасы жалпы командалық есепте үздік шықты. Жапон қыздары мен жігіттері 9 алтын, 3 күміс медаль иеленіп, нағыз татами шеберлері екенін көрсетті. Екі алтын мен 5 қола жүлдеге қол созған Моңғолия балуандары екінші орынға табан тіресе, 1 алтын, 2 күміс және 6 қола медаль алған Өзбекстан құрамасы үздік үштікті түйіндеді. Ал 1 алтын, екі күміс және 5 қола медаль еншілеген Қазақстан дзюдошылары  төртінші орыннан көрінді.

Бұл байрақты жарыста еліміздің намысын 18 балуан қорғаған еді. Соның сегізі жүлдеге ілікті. Бір қарағанда жаман көрсеткіш емес сияқты. Дегенмен, жалғыз алтын медаль немесе бір қоланың жетпегені командалық есепте жүлдегерлер қатарынан көрінуімізге аздық етті.

Ал, енді Азия чемпионатында жүлдегерлер қатарынан көрінген дзюдошыларымызды атап өтсек, 73 келі салмақта сынға түскен Данияр Шамшаев төрт белдесуінде де қарсыластарын уақытынан бұрын жеңіп, Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Құрамадағы ең тәжірибелі балуанымыз Ислам Бозбаев 100 келіге дейінгі салмақта финалға дейін жақсы жетіп еді, алайда шешуші белдесуінде жолы болмады. Ол Біріккен Араб Әмірліктері елінің намысын қорғаған ингушетиялық Джафар Костоевтан айласын асыра алмай, күміс жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ, қыздар арасындағы 48 келі салмақта бәсекеге түскен Әбиба Абужақынова финалда сүрініп, екінші рет қатарынан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Қола жүлдеге қол жеткізген балуандарымыз: Мағжан Шамшадин (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Дидар Хамза (90 келі), Нұрлыхан Шархан (100 келі) және Аруна Жангелдина (78 келі).

Чемпионаттың соңғы күні өткен командалық жарыста Жапония құрамасы топ жарды. Екінші орынға Моңғолия балуандары еншілесе, ал үшінші орын үшін болған шешуші бәсекеде Қазақстан командасы Өзбекстан құрамасынан басым түсті.

Жарыстың қорытындысында Азия дзюдо одағының президенті Обайд Әль Анзи құрлық біріншілігін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан дзюдо федерациясына және  Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне ризашылығын білдірді.

Сонымен төрт күн бойы Азиядағы ең үздік татами шеберлерінің керемет күресін тікелей көрген жанкүйерлер де, теледидардан тамашалаған көрермен де  риза болғаны сөзсіз.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button